Оқиға • 18 Қараша, 2020

Қайдаровқа құрмет

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда әділет саласының айбынды өкілі, генерал-майор Рүстем Қайдаров тұрған үйдің қабырғасына мемориалды ескерткіш тақта орнатылды. Егемен еліміздің тарихында есімі алтын әріппен әдіптелетін ерен тұлға арамызда болса биыл сексен жасқа толар еді.

Қайдаровқа құрмет

Мемориалдың ашылу сал­та­натына құқық қорғау сала­сының ардагерлері мен мар­құмның туыстары қатыс­ты. Қа­зақстан полициясының қа­лыптасуы мен дамуына, қыл­мыспен күреске және қо­ғамдық тәртіпті сақтауға қо­мақты үлес қосқан Рүстем Есім­ханұлы еліміздің әр түк­пірінде лауазымды қызмет ат­қарып жүрген құқық қорғау жүйесінің қаншама буынын тәрбиелеп шығарды. Құрметті еңбек демалысында жүрсе де қоғамдық өмірге белсене араласып, тәртіп сақшыларының жаңа буынын патриоттық рух­та тәрбиелеу, ұрпақтар са­бақтастығын жалғау ісіне қажыр-қайратын арнады. Бұл тақтайша тағылымды тұлғаның қайраткерлік жолын жас ұр­паққа үлгі ету мақсатында орнатылды, дейді жиылғандар.

 – Еңбек жолын қарапайым тергеушіден бастаған әділет ге­нерал-майоры Ішкі істер ми­нистрінің бірінші орынба­сарына дейінгі лауазымды қызметтерді саты-сатысымен ал­ғаусыз атқарды. Генерал бо­лу әр солдаттың арманы бол­ғанымен, мыңның бірінің ғана маңдайына бұйыратын бақ. Рүстем Қайдаров негізін қалап, он тоғыз жыл бойы бас­қарған «Генералдар кеңесі» қауіпсіздік саласындағы бар­лық құрылымдарға бағыт сіл­тейтін, ақыл-кеңесін беретін жолбасшы ұжым болды десек қателеспейміз. Аталған қо­ғамдық бірлестік ТМД ел­дері бойынша тұңғыш рет біз­дің елімізде құрылып, тату­лық тамырының тереңге тамыр жаюына сеп болды. Түбі бір бауыр­лас халықтарды да ынтымақ пен бірлікке ұйыс­тырды. Елім деп өткен ер­дің есі­­мін тәлімді ұрпақ мәң­гі әл­ди­леп өтуге тиіс, – дей­ді Ал­ма­ты қаласы әкімі аппара­ты­­ның бас­шысы Талғат Сәрсенбаев.

 2019 жылдың аяқталуына санаулы күндер қалғанда Алматыдан жеткен ауыр хабар күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырып кеткен еді. Алатаудан арқа төсіне бет алған алып ұшақ әуеге көтеріле бере тосын апатқа ұшырап, он екі отандасымыз опат болды. Тұтас елдің көңіліне тұман орнатып, ұлттық аза тұту күнін туындатқан қай­ғылы жағдайдан Қазақстан «Генералдар-кеңесінің» төр­ағасы Рүстем Қайдаров көз жұмған болатын.

 

АЛМАТЫ