Саясат • 18 Қараша, 2020

Халықаралық ахуал туралы пікір алысты

126 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев бейнеконференция форматында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысына қатысты.

Халықаралық ахуал туралы пікір алысты

Іс-шараға Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н.Патрушев, Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы А.Григорян, Қырғыз­стан Қауіпсіздік кеңесінің хатшы­сы Р.Мусаев, Тәжікстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н.Махмудзода, Белоруссияның Қауіпс­іздік кеңесі Мемлекеттік хат­шысының орынбасары М.Пу­зиков және ҰҚШҰ Бас хатшысы С.Зась қатысты (2020 жылы ҰҚШҰ-ға Ресей Федерациясы төр­ағалық еткенін ескере отырып, отырысты Мәскеу қаласында өткізу жоспарланған болатын).

Тараптар жиын барысында халықаралық және өңірлік ахуалдың негізгі аспектілері туралы пікір алысты. Өзекті сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы іс-қимылдардың, террористік әре­кеттердің, есірткінің заңсыз айна­лымымен күрес жүргізудің практикалық шараларына, кибер-
қауіпсіздік саласындағы бірлескен шараларға басты назар аударылды.

Әсет Исекешев ҰҚШҰ-ның маңызды бағыттары бойынша Қазақстанның атқарып жатқан жұмысы жайында әріптестерін хабардар етіп, халықаралық терроризммен және экстремизммен күресте кешенді әрі жүйелі тәсіл қажет екенін атап өтті.

Жиында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары ха­лық­аралық терроризммен, терро­ризмнің және онымен  байланысты экстремистік идео­ло­гиялардың тарауына қарсы күрес жүргізу мақсатында Ынты­мақ­тастық пен үйлестіру күштерін нығайту туралы мәлімдеме қа­был­­дады.

Сондай-ақ Ұйым аясында өзара іс-қимылды жетілдіруге ба­ғыт­талған бірқатар құжатқа қол қойылды.

Кездесу қорытындысы бо­йынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен биылғы жылдың 2 желтоқсан күніне жоспарланған  Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының күн тәртібінің жобасы келісілді.

ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің кезекті отырысы 2021 жылы Тәжікстан Республикасында өтеді, деп хабарлады Ақорда сайты.