Әлем • 18 Қараша, 2020

Қыздар неге мектепке бармайды?

283 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.

Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына жаһандық мәселеге қатысты екі мақала ұсынып отырмыз. Еуропалық климат қорының төрағасы Лоуренс Тубиана климат өзгерісіне қатысты
пайымымен бөліседі. Автордың айтуынша, Қытай пен Еуропалық одақ жаһандық жылынудың алдын алуға қатысты нақты мәлімдеме жасады.

Берілген уәде қаншалықты орындалмақ? Бұл тұрғыда Лоуренс Тубиана Қытай билігі де, Еуропалық одақ шенеуніктері де нақты жоспар ұсынуы қажет деп есептейді. Өйткені көміртегі газын шығару мөлшерін азайтуға міндеттеме алған мемлекеттердің ұзақ мерзімді жоспарына қазіргі саяси шешімдер кері әсерін тигізбеуі тиіс. Автордың бұлай ой толғауына кейінгі жылдары бірқатар мемлекеттің Париж келісімінен шығуы себеп болып отыр. Лоуренс Тубиананың пікірінше, АҚШ халықаралық келісімдерден шыққанына қарамастан, жаһандық бағыт айқын. «Нөлдік» мөлшер – басты мақсат.

Автордың  мақаласы БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен үндес шығып отырғанын айта кеткен жөн.

«Климаттың өзгеруі – біздің өркениетімізге қатер төндіріп отырған тағы бір экзистенциалды дағдарыс. Бұл мәселе қауіп төндіріп қана қоймайды, сонымен қатар басқа қатерлер үшін «қозғаушы күш» қызметін де атқарады. Адамзат баласы бұл жаһандық сын-қатерге төтеп беруге әлі де қауқарсыз. Дегенмен, коронавирус індетінен кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде қоршаған ортаны қорғау тақырыбын халықаралық күн тәртібінің басты мәселесі ретінде көтеру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Біз БҰҰ-ның климатты жақсартудың алты оң қадамы атты жоспары аясында күш біріктіруге міндеттіміз», деген еді Мемлекет басшысы.

Жаһандық тағы бір мәселе – қыздардың білім алуы ЮНЕСКО Жаһандық білім алуды бақылау орталығының директоры Манос Антонинистің мақаласында талқыланады. Автор қазіргі таңда қыздардың білім алуы жеңілдегенімен әлі де түйткілдер жетерлік екеніне тоқталады. Әсіресе өмір сүру деңгейі төмен мемлекеттерде білім саласындағы гендерлік теңсіздік өршіп тұр. Оған қоса, кедей елдерде ерте жүктілік те азаяр емес. Автордың айтуынша, білім саласындағы гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әлі де атқарылатын жұмыс көп.

 

Қыздар неге мектепке бармайды?

ПАРИЖ – 1995 жылы Бейжіңде өткен Әйелдер жөніндегі төртінші әлемдік конференцияға қатысушылар әлемнің түкпір-түкпіріндегі әйелдер мен қыздардың құқығын қорғауға уәде берген болатын. Сол уәденің негізінде қол қойылған тарихи құжат – Бейжің декларациясы мен Әрекет алаңының бір бөлігі шартараптағы бүкіл қызға білім беру еді. Таяуда ЮНЕСКО-ның Жаһандық білім алуды бақылау-зерттеуі осы уәде қаншалықты орындалғанын анықтады.

Ширек ғасыр өткеннен кейін, 11 қазандағы Халықаралық қыздар күнінен кейін зерттеудің нәтижесі жарияланды. Соған сәйкес, 1995 жылға қарағанда бастауыш және орта мектепте оқып жатқан қыз балалардың саны 180 миллионға көп. Сондай-ақ мектепте оқып, аяқтап жатқандары да көбейген. Жоғары білім саласында да жақсы жаңалық бар. Бұрынғы буынға қарағанда университеттерде тәлім алып жүрген қазіргі буын қыздары 3 есеге көп. Мәселен, Мароккода 90-жылдары университетте оқып жатқан 100 жігітке шаққанда 30 қыздан келсе, қазір екеуі тең.

Білімнің қолжетімділігімен бірге нәтиже де маңызды. Мұнда да айтарлықтай ілгерілеу бар. Орта және жоғары табысы бар елдердің 50 пайызында қыздар мен ұлдар математикадан бірдей көрсеткішке қол жеткізсе, 25 па­йызында қыздардың нәтижесі асып түскен.

Алайда кедей елдердегі қыз­дардың жағдайы әлі де мәз емес. 2018 жылы әлемдегі мектеп жа­сын­дағы, бірақ оқуға мүм­кін­дігі жоқ 59 миллион баланың 12 миллионы мүлдем сынып табал­дырығын аттамаған. Оқуға баруы да екіталай. Осы 12 мил­лионның 75 пайызы қыз бала. Жиырмадан аса елде (оның көп­шілігі Сахара маңы мем­лекеттері) кедей отбасынан шыққан қыз­дардың орта мектепті аяқтауы өте қиын.

Мұның басты себептерінің бірі, ондағы мектептер әлі күнге дейін жыныстық қысым жасала­тын, зорлық-зом­былық көрсе­тілетін қауіпті жер болып отыр. Көптеген елде ерте жүктілік салдарынан қыздар мектепке бара алмайды, нәтижесінде кедейшілік циклі қайталанады. 1995 жылға қарағанда 2020 жылы 15-19 жас аралығындағы қыздардың ер­те жүктілік деңгейі үш есеге азай­ғанымен, әлі күнге жоғары дең­гейде тұр. Әсіресе, Сахара маңы мемлекеттерінде 18 жасқа толған қыздардың ширегі ана атанып үлгерген.

Сондай-ақ мектептерде жы­ныс­тық сауат жөнінде түсіндіру де өте маңызды. Консуль­та­ция­­ның бұл түрі студент­терге қатарластарының жас­а­ған зор­лық-зомбылығы мен қы­сымына қарсы тұруға көмектесіп қана қоймай, ерте жүктілікті тө­мен­детеді. Кейінгі бірнеше жылда жақсы нәтиже көріп отырмыз. Мы­салы, Сьерра-Леоне билігі жүкті қыздардың мектепке баруы­на салынған тыйымды жойды. Бірақ Экваторлық Гвинея және Танзанияда жүкті қыздар мен жас аналардың білім алуына тыйым салынған.

Аса маңызды болмағанымен басқа кедергілер де қыздардың мек­тепке баруына мүмкіндік бер­мейді. Мәселен, пәкістандық Ра­биа Нусрат бала кезден инженерлік оқуды армандаған. Ата-анасының ұлдар аз баратын пәнді таңдауға шақырғанына қарамастан, ол отбасында да, Пәкістанда да инженер мамандығы бойынша диплом алған алғашқы қыз атанды. Бірақ қыздардың бәрі бірдей алған бетінен қайтпайтын табанды емес. Оған қоса, ғылым, технология, инженерлік және математикада гендерлік теңдікті ұстануға кө­мек­тесетіндей мұғалімдер мен ұс­таздар жетіспейді. ЕҚЫҰ елдерін­де ғылым мен математикада жо­ғары нәтиже көрсеткен қыздар­дың 14 пайызы ғана ғылым мен ин­же­нерлік салада жұмыс істесе, ұл­дардың үлесі 26 пайызды құрайды.

Мектеп оқулықтарында да қыздарды білімнен шектейтін гендерлік нормалар бар. Әдетте мәтіндер мен суреттерде әйелдер дәстүрлі үйдегі қызметі мен бе­делді емес кәсіптерде бейнеленсе, ер адамдар күшті көшбасшы ретін­де көрсетілген. Мұндай архаи­ка­лық стереотиптерге заманауи оқу материалдарында орын жоқ, оларды алып тастау керек.

ЮНЕСКО-ның зерттеуі білім беру саласындағы басшылық орындарда әйелдерді көбейтудің маңызын көрсетеді. Білім беру – әйелдерге арналған кәсіп. Онда еңбек нарығындағы мүмкіндікке қарамастан, гендерлік теңсіздік бар. Алайда мәселе мұнымен біт­пейді. Орта және жоғары табы­сы бар 48 елде орта мек­теп­те­гі мұғалімдер мен басшылық ара­сындағы гендерлік айыр­ма­шы­лық 20 пайызды құрайды. Әйел­дерге басшылық беру қыз­дар­дың құқығын автоматты түрде өсір­мейді. Бірақ олар заңнама, сая­­сат арқылы, қыздарға үлгі көр­се­ту жолымен әлеуметтік және ген­­дерлік нормаларды өзгерте алады.

Келер жылы әлем елдері Ұрпақ теңдігі форумында әйел­дердің жаңа буынының құқығы туралы декларацияға қол қоймақ. Бұл жаңа декларацияда негізгі білім саласына басымдық беріледі. Себебі қыздар оқшауланудың зия­нын басқаларға қарағанда көп тартып отыр. Әсіресе, коронавирус пандемиясы оны өршітіп жіберді.

Бүгінге дейін қол жеткізген нәтижеге қуанған дұрыс. Әйтсе де, білім саласындағы гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әлі де атқарылатын жұмыстың көп екенін естен шығармаған абзал.

 

Манос АНТОНИНИС,

ЮНЕСКО Жаһандық білім алуды бақылау орталығының директоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org