Руханият • 18 Қараша, 2020

Жыршылық дәстүрді дәріптеген жөн

513 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адам адамға сөз айту арқылы қоғамдық пікір қалыптасады. Сөз көркемделе келіп өлең болып өріледі. Өлеңнің өресі кеңіп, өзекті мәселені қозғауы «жырға» айналады. «Оның несін жыр қылып отырсың?» деген сөз сайып келгенде – «оның несін өзекті мәселе (проблема) қылып отырсың?» – дегенге саяды. Яғни әдебиетші, ғалым Қ.Сыдиықұлының сөзімен айтқанда «...жан сезімін жырмен ағытқан, тебіренсе телегей теңіздей бұрқап, ақ жаңбырдай ақтарылған ақын-жыраулар елін елдікке, ерлікке үндеген. Қайғысына қабырғасы қайысса, қуанышына жүрекжарды жыр төккен. Шын мәніндегі бұқара жыршылары халықтың асыл арманы мен терең ойын бейнелеп, адамгершілікті ту еткен!..».

Жыршылық дәстүрді дәріптеген жөн

Ендеше, адам адамгершілік үшін оқып, еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, өмірдің өзекті мәселесін шешуге талпынбай ма? Сол үшін де сан салалы мамандар даярлайтын дағарадай оқу орындары гуманитарлық жүйені қоса жүргізіп, университет (әмбебап жоғары оқу орны) атанады. Сондықтан тәлім мен тәрбиеге толы, ұлттық педагогика мен идеологияның қайнар көзі, филология мен философиядан тұратын, та­рихты танып, табиғатты аялауға не­гіз­­делген «жыр» мамандығына мән беру – ұлтын ұлықтап, ұрпаққа ұлағат бер­гісі келетін әрбір азаматтың мін­деті. Өйткені кез келген сала мық­­тыларының қарапайым ақын-жыраулар сияқты сөз зергерлеріндей атағы Алашқа тарап, аты ұрпақ жадында мәңгілік сақталып жатқан жоқ. Сол сөз зергерлерінің атын өшіріп, санадан сылып тастау бағы­тында қаншама қитұрқы айла-шар­ғы жасалғанымен «айырған алтын іспеттес тот баспайды», қайралған қан­жар іспеттес «қап түбінде жатпайды».

Адамды адамгершілігінен айырып робот ретінде ғана көргісі келетін сая­саттың ең елеусізі «жыршы» деген сөзді жойып, «термеші» деген тер­мин­ді қалдыруы.

«...Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деген сыңайда – елдік, ерлік, ынтымақ, бірлік, ізет-құрмет, қадір, қасиет т.с.с. адамгершілік асыл іс-әре­­кеттерді, жалпы өмір талабын өлеңмен айтқан ақын-жыраулар мен аһун-оқымыстылар елін тастап еңі­реп, қара басы қаңғып кетті. Оған дәлел Қалнияз, Қайып, Қарасай, Қой­бас, Зәкәрия, Оразмағамбет, Ыбы­райым аһун, Сүгір, Ұзақбай, Мұрат, Бүр­­кітбай, Ақсұлтан т.с.с. Маң­ғыс­­­тау аймағында ақын түгіл, адам қал­­дыр­мау мақсатындағы саясат сал­қы­нын тигізбей қалмады.

«...Белгісі еңбекшінің қолда азбары, салынды сондықтанда орақ, бал­ға...» – деп жырлаған Елбай, 31 жасында отарлаушылықтың оғынан опат болса, «...Жамбыл мен жамыра­сып жаз өмірде қырандай болат топшы самғап өткен...» Сәттіғұл да «Біс­сіміллә» деп бастап елінің ерлігін жыр­лайтын бо­лғандықтан астанаға (орталыққа) жиі шақыртыла берген жоқ. Дәл осы тұр­ғыда Мұрын жырау­ды 1941 жылы Алматыға шақырып, «Қырымның қырық батырын» жазып алғаннан басқа, бірде-бір Маңғыстау ақын-жыраулары Республикалық әлде Бүкілодақтық байқау-шараларға, 1975-1980-жылдарға дейін (40 жыл) қаты­сып көрген жоқ. Ұзақ­бай, Сүгір, Бүркітбай, Ақсұлтан, Әл­қуат, Жан­­жігіттер сол кездерде бар еді ғой.

Бұл саясаттың салқыны санасы­на сіңіп, содан мінезге айналған әдет. Қысқаша айтқанда, өлкелік өне­ріміз­дің өгейлік көріп, өңменінен ите­ріліп, өзекке тебілуін тоқтатып, өресін өрге жүз­діріп, өзінің лайықты орнын алуы үшін мен астанада, интернат жатақ­ха­насында жатқаныма 6 жылға аяқ басты...

Біздің аймақтың ақын-жыраулары өте білімді болған. Абыл әліппенің әр әрібін өлеңге айналдырса, Қашаған:

«...Мен – мұхит жатқан тереңмін,

Шамшырақ жанған түбінде.

Асылық болар Ізбасжан

Таласқан бізбен білімге...» дейді.

Нұрым мен Қашағанның, Сәттіғұл мен Сүгірдің т.б. хат арқылы астарлы (жұмбақ) айтыстары сауатсыз адамдардың сөзі емес. Бұлардан кейінгі жыршы атанып жүргендер табиғи талант иелері. Өйткені медресе оқуы жойылды, КСРО оқуы еуропалықтан басқа ешбір ұлтта мәдениет жоқ деп есептеп, дәстүрлі өнерді дәріптеуге тыйым салды. Сондықтан әншілік, жыр­шылыққа бейімі бар өнерпаздар бұл тұр­ғыда ешқандай білім ала алмады. Кейбірі намыс үшін емес, табыс үшін, салдыр-салақтау болса да жыр­шы атанды. Арасында аталар сө­зін өрескел бұрмалап, өз сөзімен өң­деп, шындыққа жанаспайтын қиянат жаса­ғандар да бар. Аймақтың абыройын арттыру мақсатында ақын-жы­рау­ларымызды ардақтап, дәстүрлі өне­рімізді дәріптеу – ата-салтын арымен қор­ғайтын азаматтардың міндеті деп сенетін болсақ – оқусыз ғылым тұл, бі­лім­сіз өнер тұл. Кез келген талапкердің алыс­қа барып білім алуға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан Ақтау қала­сындағы Ш.Есенов атындағы мем­лекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде оқып, жергілікті жерде білім алғанға не жетсін?!

Жалпы, дәстүрлі өнерді дәріптеуші жастардың жоғары білім алғаннан кейін бәрі бірдей сахнада сарнап отыруы міндет емес. Магистратураны бітіріп, докторантурада оқып, бабадан қалған бағалы дүниелерге иелік етсе. Біздің ақын-жырауларымыздың бір шығармасы – бірнеше докторлық дис­сертацияға жүк болады. Қазақ ұлт­тық өнер университетін «жыр» ма­мандығы бойынша төрт бала бітірді. Магис­тратураға талпынып жүрген талаптары да бар.

Әзірге Ш.Есенов атындағы мемле­кеттік технологиялар және инжиниринг университетінен тек жырға бола арнайы факультет ашпай-ақ, филология факультеті жанынан «дәстүрлі өнер кафедрасы» деп ашылса жөн болар еді. Ол жыр, айтыс, ән, күй бөлімдерінен тұрады. Өйткені жыршы-көркем орын­даушы, әнші, аспапты шебер мең­герген, ақын, жаткеш, сазгер, психолог, тіпті актер да бола білуі керек. Оған оқытушы мамандар жеткілікті. Рес­публикаға танымал өнер өкілдерін шақырып, шеберлік сыныбын өткізіп тұруға да болады.

 

Амандық КӨМЕКҰЛЫ,

Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі өнер» кафедрасының аға оқытушысы, Мәдениет қайраткері