Абай • 18 Қараша, 2020

Күршімде Абай алаңы ашылды

675 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абайдың 175 жылдығында Күршім көркейе түсті. Шекара шебіндегі ауданда Абай атында алаң ашылып, ақынның тұлға мүсіні орнады.

Күршімде Абай алаңы ашылды

Алаңның қақ ортасына қойылған хакімнің қоладан құйылған ескерткішінің жалпы биіктігі – 6 метр. Күршім ауданының орталығында осыған дейін ұлы Абайдың есімі берілген бірде-бір нысан болмаған екен.

Ақын рухына құрмет ре­тінде аумағы бірнеше гектарды алып жатқан орталық алаңға Абайдың есімі бе­рілді. Ұлы ойшылдың атын­­­дағы саябақ толық абат­­тан­­дырылып, жан-жағы түнгі уақытта самаладай жар­қы­рады.

Жарты әлемді жайлаған індеттің беті қайтып, халық баяғы тіршілігіне оралған соң бұл алаң мерекелік кештер ұйымдастыруға таптырмас орын болмақ. Көрікті орын­ға кәсіпкерлердің көме­гімен ұзындығы 20, ені 10 метрлік су бұрқақ салынды. Жай су бұрқақ емес, әуезді ән шыр­қап, мың бұрала би билейді.

– Аудан орталығының ажа­­ры кіріп, көшелердің жөн­деліп жатқаны қуантады. Жа­ңадан бой көтерген ес­керт­кіштің, ертеңгі өсіп келе жатқан ұрпақ үшін өте ма­ңызды. Кішкентайынан Абайды танып, өлеңдерін, ғиб­ратты сөздерін оқып өссе жаман бол­майды, – дейді аудан тұрғыны Мейрамгүл Қозыбаева.

Сонымен қатар ауданы ор­талығы Күршімде төрт көшенің жолы толық жөн­деліп, абаттандырылды. Бұл жұмыстардың бәрі шека­ралық аудандарды дамыту бағдарламасы бойынша атқа­рылды. Ал аудандағы жал­пы елді мекендердің ин­фра­­құрылымына биыл 5 млрд теңгеге жуық қаржы бө­лінді. Ендеше, алдағы уа­қыт­та Күр­шім өңірінде әлі де ауқым­­ды жұмыстар атқары­лады.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы