Бұған қоса халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары және ұйымға мүше мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастығы саласындағы басым бағыттар айқындалды.
Қызметтің түрлі бағыттары бойынша алдын ала келісілген бірқатар құжатқа, атап айтқанда, бейбіт мақсаттарда атом энергиясын пайдалану, соғыс ардагерлері – жергілікті жанжалдарға қатысушылар мен олардың отбасы мүшелерінің өмір сүру сапасын арттыру саласындағы ынтымақтастық бағдарламаларына, сондай-ақ инновацияларға талқылаусыз қол қойылды.
Сол секілді қоғамның цифрлы даму саласындағы өзара іс-қимылдарын регламенттейтін келісімге қол қойылды. Соған сәйкес мемлекеттердің бюджеттерінен қосымша шығындар тартылмайды. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары шектелмейтіндей, Қазақстан заңнамасына қайшы келмейтін және ратификациялауға жатпайтын тұстары қарастырылған деді жауапты орган өкілдері.
Ынтымақтастық бірнеше бағытты қамтиды. Оның ішінде цифрлы экожүйені және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту бағыты, АКТ дамыту, кадрлық даму және нормативтік-құқықтық реттеу бөлігінде тәжірибе алмасу бойынша жүзеге асырылатын болады.
Келісім күшіне енгеннен кейін құзыретті органдардың тізбесін қалыптастыру, ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібін, осы салада өзара іс-қимылды жүзеге асыру кезінде берілетін ақпараттың сипатын айқындау көзделеді.
ТМД Үкімет басшылары кеңесінің келесі отырысы келесі жылы 28 мамырда Минскіде өтеді.