28 Қараша, 2013

Бүгіннен – болашаққа, кемел келешекке

490 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан», деген еді.

Шынында, өркениет жолына әлемдік дамудың биік белесіне көтерілу үшін білім мен біліктің қашанда орны ерекше екені анық. Осындай игілікті істі жүйелі жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы Арқа төсіндегі Астанадан Назарбаев Университетін ашып, жақсы бастамаға ұйытқы болды. Бұл оқу ордасының басты мақсаты – Қазақ еліндегі білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің дамуына мол мүмкіндік беру, сонымен қатар, Еуразия кеңістігінде зерттеу және оқу ісінің мықты орталығын қалыптастыру болатын. Бұл игілікті іс қазірдің өзінде өз жемісін бере бастады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан», деген еді.

Шынында, өркениет жолына әлемдік дамудың биік белесіне көтерілу үшін білім мен біліктің қашанда орны ерекше екені анық. Осындай игілікті істі жүйелі жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы Арқа төсіндегі Астанадан Назарбаев Университетін ашып, жақсы бастамаға ұйытқы болды. Бұл оқу ордасының басты мақсаты – Қазақ еліндегі білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің дамуына мол мүмкіндік беру, сонымен қатар, Еуразия кеңістігінде зерттеу және оқу ісінің мықты орталығын қалыптастыру болатын. Бұл игілікті іс қазірдің өзінде өз жемісін бере бастады.

Университет арнайы қабылданған білім стандарты бо­йынша жұмыс істеп келеді. Ал оқытушылар құрамына келер болсақ, онда қызмет етіп жатқан азаматтардың қатарында әлемнің әр өңірінен шақырылған белді де беделді профессорлар дәріс беруде.

Студенттердің білім алып, тәрбие үйренуі үшін барлық жағдайлар жасалған. Жайлы жатақхана жиһаздармен жабдықталған. Интернет жүйесі үздіксіз жұмыс істейді. Университеттің басты ерекшелігі – ­мемлекет тарапынан тағайындалған грант иегерлері ғана оқиды. Олар жатын орын, тамақпен тегін қамтамасыз етілген. Университетке қабылдау кезінде жалпы пәндік емтиханнан өту балы 50 пайыздан, ал әрбір пән бойынша 43 пайыздан кем болмауы тиіс.

Дерек пен дәйек

*Назарбаев Университеті ал­ғашқы студенттерін 2010 жылдың 1 қыр­күйе­гінде қабылдады.

*Білім ордасына 2010 жылы Үкімет­тің қаулысымен Мемлекет бас­шысының аты берілді.

*Назарбаев Университетінде қазір 1477 студент оқиды.

*Әр студент – 15 235 теңге, ал үздіктер 17 520 теңге стипендия алады.

*2013-2014 оқу жылында білім ор­дасы алғаш рет магистратура мен докторантураға 126 студент қабылдады.

*Биыл Жоғары мемлекеттік саясат мектебіне 22 адам түссе, Жоғары білім мектебінде 74 магистрант және 12 докторант оқуға мүмкіндік алды.

Әлемдік деңгейдегі оқу үрдісі ұлт руханиятымен ұштастырыла жүргізіледі

1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында Астана туралы: «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға, осында ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тағдырын айқындайтын болады» деген еді. Міне, содан бері 16 жыл өтті. Жаңа ғасырдың да екінші он жылдығы тарих төріне шықты. «Адам айтса нанғысыз, көзбен көріп білмесе» дегендей, Қазақ даласының кіндігі Арқада ғажап қала Астана бой көтерді.

Сол елордадағы өркенді елдердің білім биігімен теңесуге ниет еткен Назарбаев Университеті – елдің нағыз кемеліне келгендігінің айғағы.

Ақыл-ойдың қазынасын жинаған халықтың болашағы жарқын болатыны анық. Назарбаев Университетінің миссиясы да осы мақсатты көздейді. Бүгінгі жаһанданудың қарқыны шабандықты сүймейді, ілесе алмағанды шаңқаптырып кетеді. Сол себептен де табиғатынан талантты, өрелі жастарды уақыт талабына сай оқыту – заман талабы.

Назарбаев Университетінің мақсаты – ғылымды, білім мен ұлттық экономиканы дамытуға жетік, халықаралық қоғамдастықта бәсекеге қабілетті адам капиталын қалыптастыру. Биыл Назарбаев Университетінде 1477 студент білім алуда. Оқытушылар түгел дерлік шетелдік мамандар. Республиканың ең талантты, білімнен үздік, өреден өнегелі жастары барлық пәннен білімді ағылшын тілінде алуда.

Қазақстанның астанасында әлемдік деңгейде оқып, білім алып жатқан жастар – Қазақстанның болашақ көшбасшылары. Дамыған елдің ақыл-ой қазынасын елінің дамуына жұмсайтын ақылды өрен дәл осы Назарбаев Университетінде. Сондықтан да, олар Қазақстанның мемлекеттік тілінде оқиды, сол тілде де ойлай алады. Қазақ тілінде сауатты жазып, шешен сөйлеуге дағдыланады. Егер студент қазақ тілін жетік деңгейде білмесе, университет дипломын ала алмайды.

Қазақ тілі сабағына студенттер туған анасына асыққандай асығып келеді. Себебі, қазақ тіліндегі сабақтар бүгінгі заман талабына сай оқытылады. Студенттер өз ойларын еш қысылмай еркін жеткізуге, үйренген сөздерін өмірлік жағдаяттарға қолданғандарына, өз мамандығына қажетті сөздік қор жинағанына қуанады.

Орыс мектебін бітірген студенттер қазақ тілін деңгейлік тәртіппен (базалық деңгей, жалғастырушы деңгей және жетік деңгей) оқиды. Ал қазақ тілін жетік меңгерген студенттер өздерінің келешек мамандықтарына қажетті «Бизнес қазақ тілі», «Академиялық жазу», «Кәсіби қазақ тілі» курстарында оқиды. Сонымен қатар, жастардың патриоттық рухын, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, қалыптастыру мақсатында драмалық үйірмелер, «Тұлғатану» курс­тары, әдеби-шығармашылық клубтар жұмыс жасайды. Жалпы білім беретін мектепте әдеби шығармаларды оқытпай жаттанды тест жүйесіне көшкендіктен, көп олқылыққа жол беріп жүрміз. Оқушылар пікір таластырып шындыққа көз жеткізудің орнына компьютерден бас алмайды. Осыдан кейін балаларымыз бабаларымыздан мұра болып жеткен шешендік өнер, тауып сөйлеу деген қабілетті жоғалтып алуда. Міне, осының орнын толтыру мақсатында қазақ тілінде өтетін сабақтарда студенттерді шешендікке баулып, ойын жүйелі жеткізуге үйретеміз. Сол себепті біз жастардың бойына елжандылық рух беретін, ізгілікке, адамгершілікке, талғам мен таным өресіне жеткізетін сөз өнерінің классикалық үлгілерін оқытып, даналықтан дән іздетіп, өмірлік қажетіне қор жинатып, бәсекеге қабілеттілік өз ана тіліңді білгенде, өз еліңді адал сүйгенде ғана мүмкін деген ұғым аясында тәрбиелейміз.

Иә, шешен сөйлеу – бізге бабалар қалдырған аманат. Тіпті, біздің дәуірімізге дейінгі VI-VII ғасырларда сақ философы Анақарыстың сөйлеген сөзін тыңдаған Грекия жұрты қайран қалатын болған. Одан бері де от ауыз­ды, орақ тісті бабаларымыз, ел басқарған хандар да, хан мен халық арасындағы дәнекер дана билер, қол бастаған батыр, сөз сөйлегенде жауын жерге иілтіп, тыңдаушысын бордай егілтіп, сүйегінен өткізіп, жетесіне жеткізгендер халқымызда аз болмаған. Біз осы үлгіні студенттерге әр қырынан үйретіп жүрміз. Бұл елді, тілді таныту үшін қажет. Біздің бұл қадамымызға шетелдік оқытушылар қызыға қарап, бізде үйренсек деген ниет танытады.

Ендігі жерде тәуелсіз Қазақ елі­нің күретамыры – қазақ тілінің дәуір­лейтін заманы келе жатыр. Ол жа­йында да Елбасы былай деген болатын: «Болашақта барлық мем­ле­кет­тік жұмыстар, іс жүргізу қазақ тілін­де атқарылатын болады. Біз қазір соған келе жатырмыз. Барлық мем­ле­кеттің өздерінің мемлекеттік тілі бар...».

Елбасының жыл сайынғы дәстүрге айналған дәрісінің де Назарбаев Университетінің шаңырағында өтуі, көзбе-көз жастарға рух-жігер беріп, ертеңгі елдің иесі сендерсіңдер деп сенім артуы – студенттеріміз үшін де, оқытушы-профессорлар үшін қуат көзі екендігін сеніммен айтамын.

1 желтоқсан – Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті күні. Бұл тарихымызға құрмет болатын, болашаққа аманат ететін ұлы мерекенің бірі. Тәуелсіздіктің қадірін түсінген, бағасын білген ел екендігіміздің белгісі. Тарихтың парақтары ертең-ақ он, елу жүз жылдықтарды артқа тастайды. Сонда 1991 жыл, 1 желтоқсан Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті сайланған күн деп ұрпақтарымыз айтып отыратын болады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Сапалы білім мен ғылымсыз Қазақстанның келешегі жоқ! Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуетін оятып, жүзеге асыруға мүмкіндік беретін интеллектуалдық төңкеріс қажет. Ең алдымен, жастардың білімге және парасаттылық көзқарасын өзгертетін уақыт жетті. Бізге ха­лықаралық деңгейде бәсекелесуге қабілетті жан-жақты мамандар керек!» деп еді. Иә, Назарбаев Университеті – еліміздің интеллектуалдық қуатын құраушылардың көшбасшы легін дайындауға бағдарланған жоғары оқу орны. Болашағы анық болса, жол көрсетер ақылгөйі болса жастарымыз адаспайды. Елді сүю, елдің патриоты болу деген сол еліңе адал қызмет ету, білімі мен адамгершілігі таразының басын теңестіретін маман болу. Осы жұмыс білім ордасында өріс алып келеді. Әлемдік деңгейде кадр дайындау жұмысы жүйелі жүруде. Уақыт өте келе Университет өркениетті делінетін мемлекеттердегідей сан салаға білікті маман дайындау ісін жүзеге асырып қана қоймай, бәсекелестіктің бәсіне төтеп берері хақ.

Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ,

Назарбаев Университетінің профессоры, қазақ тілі,

әдебиет және мәдениет кафедрасының меңгерушісі.

«Қаныш атындағы кенішті ашсам деймін...»

Асылжан Дәу­ле­тов­ті табу аса қиындық тудырмады. Оны іздеуіміздің өзіндік мәні бар еді. Өйткені, ол «Болашақ» бағдарламасымен Лондон төріндегі айтулы білім ордасы – Империялық колледжде мұнай геологиясы бойынша білім алған. Қазір шетелдік серіктеспен бірлесе құрылған кәсіпорынның бас геологы лауазымын атқарады. Жұмыс десе жалындап тұрады.

Болашақта қазақ ғылымының бастау бұлағында тұрған ардақты тұлға Қаныш Сәтбаев атындағы кенішті ашсам, дейтін мақсаты бар жалынды жас, «Сатбаев Оперейтинг» ЖШС-нің бас геологы Асылжан Дәулетовпен әңгімеміз төмендегіше өрбіді.

– Асылжан мұнайшылық кә­сіпті игеріпсің, әулетіңде бұрын осы салада еңбек еткен адамдар бар ма еді?

– Шынымды айтсам, біздің әулетте мұнайшы мамандығын меңгерген ешкім болған емес. Әкем Бауыржан мен анам Ғайни бала күнінен адам жанын сан алуан сырқаттан арашалайтын дәрігер болуды армандап, Ақтөбе медицина институтынан жоғары білім алған ғой. Қазір өздері таңдаған кәсіптің жемісін көруде. Ал атам Елемес Абдошев ауыл шаруашылығы саласының жоғары білімді маманы атанған адам. Осы салада ғылыми жұмыстармен айналысып, кандидаттық диссертациясын қорғады. Міне, мен осындай мамандықтың иелері топтасқан зиялылар әулетінде бала күнімнен қазақы тәрбиенің қайнар бұлағымен сусындап өстім. Әрине, бала қиялы әр нәрсені аңсайды. Көңілге жақсы әсер еткен адамдарға ұқсағысы келеді. Менде де сондай әсерлер бол­ғаны рас. Дегенмен, менің мұ­найшы мамандығын таңдауыма екі нәрсе себеп болды-ау деймін. Мұны біріншіден, тұңғиығы та­биғи байлыққа толы мұнайлы өңірде өмірге келуіммен байланыс­тырамын. Екіншіден, бала күні­мізден қажырлы еңбегімен «қара алтынның» селін тасытқан мұнайшылардың еңбегі туралы газеттерден оқыдық, теледидар, радиодан үздіксіз естіп жүрдік. Оның үстіне белгілі мұнайшы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Ж.Досмұхамбетовтің есімі бе­рілген лицейде оқыдым. Бұл мұ­най­шының отандық мұнай-газ өнер­кәсібін өркендетуге сіңірген еңбегі зор. Басқасын айтпағанда, Маңғыстау өңіріндегі бірнеше кен орындарының ашылуына бел­сене атсалысқан. Атырау облы­сын­дағы әлемге әйгілі «Теңіз» кені­шін ашудағы ерен еңбегі үшін Мем­лекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Осының бәрі менің мұнайшы болуы­ма, осы мақсатыма жету үшін жоғары білім алуыма талпындырды.

– Қандай жоғары оқу орнында оқы­дың, еңбек жолыңды қалай бас­тап едің?

– Ж.Досмұхамбетов атындағы лицейді 2001 жылы «Үздік аттестатпен» бітіріп, Атырау мұнай және газ институтына мұнай және газ кен орындарын игеретін тау-кен инженері мамандығына оқуға түстім. Парламент Сенатының алғашқы шақырылымының депутаты болған Төлеуіш Серіковтей білікті ғалым басқарған, отандық мұнайшылар даярлаудағы өзіндік тәжірибесі қалыптасқан жоғары оқу орнының соңғы курсында оқып жүргенде, яғни 2005 жылдан еңбекке араласа бастадым. Осында білім берген ұстаздарымның ақыл-кеңесімен «Шлюмберже» компаниясына жұмысқа алындым. Бұл мұнай-газ өнеркәсібіне сервистік қызмет көрсететін компания ғой. Алғашында осы компанияның ұңғымаларды геофизикалық зерттеу бөлімінде кіші маман ретінде жұмыс жасай жүріп, дипломдық жұмысымды жазып бітірдім. Кейін, аға маман дәрежесіне көтерілдім. Алғашқы еңбек жолым басталған бұл компанияда, соның ішінде, геология саласында бес жыл еңбек етіп, азды-көпті тәжірибе жинағанымды әрдайым еске алып жүремін.

– «Болашақ» бағдарламасы­мен шетелде білім алғанда өз ма­ман­ды­ғыңа байланысты нені үйрендің?

– Иә, тәуелсіз еліміздің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ жастарының шетелдегі үздік білім ордаларында білім алуына қамқорлығы менің замандастарымды ұдайы қанаттандырып келеді. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде де, кейін шетелдік компанияда жұмыс жасап жүргенде де «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алсам деген игі мақсат ойымнан шықпай қойды. Сөйтіп, алдымен өзімнің бағымды сынау үшін Лондон империялық колледжіне оқуға құжат тапсырдым. Сол 2010 жылы NCPOC компаниясына ұңғымалардағы жұмысты аяқтау және қызмет көрсету инженері лауазымына жұмысқа ауысқан едім. Таңдаған мамандығым – мұнай геологиясы. Әрине, шетелдің кез келген оқу орнына түсу оңай емес. Дегенмен, сынақтың бәрін сәтті тапсырып, оқуға қабылдандым. Қуанышымда шек болмады. Бұл – менің өмірімдегі ұмытылмайтын сәттердің бірі.

Империялық кол­леджде «Болашақ» бағ­дар­ламасының арқасында өзім таңдаған кәсіптің қыр-сырына қаныға түстім.

– Империялық колледжде өзің­мен бірге оқыған қыз-жігіт­тер­мен хабарласып тұратын шы­ғарсың?

– Әрине, біз, Қазақстаннан империялық колледжге оқуға түскен төрт-бес қыз-жігіт бір-бірімізбен шынайы дос болып кеттік. Өйткені, біз туған елден, туған жерден жырақта жүргенде өте тату болдық. Бізді елге деген сағыныш достастырды. Әлі күнге бір-бірімізбен жиі хабарласамыз, отбасымызбен араласып тұрамыз. Қазір сол достарымның бәрі де еліміздің ең ірі компанияларына жұмысқа орналасты. Мысалы, Әділбек Кисманов «Қарашығанақта» геолог, Венера Батырхан «PGS Қазақстан» компания­сында геофизик болып жұмыс істеп жүр. Ал Нұрлан Жұмәділов Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің аспирантурасында оқуын жалғастыруда. Нұрлан досым гидрогеолог мамандығын таңдаған, оның болашақта еліміздің мол су көздерін ашатынына толық сенімдімін.

– Елге келгеннен соң жұмысқа шақырушылар көп болды ма?

– Туған елге оралған бетте алдымен, «Н Оперейтинг компани» компаниясы қолқа салды. Осындай бірнеше компаниядан ұсыныс түсті. Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы құрылымдарға геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін бұл компанияда биылғы сәуірге дейін аға геолог болып істедім. Тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесіне жүгініп, отандық мұнай және газ институтында, Лондондағы империялық колледжде алған білімімді, көңілге түйген тәжірибемді байыта түстім. Қазір шетелдік серіктестің қатысуымен құрылған «Сатбаев Оперейтинг» ЖШС-де бас геолог лауазымында жұмысымды жалғастырып келемін. Біздің компания Каспий теңізінің қазақстандық секторында сейсмикалық, геофизикалық және геохимиялық барлау жұмыстарын жүргізеді.

– Асылжан, жоғары білім алдың, тұрақты жұмысқа орналастың. Енді болашақта іске асырсам дейтін жобаларың бар ма?

– Білесіз бе, мен еңбек етіп жүрген компанияның атауы қазақ ғылымының ізашар тұлғасы Қаныш Сәтбаевтың есімімен аталады. Біздің сейсмикалық, геофизикалық және геохимиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылым да Қаныш Сәтбаев атын иеленген. Әзірге барлау жұмыстарының нәтижесін айтуға ертерек болар. Дегенмен, өзімнің болашақта Қаныш атындағы кенішті ашсам деген ойым бар. Бұл мен үшін үлкен жетістік болар еді. Әрине, кәсібіме қатысты мақсатымды ұжымдағы әріптестерімнің қатысуымен іске асырамын деп ойлаймын. Өйткені, біздің ұжымдағы әріптестерімнің барлығы да бір мақсатқа жұмылған.

Ең басты мақсатым – тәуелсіз Қазақстанымыздың бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуіне лайықты үлес қосу. Отандық мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне белсене атсалысу – кәсіби міндетім. Бір ғасырдан астам құрлықтан мұнай мен газ өндірген еліміз енді су астынан «қара алтын» алуды бастады. Біздің отандық мұнайшылар үшін тың әрі маңызды қадам болуымен ерекшеленетін осы жобаның сәтті іске асырылғанын қалаймын.

Әңгімелескен

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.

Жарасымды жалғастық

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында жастарға үлкен сенім артып, зор үміт жүктегені белгілі. «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деген еді Президент.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері Отанымыздың іргесін бекітіп, төрт құбыласын түгендеп, төрткүл дүниеге таныту ісіне өз үлесін қосуда. Ондаған азаматтар үкіметтік деңгейдегі биік дәрежелі қызметті атқарып жүрсе, жүздеген жас әртүрлі компанияларда, өңірлерде алған білім, үйренген тәжірибелерін мемлекетіміздің қарыштап дамуына жұмсау үстінде.

Қияндағы ауыл мектебін бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп, оны аяқтаған соң «Болашақ» бағдарламасы аясында алыс-жақын шетелдерде оқу әр жастың арманы болғаны анық. Мен де осы жолдан өттім. Алғашқы кезде: «Бұл бағдарлама бойынша ауыл баласының білім жетілдіруі қиын шығар», деп тартыншақтап жүрдім. Миллионнан аса халқы бар Алматыдағы жастар ісіне атсалыса бастадым. «Жас Отанның» бөлімшесіне жетекшілік еттім. Сол тұста талапты жастардың ұмтылысымен «Жас талап», «Студенттік көктем», тағы да басқа іс-шаралар өткіздік. Алғашқы ұйымдастырған қадамымызға Мемлекет басшысы өзі қатысып, қадамымызды оң бағалады. Біз өз тарапымыздан Нұрсұлтан Әбішұлының студенттік кітапшасын салтанатты жағдайда тапсырдық. Сол көңіл толқытар рәсімде Тұңғыш Президентіміз жылы шырай танытып: «Сенің арманың қандай?» деді. «Менің арманым, Сіз негізін қалаған тәуелсіз Қазақстанға адал қызмет ету!» дегенім есте. Осыдан кейін бұрын ойда жүрген үміт алға ұмтылдырды. Тіл үйрендім. Сөйтіп, «Халықаралық бағ­дар­ламалар орталығына» құжатымды тапсырдым. Алғашында Венгрияға оқуға баратыным белгілі болған еді. Артынан АҚШ-тың Монтана университетіне жіберілдім. Сонда мемлекеттік басқару ісі бойынша білім алдым. Шетелде оқып жүргенде ой-санаңда елге деген сағыныш пен сүйіспеншілік ерекше болады. Ұлтыңды, жұртыңды таныстыруға талпынасың. Мен қазақ топырағынан келгенімді дәлелдеу үшін ұлттық салт-дәстүрлерімізді қатарластарыма, ұстаздарыма дәйім жеткізіп отырдым. Әсіресе, киім үлгілері мен ас мәзірлеріне олар қатты қызығатын. Ол құндылықтарымыздың арғы-бергі тарихын тартып айтқанда, «Қазақ ежелден тағылымды ел екен ғой!», деп тамсанатын.

Отаныма оралғаннан кейін АҚШ-та алған білімім мен тәжірибемді басқару ісіне арнадым. Алғаш рет жастар саясаты құрылымы Алматыда бой көтеріп, соған басшылық еттім. Бастау басында ұйымдастыру жұмыстары оңай бола қойған жоқ. Дегенмен, Елбасының алға қойған стратегиялық мақсат-міндеттерінен өрістеген жұмысымыз өз жемісін берді. Кейін еліміз бойынша жастар ісі жөніндегі басқармалар құрылғанда соған ұйытқылық еттім. Соңғы кездері Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары ретінде әлеуметтік мәселелерге баса назар аударудамын. Мен қайда жүрсем де Президент алға қойған тапсырмаларды эволюциялық жолмен атқаруға ден қоямын. Алдыңғы толқынның жақсы ісін дәстүр талабына сай бүгінмен жалғастыра отырып, дамыту басты мақсатым болып саналады. Әсіресе, «Болашақ» бағдарламасы аясында алған әлемдік деңгейдегі білім мен үйренген үрдісті өз мемлекетіміздің басты бағытымен, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясымен ұштастыра орнықтыруға күш салудамыз.

Қазір облыс көлемінде әлеуметтік мәселелерді тиянақты жүргізу жо­лындағы «Ақпараттық идеологиялық тұжырымдама» жасалуда. Онда алда атқарылуға тиіс жұмыстар сараланады. Жұрттың көкейіндегі көп сұрақ сол тұжырымдамадан көрініс табатын болады. Ал оны жүзеге асыру жолдары да нақты көрсетіледі. Елге қажет, өңірге керек істерді осы бағдарда тиянақтай отырып, жүзеге асыратын боламыз. Әсіресе, сыртқы күштердің әзәзілдігінен жастарды сақтандыруға, яғни дін мәселесіндегі сауаттылыққа ерекше мән беріледі. Бұл Елбасы тапсырмасының тікелей бір саласы болып есептеледі. Осы жұмыста теория мен практиканы терең меңгерген төрт теолог маманды қызметке алып, оларға барлық жағдайды жасадық. Ондағы мақсат руханиятымыздың басында тұрған таза ұлттық дінімізді жат пиғылдардан сақтау. Осындай елдік істі облыс көлеміндегі зиялы азаматтармен, жас өрендермен пікірлесе отырып, ілгері бас­тыру үрдісі негізгі нысанада тұр.

«Болашақ» бағдарламасымен бітірген жүздеген жастар қазір өңірлерде де қызмет етіп, ел дамуына үлестерін қосуда. Біздің Батыс Қазақстан облысында да ондай жігерлі де жалынды азаматтар баршылық. Айталық, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов, тағы басқалардың жаңашыл ізденістерін ерекше атап өтуге болады.

Елбасының көрегендігімен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасы қазір өз Отанымызда да әдемі жалғастығын тау­ып отыр. Ол елордадағы Назарбаев Университеті дер едім. Қазірдің өзінде бұл білім ордасы бакалавр бойынша кадрларды дайындай бастады. Мен сол оқу орнында болғанда ұстаздар мен оқытушылардың жұмған жұдырықтай тірлік-тынысына тәнті болдым. Біз шет­елдерде оқып жүргенде сондай әдемі сәттерді бастан өткергенбіз. Оның үстіне айтулы университеттің ғимараты әлемдегі атақты оқу орындарының бір де бірінен артық болмаса, кем емес. Оған қоса әр сынып бөлмесіндегі заманауи техника мен технологиялар, оқуға қажетті дүниелер студенттердің сабақты терең білуіне мол мүмкіндік беріп отыр. Болашақта бұл оқу орны да әлемдік дәрежедегі университеттер қатарынан орын алары еш күмәнсіз. Біз алыс-жақын шетелдерде білім толықтырсақ, Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы орындала келе, өз талапкерлеріміз бен басқа жұрттардың талантты жас­тары Назарбаев Университетінде оқып, терең білімді кадр ретінде қалыптасары ақиқат. Осындай іргелі істеріміз алдағы уақытта да жалғасын та­бары ақиқат. Кең-байтақ Отанымыз келешек­те төрткүл дүниедегі алдыңғы қатарлы 30 елдің бірі емес, бірегейі боларына еш күмән жоқ.

Бақтияр МӘКЕН,

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.

Соңғы жаңалықтар