Қазақстан • 18 Қараша, 2020

Экология мәселелерінде халықтың азаматтық позициясы өте маңызды – Мағзұм Мырзағалиев

35 рет көрсетілді

Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онлайн-кездесуде түрлі өңір тұрғындары министрге қоршаған ортаның лстануы, балық шаруашылығының дамуындағы кедергілер және қалдықтарды сұрыптау, экологиялық білім мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

"Тұрғындардың белсенді азаматтық позициясы өте маңызды. Табиғи ресурстарды қорғау жұмысына жалақы алатын инспекторлар мен қорықшылардың ғана емес, жекелеген азаматтардың атсалысып жатқанына біз алғыс білдіреміз. Еріктілер институтымен де белсенді жұмыс істейміз. Олар министрлікке жергілікті жерлердегі проблемаларды жеткізіп отырады", деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев қабылдау барысында.

Қарағанды қаласындағы "ЭКО Plast kz" экологиялық компаниясының өкілі Вадим Ашеулев қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша атқарып жатқан ағарту жұмыстары туралы баяндап, экологиялық мәдениетке үлес қосуға дайын екендігін жеткізді. 

Павлодар облысы Ақсу ауданындағы балық шаруашылығы өкілдері жергілікті атқарушы органдар тарапынан келтірілетін кедергілерді айтып, шағым білдірді. Сонымен бірге саладағы маман жетіспеушілігі мен балық өнімдерін өткізу проблемалары бойынша көмек сұрады. Өз кезегінде Мағзұм Мырзағалиев балық шаруашылығы бойынша өңірлік бағдарлама дайындалып жатқанын, желтоқсан айында Елдік бағдарлама дайын болатынын айтты.

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Алексей Свечниковтің өңірдегі экологиялық ахуал бойынша шағымын тыңдаған министр алдағы уақытта Ресей Федерациясының тиісті ведомстволарымен бірлескен шаралар қабылданатынын хабарлады.

"Өкінішке қарай Батыс Қазақстан облысында экологиялық және су ресурстары проблемалары қазір өте өзекті. Онымен біз тұрақты түрде айналысып келеміз. Жайық өзенінің проблемасы бойынша кеше РФ Табиғи ресурстар министрі Александр Козловпен сөйлестім. Екеуміз осы мәселені талқылау үшін кездесуге келістік", деді Мағзұм Мырзағалиев.

Соңғы жаңалықтар

Елорда «жасыл» аймаққа өтті

Коронавирус • Кеше

Ұқсас жаңалықтар