– Өкінішке қарай, күнделікті өмірде бірқатар мемлекеттік функциялар өз дәрежесінде атқарылмай, сапасыз және тиімсіз болып тұр. Меніңше, бұл мәселені шешудің екі жолы бар, – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында журналистер сауалына жауап берген өңір басшысы.
Облыс әкімі атап өткендей, мұны шешудің бірінші жолы – өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін немесе стратегиялық болып саналмайтын мемлекеттік функцияның бәрін жеке секторға тапсыру.
Тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және өңір кәсіпкерлерін ұзақмерзімді қолдау мақсатында биыл сервис және жаңа технологиялар колледжі, Орал қаласындағы орталық стадион сияқты бірқатар нысандар жеке кәсіпкерлердің сенімгерлік басқаруына өтті.
Әкім айтқан екінші жол – қазір қызметте жүрген мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру және жаңа креативті менеджерлерді қызметке тарту арқылы мемлекеттік қызметтің беделі мен сапасын арттыру.
– 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап факторлы-балл жүйесін енгізу туралы Мемлекет басшысының шешімі қызметкердің жалақысын 2-3 есе өсіруге мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік қызметшілердің қызмет сапасын арттыруына шынайы стимул ғой, – деді облыс әкімі.
Нәтижесінде, бұл істердің игілігін тұрғындар мен бизнес өкілдері көретіні анық.