Қоғам • 19 Қараша, 2020

Тағдырмен тайталасқан талапты жан

306 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаратқан ие пешенесіне жазған талайлы тағдыр да. Көптен бері қол арбаға таңылып, қарға адым жер мұң болып отырса да Ерік Мырзалиевтің жігері құм болған емес. Қайта өкпелеткен өмірдің сынымен күресіп, азамат екенін дәлелдеумен келеді. Дәті мықты осындай адамдардың бойындағы қажыр-қайрат, пайым мен парасат кімді болсын таңғалдырар еді.

Тағдырмен тайталасқан талапты жан

Шоқ жұлдыздай Шалқар ауылы – кір жуып, кіндік кескен туған топырағы. Елдік пен ерліктің, асыл адамгершіліктің ақ бесігі іспетті. Баяғыда, бала кезінде Ерік Мырзалиев ауылдың абыз ақса­қал­дарынан көп жайды, тіршіліктің талай-талай сырын ұққан. Өмірдің күрес екенін де, басқа түскен бейнетке мо­йып, боркемік болудың қажеті жоғын да. Қап­тал шапанды киіп алып, қара төбенің ба­сында кеңес құратын ақсақалдар есте жоқ ескі кезеңнің жылға тартатын әдемі әңгімелерді бірінен соң бірін сабақтар еді. Есті естеліктің адам жанын баурайтын толқын-толқын лебі зерделі құлақтан кіріп, тұла бойын шымырлататын ыстық сезім болып көкірегіне құйылып жататын. Беу, өмір, пенде шіркінге қымбат екенін де аталарының аузынан шыққан аталы сөзден ұққан.

Әскери борышын Моңғолияда өтеді. Кішкентайынан ұстаз болғысы келген. Епсекті қолынан көп нәрсе келетін. Қолына тиген зат құлпырып кетеді. Көкірегін қоламтаның шоғындай жылытып, алыстан аялайтын арманы да көп. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты ұлағатты ұстаз болып білімге, білікке, жасампаздыққа баулыса, парызының толайым өтелгені де. Осы үкілі үміт қолынан жетелеп бұрынғы Целиноград қаласындағы педагогикалық институтқа әкелген. Тұла бойындағы талпыныс осы жерде шыңдалып, біліммен бекіді. Кейін 12 жыл шәкірттеріне сабақ берді.

Оқыс оқиға 2004 жылы орын алған. Сол сәттен бастап әншейінде жадырай жарқырап тұратын көк аспан қара шымылдықпен қымтала жабылғандай. Тіпті, үміт сәулесі де талмаусырап барып сөнетіндей. Екі рет қатарынан омыртқасына ота жасатты. Болмады. Қатты жылдамдықпен келген көлік соққан кезде опырылып кеткен. Кінә­лі адамды соттатқан жоқ. Бұл да – үл­кен адамгершілік. Кейде бір сіркесі су көтермей жүрген әлдекімдер бай­қау­сызда аяғын басып кетсең, қара ор­ман­ды суға алдырып, жер-жебіріңе жетіп жатпай ма? Ал мастықтың салдарынан тепсе темір үзетін жас жігіттің омырт­қасын опырып мәңгілік мүгедек етіп тастау оңай емес қой. Сол салдары сал­мақ­ты себепке кінәлі жанды кешіру­дің өзі кейіпкеріміздің бойындағы кісі­ліктің, азаматтықтың қаншалықты дең­гей­де екенін айқын аңғартып тұрған тәрізді.

Талай ауыр күндер мен түндерді басынан өткерді. Әттең, шіркін, қаз басып жүрсе талай шаруаны тындырары анық еді. Кейін қоларбаға да үйренді. Өткен жылы үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қолы жететін жердің бәрін көп-көрім көркейтіп жібере алады. Қол жетпеген жеріне келіншегі мен балалары көмектесті. Әйтеуір жабылып жүріп үйін кірсе шыққысыз етіп ажарландырып алды. Үй іргесіне аяқкиім тігетін шеберханасын салды. Бұрын іздеп келіп бұйымтайын айтқан жұрттың затын үйінде тігіп беретін. Енді міне өз қолымен тұрғызған шағын да болса кәдеге әбден жарайтын шеберханасы бар.

Мүмкіндігі шектеулі Ерік Теңкейұлы өз алдына жеке кәсіпкер ретінде тір­кел­ген. Алдынан жұмыс үркіп тұра­тын шебердің ауылдастарына септігі тиіп-ақ тұр. Бұрынғылар «шебердің қолы ортақ» деп тегін айтты дейсіз бе, жаман тұмау жайлағалы жұлығы тозған аяқкиім көбейді. Халықтың тұрмысын осы арадан да айыруға болады. Кейбіреулер келіп өтінішін айтқанымен, азын-аулақ төлемақысын төлеуге қауқары жетпей тұрғанын қабағынан айырады. Ондайда ештеңе сұрамайды. Жамап-жасқап, әлі де бір қыстан шығарлық етіп жөндеп береді. Ал зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға тіпті тегін.

– Адамдар бір-біріне көмек қолын созуы керек. Сәл ғана жанашырлығың жандарын жадыратып жібереді емес пе? Бізге тендерге қатысу мәселесін шешу қиын. Өткенде 100 мың теңгенің жұмысын ұтып алып, орындап бердім. Әйелім арқылы несие рәсімдеп, тігін машинасын сатып алдым. «Балалар алаңдамай жұмысын істесін», деп қазір немере бағып отырмыз, – дейді Е.Теңкейұлы.

Қажетті заттарды Нұр-Сұлтан қала­сынан алдырады екен. Оның қолы­ның шеберлігі, аяқкиімдерді сапалы жөндейтіні көпке мәлім. Оған да өзі­нің бойындағы табиғи қабілеті, жауап­кер­ші­лігі арқасында жеткен. Кілең жөндеу ғана емес, өзі де жылы да әдемі, көз жауын алатын аяқкиімдер тігеді. Бағасы да арзан.

Тағдырымен тайталасып, мойымай алға ұмтылып келе жатқан қажырлы жанның кейбіреуге болымсыз тіршілік болып көрінетін осы шаруасы шын мәнінде көпке үлгі. Он екі мүшесі сау адамдардың арасында екі қолға бір күрек таба алмай жүрген немесе шаруаның мұртын сындырмай, шалқақтағысы келетіндер де аз емес қой. Ал біздің кейіпкеріміз сағын сындырғысы келген тағдырдың сынағына төтеп беріп, адал да абыройлы еңбегі арқылы отбасын асы­рап отыр. Қалай айтсаң да, қалай мақ­тасаң да сыйып тұр.

 

Ақмола облысы,

Қорғалжын ауданы