Қоғам • 19 Қараша, 2020

Таңдайымызға таза су тиер ме екен?!

744 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көлемінің 91,2 пайызы су құбырлары арқылы жүзеге асырылуда. Халықтың 31,89 пайызы ашық су көздерінен су ішіп отыр. Қала тұрғындарының 99 пайызы, ауыл тұрғындарының 84,3 пайызы су құбыры арқылы келетін тіршілік нәрімен қамтамасыз етілген. Жұрттың 7,87 пайызы ұңғымалар мен құдықтан, 23 ауылдың халқы суды тасып ішіп отыр.

Таңдайымызға таза су тиер ме екен?!

Облыс жұртшылығының ауыз су барысындағы қажеттілігін 364 су құ­бы­ры мен 259 ұңғымалар мен құ­дық­тар өтеп тұр. Дәл қазір құбырлар мен құдықтардағы ауыз судың сапасы туралы кесімді пікір айту қиын. «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қада­ға­лауды жүргізуге мораторий енгізу туралы» Президенттің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына сәйкес осы жылдың 1 қаңтарынан бас­тап шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеру тоқтатылған. Оның үстіне жалпақ әлемді жаман тұмау індеті жайлауына байланысты биыл наурыздан бастап тексеріс өткізілген жоқ.

Облыстық санитарлық-эпиде­мия­лық департаменті әкімшілік шаралар қабылдамай, сумен жабдықтау нысандарына ай сайын мониторинг жүргізумен шектелуде. Осы мониторинг барысында жыл басынан бергі тоғыз ай ішінде микробиологиялық көрсеткіштерге 1 363 сынама жасалған. Қорытындыға сәйкес, 145 су құбырының суы қалыпты деңгейге сәйкес келмейтіні анықталған. Бұл – барлық мөлшердің 10,6 пайы­­зы. Осы орайда Бурабай, Біржан сал, Егіндікөл, Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын аудандарындағы көрсеткіш облыстық деңгейден жоғары болып отыр. Са­ни­тарлық-химиялық көрсеткіштерге бай­ланысты су құбыры суының 1 318 сы­намасы зерттелді. Жоғарыдағы біз айтқан көлемнің ішінде 230-ы талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. Бүгінде 364 су құбырының 336-ы немесе 92,3 пайызы – бақылауда. Оның ішінде 4 өндірістік зертхана арқылы 37 су құбыры тексеріспен қамтылған. Ал 28 сумен жабдықтау нысаны бақылаусыз қал­ған. Ол жердегі халықтың қандай су ішіп отырғаны беймәлім. Ел игілігіне жаратып отырған 364 су құбырының 131-іне күнделікті қызмет көрсетуге және күтіп-ұс­тауға тиісті қаражаттың бө­л­інбеуі он­сыз да қаны шығып тұрған мә­селені шие­леністіре түсуде.

Енді ауылдық жерлерде ауыз судың қа­лыпты норма талаптарына сәйкес кел­меуі себептерін талдап көрелік. Алды­мен су сапасына құбырлардың және тарату­шы желілердің әбден тозығы жет­ке­ні себеп болып отыр. Бұл жерлерде құбырлардың жарылуы өте жиі кездеседі. Оның үстіне тазарту құрылғыларының тиімді жұмыс істемейтіні де жығылып жатқанға жұдырық болып отыр. Өңір­де су құбыры желілеріне уақтылы тех­ни­ка­лық қызмет көрсету және күтіп ұстау бойынша мамандандырылған ком­муналдық кәсіпорындардың болмауы, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіп­орын­дардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігі де себепші. Оның үстіне ұңғымаларды үздіксіз, ұзақ уа­қыт пайдалану да су сапасының нашар­ла­уына әсер етіп жатыр. Құдықтар мен ұңғымалардың тиісті мөлшердегі терең­дігі сақтала бермейді. Су көзіне көк­тем­гі қызыл су жүрген кезде ағын су, жер бетіне таяу үстіңгі қабаттағы жерасты сулары мен жауын-шашынның лайы қосылып кетеді. Бұл да сапаның сын көтермеуіне соқтырады. Осы орай­да санитарлық-қорғау аймағы сақ­тал­майтынын, кей жерлерде олардың қоршаулары бұзылып тасталғанын да айта кету керек.

Зерттеулер барысында 7 су құбы­ры­ның санитарлық нормаларға мүлде сай келмейтіні анықталды. Нақ­ты­­рақ айтатын болсақ, Егіндікөл ауда­нын­дағы Буревестник, Егіндікөл, То­ға­­нас ауылдары, Қорғалжын ауда­нын­­дағы Қорғалжын, Садырбай, Ек­пін­ді елді мекендері, Жарқайың ауда­нын­дағы Костычево-Донское, Жақсы ауда­нындағы Белағаш ауылы мен Жақсы кенті.

Облыс орталығы Шағалалы және Сергеев су қоймаларынан су алады. Бұл орайдағы мәселе тіптен өткір. Көкшетау қаласы тұрғындарының тәуліктік ауы­з су тұтыну мөлшері орташа есеппен 23,5-25 текше метрді құрайды. Көктемгі су тасқыны кезінде құбыр арқылы келетін суды ішу тіпті де мүмкін емес. Қалаға келетін суды тазартатын сүзгі 1986 жылы есептен шығарылып тасталуы керек еді. Бірақ әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Соншама уақыт су тазалап келген сүзгіден шыққан судың сапасы туралы не айтуға болады?! 2009 жылы басталған тазарту стансасының жұмысы қайтадан тоқтап қалған. Оны аяқ­тауға 1,7 млрд теңге көлемінде қо­сым­ша қа­ражат қажет екен. Қазіргі күні облыс орталығындағы ауыз судың қауіпсіздігі эпиде­миялық тұрғыдан судағы хлор құра­мының ұлғаюымен қамтамасыз етіледі. Алайда құрамында хлор мөлшері шамадан тыс көп болса, халықтың ден­сау­лығына теріс әсер етуі де әбден мүм­кін.

2011 жылы «Су желілерін, тазарту құ­рыл­ғыларын жаңғыртып, кеңейту арқылы тәулігіне 60 мың текше метр су өткізуге жеткізу» жобасы бойынша жаңа су тазалау қондырғысының құры­л­­­ысы басталған болатын. Тапсырыс беруші – Көкшетау қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімі. Жұмысты қолға алған – «AEGISinc» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі. Мемлекеттік сатып алу ке­лісімшарты бойынша 1,623 млрд тең­ге­нің келісімшарты жасалды. Әйтсе де 2011 жылы 538,1 млн теңге ғана игерілді. Мердігер ұйым құрылыс жұмысын бас­тап, цехтың, зертхананың бірлі-жарым ғимараттарын жарым-жартылай ғана көтерді. Бірақ жұмыс алға баспады. 2012 жылы қалалық сот аталған конкурс жүзеге асырылмады деген шешім шығарды. 2012-2013 жылдары қайтадан өткізілген конкурс нәтижесінде «АП Импекс» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігі жеңімпаз болып танылды. Бұл серіктестік 2013 жылы 181,24 млн тең­гені игерді. Осы арада құрылыс жұ­мыс­тарының және құрылғыға қажетті техникалық жабдықтардың құны өсіп кетті де, жаңа станса салу жұмысы тоқ­тап қалды. Бастапқы қаржының 719,390 мың теңгесі ғана игерілді. 2014 жылы «Көкшетау қаласындағы су желі­ле­рі та­з­арту құрылғысын тәулігіне 30 мың тек­ше метр қуатқа жететіндей етіп жаң­­ғырту және кеңейту» жобасына сәйкес мемлекеттік сараптаманың қо­ры­­тындысы алынды. Жобаның құны 2014 жылғы бағамен 2 397,7 млн теңге болып белгіленді. Бірақ бұл жобадан да нәти­же шықпады. Қазіргі күні облыс орта­лығындағы 343,90 шақырымды құ­райтын су желілерінің 40,9 пайызы әб­ден ескірген. Су құбырлары жиі жары­ла­ды.

Өткен жылдың алпысыншы жылдары салынған, жалпы ұзындығы 285,6 шақырымды құрайтын Нұра топтық су құбырының жағдайы – бүгінгі таңда өте өткір мәселелердің қатарында. Бұл құбырлардың 95-98 пайызы тозып біт­кен. Су құбырлары желілерінің то­зуы­­на байланысты оқыс оқиғалар жиі орын алады. Мамандардың есептеуіне қарағанда, ұзындығы үш шақырымнан асатын апатты учаскелердегі құбыр желісін ішінара ауыстыру үшін 500 млн теңгеге жуық қаражат бөлінуі қажет. Облыс тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыстық әкім­дікте жыл сайын қаралады. Аудан әкім­дік­терге орын алып отырған кем­ші­лік­терді жою туралы нақты тапсырмалар береді. Бірақ өкінішке орай, «баяғы жартас – бір жартас» қалпында қалып отыр.

2019 жылдың ішінде талап бұзу­шылық­тарға байланысты жалпы көлемі 21,9 млн теңге болатын 105 әкімшілік айып­пұл салынған. Шаруашылық субъ­ек­­тілеріне 85 ұйғарым жолданған. Алай­да бұл шаралар тиісті нәтиже беріп отырған жоқ. Демек, ауыз сумен қам­тудағы көптен қордаланып қалған мән­ді мәселелерді шешуге кешенді шара қа­был­дау қажет тәрізді.

 

Ақмола облысы