Бизнес • 19 Қараша, 2020

Қызылордалық кәсіпкерлердің ұсынысы оң шешілмек

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Қызылордадағы қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер бас қосып, жергілікті атқарушы органға ұсыныстарын жеткізген болатын, деп хабарлайды Egemen.kz

Қызылордалық кәсіпкерлердің ұсынысы оң шешілмек

Кездесуге Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев, палата басшылығы, қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов пен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Сыздықова, мейрамхана саласында кәсіп жүргізуші бизнес иелері қатысты.

Өңірлік кеңес төрағасы Қайрат Боранбаев қазір бизнестің қай түрі де қиындықты бастан өткізіп жатқандығын айта келіп, әсіресе қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлердің тығырыққа тірелгендігін жеткізді. Наурыз айынан бері жұмысын тоқтатқан мейрамхана иелері үшін коммуналдық шығындар да әжептеуір салмақ, оның үстіне әрқайсысының төлейтін несиесі тағы бар.

Кәсіпкерлердің айтуынша, мәселе облыстың бас санитарының 2 қарашада қабылдаған қаулысынан туындауда. Карантин талаптары жеңілдетілген тұста кафелерге 23.00-ге дейін жұмыс жасауға мүмкіндік берген. Ал кейінгі қаулыда керісінше жұмыс жасау мерзімі қысқарып отыр. 

"Аймақта эпидемиялық жағдай ушығып тұрса бұл қадамды түсінер едік. Алайда, шүкір, облыс қазір жасыл аймақта. Осыған сәйкес, жұмыс жасау мерзімінің республикалық қаулыда көрсетілген мерзімде қалғанын қалаймыз", дейді кәсіпкер Ақмарал Әбдіразақова.

Мұнан өзге, сала кәсіпкерлері мониторингтік топқа қатысты да ұсыныстарын ортаға салды.

Қоғамдық тамақтану саласында жұмыс жасайтын кәсіпкерлер санитарлық талаптарды қатаң сақтауға өздері де мүдделі екендіктерін жеткізіп отыр. Тек талаптар нақты, анық болғанын қалайды.

Сонымен кездесу барысында кәсіпкерлер әкімдік өкілдеріне негізгі үш талаптарын жеткізді. Біріншісі, қоғамдық тамақтану саласының жұмыс жасау уақытын ең болмағанда 23.00-ге дейін ұзарту. Екіншісі, мониторингтік топ мүшелерінде топ мүшесі екендігін дәлелдейтін құжаттардың болуы. Үшіншісі, жан-жақтан жеке ұялы телефондарға түсірмеу.

Кездесу қорытындысымен қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов жұмыс уақыты мен монорингтік топ жұмысына қатысты ұсыныс комиссияда қаралатындығын жеткізді. Мұнан өзге, кәсіпкерлердің ұсыныстарының барлығы облыстық штабта қайта қаралатын болды. Нәтижесі бойынша тиісті қаулы қабылданады деп күтілуде.

Айта кету керек, 17 қараша күні республикалық ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырыста "Атамекеннің" бұған дейін кәсіпкерлерге қызметіне қатысты берген бірқатар ұсыныстары қолдау тапты. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша қабылданған шешімде карантин талаптарына қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылды.