Еліміздің бас қаласында сабақтан тыс уақытында қоғамдық шаралардан қалмайтын белсенді жастар көп. Нұр-Сұлтанда волонтерліктің өзімен тұрақты айналысатын 1000-нан астам студент бар. Жақында олар Халықаралық ынтымақтастық күнін атап өтті.
«Статистикаға сәйкес, Нұр-Сұлтанда 14 пен 35 жас аралығындағы 250 000-ға жуық адам тұрады. Оның ішінде 1000-нан астам студент волонтерлікпен тұрақты түрде айналысады. Жастар одан өзге шараларға да белсенді түрде қатысады. Бұл оқу процесімен қатар, олардың кәсіби немесе жеке тұлға ретінде жетілуіне көп көмектеседі», деді «Астана жастары» ресурстық орталығының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлі.
Елордада жоғары оқу орындарында Жастар ісі жөніндегі 16 комитет және колледждерде 35 Жастар кеңесі жұмыс істейді. Олар білім беру мекемелері қабырғасында студенттердің бос уақытын ұйымдастырып, пайдалы іспен айналысуын қадағалайды. Мысалы, «Тұран-Астана» университетінің «Волонтерлер клубы» және ITU жанындағы Phoenix сияқты қозғалыстар игі істерімен қатарластарына үлгі. Олардың қызметі негізінен мұқтаж жандарға көмектесуден тұрады. «QazMed жастары» құрамында ерікті түрде медициналық көмек көрсететін студенттер бар.
Студенттер мәдени өмірге де белсенді қатысады. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы жыл сайын бірінші курс студенттерінің ресми салтанатты жиыны мен «Jana Beles» шығармашылық фестивалін ұйымдастырады. Сонымен қатар «Jastar Jalyny Camp» студенттер лагері бар. «Astana City Quest» ойыны мектеп оқушылары мен студенттеріне елорданың көрікті жерлерін көрсетіп, қаланың тарихы мен бүгінгі күнінен сыр шертуді көздейді. Одан бөлек студенттер өз идеяларын «Astana Ideas» стартап байқауында ұсына алады. Осылайша инновациялық жобаларын жүзеге асырып, жас өнертапқыш атануға мүмкіндік алады. Еліміздің бас шаһарында студенттерге арналған өзге де шаралар қатары көп. Мәселен, колледж студенттері «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысына қатысып, жан-жақты дамуына мүмкіндік алады. Ал волонтер болып, қайырымды іспен айналысам деген жастар волонтерлер мектебінде оқиды. Бұл арқылы тәжірибесі аз студенттер мұндай жауапты қызметке толық дайын болады. Себебі сырттан оңай болып көрінген волонтерлік қызметтің қызығымен қатар қиындығы да бар. Сондай-ақ биыл ЖОО мен колледж студенттері арасында онлайн-пікірсайыс турнирі өтті.
Аталған шаралар студенттердің бос уақытын тиімді өткізуге ықпал етіп қана қоймай, олардың қоғамда өз орнын тауып, өздері секілді білімге құштар, тәжірибе жинауға ниетті, белсенді жастардың орта қалыптастыруына мүмкіндік береді.