Саясат • 20 Қараша, 2020

Тұрғындардың құқығы тапталмасын деп...

233 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өңірдегі басқармалардан, құқық қорғау орындарынан келетін хабарламалар мен баспасөз баяндарының жиналып қалатыны бар. Сондағы ең көп хабар түсіретін – облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сол мәліметтерден жергілікті полицейлердің қызмет барысындағы жедел іс-қимылын құдды солармен бірге жүргендей сезіп отырасың.

Тұрғындардың құқығы тапталмасын деп...

 

Біз тыныштықты қалаймыз. Көшеге шық­сақ та, бақтарға барсақ та, басқа да қоғамдық орын­дарда жүрсек те, үйімізде отырсақ та алаңсыз екеніміз рас. Өйткені, полицияға сенеміз. Көршің ұйқы бермей қатты музыка қосса, дереу полицияға хабарласасың. Тұрғын үйдің кіреберісіне көлігін тіреп қоя­тындар болса, тағы да құқық қорғау орган­дарына жүгінесің. Осындай оқиғаларды ха­барласаң «қоғамдағы кішігірім құқық бұзу­шылықтарға бейжай қарамай, оны тоқтатуға үлес қосқаныңыз үшін рахмет» деп тәртіп сақшылары да алғысын айтып жатады.

Департаменттің баспасөз қызметінің мә­лі­­метінше, биыл облыстағы полиция қызмет­керлері 124 мыңға жуық әртүрлі әкімшілік құқық бұзу­шылықты анықтап отыр. Қоғамдық орын­дарда мас күйінде жүрген 7 мыңнан астам адам Қылмыстық кодекстің 440-бабы­на сәй­кес қылмыстық жауапкершілікке, тыныш­тық­ты бұзғаны үшін 2 640-тан астам азамат әкім­шілік жауапкершілікке тартылыпты. Сон­да да болсын айнала тынышталар емес. Ара­мызда қоғам тыныштығын бұзатындар көп.

Мәселен, облыс орталығында «жарылғыш зат қойылған» ғимараттан 7 адам эвакуа­цияланды. Оқиға орнына жедел тергеу тобы шығып, ғимарат аумағын қоршайды. «Биыл 16 қарашада сағат 10.10-да қалалық полиция бөліміне Қ.Сәтбаев көшесі, 25/1 мекен­жайы бойынша орналасқан ғимараттың кез келген минутта жарылуы мүмкін еке­ні туралы хабарлама түсті. Аумақ пен ғима­рат­ты тексергеннен кейін күдікті немесе жа­рылғыш заттар табылған жоқ. Қоңырау жал­ған болып шықты», деп хабарлайды Поли­ция департаментінің баспасөз қызметі. Ізін­ше, полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтайды. Ол облыстық психонев­рологиялық диспансерде есепте тұрған 41 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Ал облыс орталығына қарасты Павлодар ауы­лында танк снарядтары табылыпты! Осы жылы 11 қарашада сағат күндізгі 11-лер ша­масында ауылға шақырту бойынша шұ­ғыл қызметтер: полиция, жедел жәрдем, өрт сөн­дірушілер, жару техникалары жетті. Сна­рядтар жеке үйдің ауласында екені анық­талды. Үй иесі металл сынықтарын қабылд­аумен айналысады екен. Үй полиция күшімен қоршалып, 10 адам басқа жерге көшірілді. Саперлер танктің екі снарядын және миномет минасын тауып алды. Кейін оқ-дәрілер тәркіленіп, баспасөз қызметі хабарлағандай Қылмыстық кодекстің 287-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Павлодар облысының экологиясы, қорша­ған ортасы толық тазара қоймаған өңірлердің бірі екені бәрімізге белгілі. Зауыттар, кәсіп­орындар көп шоғырланған, сүзгілер әлі толық орнатылмаған, ауаға ыс, күл тарауда деп да­был қағамыз. Жалғыз кәсіпорындар емес, өңі­рі­міздің, қаламыздың қоршаған ортасын лас­тайтын көлік жүргізушілер қатары да аз емес екен. Облыстық Полиция департаменті бас­тығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың мәлімдеуінше, жергілікті полиция қызметкерлері басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, атмосфераға зиянды заттар шығарудың рұқсат етілген нормасынан асатын автокөлік құралдарын анықтау бойынша алдын алу іс-шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

«Осы жылдың 10 айында облыстың 440-қа жуық жүргізушісі еліміздің заң талаптарына сай «Ластаушы заттардың болуы нормативтен асып кететін автомотокөліктерді және басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп бұзушыға ескерту жасалады немесе 2-ден 5 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады», деді осы тақырыпқа сай өткен брифинг барысында Ж.Қайыров. Қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына кері әсер ету дәрежесі бойынша бірінші орында автокөліктер пайдаланатын құрамында қауіпті химиялық қосылыстары бар газдар тұр. Сондықтан, полиция қызметкерлері өткі­зетін бұл арнайы шаралар – көліктердің қоршаған орта экологиясына зиянды әсерін барынша азайту.

Қаладағы тұрғын үйлердің ауласы қап­таған көлік. Саналы түрде көлігін автотұрақ­қа апаратын менің көршім Хамит аға сияқты көлік иелері өте аз. Көліктерін тұрғын үй­дің кіреберісінен 5-6 қадам қашықтықта қоймай­тын да көлік иелері бар. Тұрғындардың үйден кіріп-шығатын жолын жауып тастайды. Сон­дағы сылтаулары – заманауи жерасты авто­тұрақтарының жоқтығы.

Көлік демекші, биыл 31 қазанда облыс орта­лығындағы Мир көшесі, 36/1 мекенжа­йында орналасқан «Diamond» көлік жуу орнында оқыс оқиға болды. Бұрын жүргізуші куә­лігінен айырылған және алкогольдік ма­саң күйде болған ер адам көлік жуушы В.Най­динаны қағып кетті. Жедел жәрдем бри­гадасы 31 жастағы әйелді облыстық ауруха­наға жеткізді. Ауруханада әйелдің аяғы ампутацияланды. Аталған факті бойын­ша ер адам уақытша ұстау изоляторына қама­лып, Қылмыстық кодекстің 346-бабына сәй­кес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүр­гізілуде. Сондай-ақ көлік жуу орнының Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бо­йын­ша Қылмыстық кодекстің 156-бабына сәй­кес сотқа дейінгі тергеу басталды. Енді жұмы­сынан да, аяғынан да айырылған әйелге көлік жуу орны протез бен дәрі-дәрмек шығынын төлейтін болады.

Елімізде індет таралмауы үшін бірқатар шектеулер қойылғаны белгілі. Бірақ, ол талап­тарға бағынбай, полицияны сыртта 5 сағат күттіріп қоятын да караоке, кафе иелері бар екен. «Биыл 15 қарашада сағат 22.30-да полицияға Астана көшесі, 16/2 мекенжайы бойынша караоке-бардың жұмыс істеп тұрғаны туралы ақпарат келіп түсті. Бардың жанында полицейлер 5 сағат күтуге мәжбүр болды. Ал әкімшілік таңғы 3.30-да ғана бардың есігін ашты», деп хабарлайды полиция департаментінің баспасөз қызметі. Аталған факті бойынша тексеру және анықтау жұмыстары үшін полиция бөліміне 28 келуші мен 7 бар қызметкері жеткізіледі. «Бұл күні 8 факт анықталды. Сағат 21.40-та Малайсары батыр көшесіндегі қаланың лаундж-барларының бірі жұмыс істеген. Келушілер кальян шегіп, би кешін өткізген. Кальян шеккен клиенттерге қа­тыс­ты әкімшілік іс қозғалды. Мекеме әкім­шісі кальян тұтынуға жол бергені үшін Қыл­мыстық кодекстің 441-бабы бойынша жауап­кершілікке тартылды. Сондай-ақ мате­риалдар жинақталып, Тауарлар мен қыз­меттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды», дейді департамент қызметкерлері.

 Қазір карантиндік шектеулер кезінде адамдар үйде болғандықтан, кейбір отба­сылар тапсырыспен онлайн қызмет жет­кізілімін пайдалануда. Осыған байланыс­ты алаяқтықтың да түрі көбейген. Департаменттің мәліметінше, онлайн қызметпен тамақтың түр-түрін «жет­кізбекші» болған 17 топ ұсталған. Қазіргі таң­да алаяқтық бойынша 150-ден астам іс тер­гелуде.

Ал енді, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылының тұрғыны Амангелді Халчабеков Павлодар облысында болған оқыс оқиғаны ешқашан ұмытпайтын шығар. Біздің өңірмен өтетін «Омбы – Май­қапшағай» бағытындағы халықаралық авто­жолға асфальт-бетон төселгені жергілікті жүр­гізушілерге белгілі. Осы жолмен 12 қара­ша күні Амангелдінің де «DAF» маркалы 16 тонналық жүк көлігі келе жатты. Бұл күні қар қалың жауды. Жолдың асфальт-бетон жабыны алғашқы жауған қалың қардан көрінбейді. Осылайша, ауыр көлік сырғанап барып Ертіс өзені жағалауының жанындағы жыраға аударылады. «Мен кабинадан қалай шыққанымды өзім де түсінбедім. Бірден «102»-ге қоңырау шалдым. Патрульдік полиция экипажы тез келіп жетті. Тереңкөл аудандық полиция бө­лімі бастығының бірінші орынбасары Серік Асылбеков те келді. Апат болған жерге екі К-700 тракторы мен автокран келіп, олар­дың көмегімен көлігім шығарылды», дейді А.Халчабеков.

«Ал көлікті төменнен жоғарыға шығару ба­рысы 8 сағатқа созылды. Өте мұқият әре­кет етпесек, ауыр жүк көлігі суға түсіп кетуі мүм­кін еді. Бірақ қиын және үйлесімді жұ­мыс нәтижесінде көлікті шығарып алдық. Амангелдінің өз үйіне аман-есен жетуін бәріміз тіледік», дейді көмек көрсеткен Серік Асылбеков. А.Халчабеков алыстағы ауылына аман-есен жеткен соң, С.Асылбековке, аудандық полиция қызметкерлеріне қиын сәтте көмектескендері, жедел жұмыс істегендері үшін ризашылығын білдіріп, алғыс хат жолдапты.

Иә, күнделікті өмірде полиция жайлы анық-қанығына жетпей айтылатын небір жөнсіз сөздерді естіп жүрміз. Соған жауап ретінде тәртіп сақшыларының күн демей, түн демей атқарып келе жатқан тынымсыз қызметін еш қоспасыз, шынайы мысалдармен жазып отырмыз. Ойлы оқырман өзі ой түйеді деп сенеміз.

 

Павлодар облысы