Аймақтар • 20 Қараша, 2020

Шекарадағы шепке шын жанашырлық керек

1597 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екі ортаны тікенекті сым бөліп тұрғаны болмаса, Марқакөлден дүрбі салсаң, Қытайдың қызыл шатырлы ғимараттары ап-анық көрінеді. Олар да арғы беттен біздің жақтағы терезелері үңірейген жадау үйлерге қызыға-қызғана қарайтын шығар бәлкім. Кейде «көк шалғынды жон-жайлауым анау, мөлдіреген көлім мынау» деп лепіре мақтанғанымызбен, шекара шебіндегі ел сиреп кеткен бүгінде. Шамдансақ та шындық сол.

Шекарадағы шепке шын жанашырлық керек

Шекаралық аудандардың мәсе­лесі «Egemen Qazagstan» газе­тінде бірнеше рет көтерілген де. Нәтиже жоқ емес, шекараға таяу жатқан бес ауданның 2020-2024 жылдарға арналған әлеумет­тік-экономикалық дамуының кешенді жос­пары құрылып, бірқатар жұмыс қолға алынды. Кешенді  жос­пар бойынша түу түкпірдегі Марқакөл ауылына да айрықша көңіл бөлініп отыр бүгінде. Көңіл бөлінбегенде, халқы қопарыла көшіп, ауылдары қаңырап қалған өңірлердің бірі сол еді. Еліміз етек-жеңін жиып, еңсесін тіктеген соң да марқалықтардың маңдайы шылқыған жоқ. Күні бүгінге дейін жетімнің күйін кешіп келген. Биыл ғана кешенді бағ­дар­ламаның арқасында мектептер, ауыл­дық аурухана, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ауруханаға енді құрал-жабдықтар сатып алынбақ. Хирург пен гинеколог мамандар шақырылып, баспанамен қамтылыпты.

Баспана демекші, облыс әкі­мінің тікелей тапсырмасымен Марқакөл ауылындағы Крахмаль көшесінің аяқ жағында қос пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Алдағы уақытта бұл үй­лер көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға «Шаңы­рақ» бағдарламасы арқы­лы сатылатын көрінеді. Марқакөл ауылдық округінің әкімі Рустем­бек Кемешовтің айтуынша, ірге­тасы қаланып үлгермеген үй­лерге құда түсушілер көп сияқты. Сол үшін де шығар, жеке кәсіп­керлердің күшімен тағы бес үй салу жоспарда бар екен. Алайда ауылдықтар үйлердің бос қалып жатқанына жандары ауырады.

– Бұрынырақта ел «үйім өтсе көше­мін» деп отыратын. Қазір сатып алушы табылмаса да есігіне қара құлып іледі де, кете береді. Бос үйлер көп. Ал бюджеттің ақ­шасын шығындап, жаңа үй салып жатқандарын түсінбедім. Ауылға халық сыймай жатса жа­райды, үй салуға болар еді. Оның өзінде қалқайып бос тұрған үйлерді жөндеп берсе, әлдеқайда тиімді болмай ма?! Ең дұрысы, алдымен ауылда жұмыс орындарын ашу керек. Әйтпесе Марқакөлдің ортасына алтыннан сарай соқса да халық тұрақтамайды, – дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Абзалбек Мұхаметжанов. 

Марқакөлдің орталығына ал­­­тыннан сарай соғылмаса да, Нұр-Сұлтандағы «Бәйтеректің» көшірмесі орнады, Күршімдегідей Абайдың қоладан құйылған ескерткіші бой көтерді. Мүсіннің жан-жағы абаттандырылды, электр шамдары тартылды. Сон­дай-ақ ауыл ажарын аша түсетіндей әуенді субұрқақ іске қосылды. Мұндағы музыкалық субұрқақтың ұзындығы 12 метр, ені 9 метрді құрады. Ауылдың ішіндегі жеті көшеге жарық тартылып, 8 көше асфальтталды, он көшеге қиыршық тас төгілді. Үш бірдей балалардың ойын алаңы салынды. Футбол алаңы бар. Аудан басшылығының айтуынша, соңғы отыз жылда мұндай жұмыстар қолға алынбаған екен. Біздің де жетімнің күйін кешті деп отырғанымыз сол емес пе?! 

– Ауылда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығына дерлік жергілікті азаматтар тартылды. Геологиялық зерттеу жүріп жат­қан «Маңқа» кен орнында да ауыл­дың жиырма шақты тұрғыны жұмыс істеп жүр. Биыл Марқакөл ауылдық округінде ғана 1 млрд-ға жуық қаржы иге­рілді, – дейді округ әкімі Рус­тем­бек Кемешов.

Округ әкімі ауылшаруашылық саласында атқарылған жұмыстар­ды да тізіп шықты. Мәселен, егістік­ті суару мақсатындағы «Щукин­ский» және «Сандық­тоған» атты үлкен екі каналдың көз­дері ашылған. Су жеткен соң бос жатқан 600 гектар алқап­қа бидай, арпа, көпжылдық шөп­тер егілген. Округтің шаруа қо­жалықтары техникаларға қол жеткізіп жатыр. Тарбағатай ауда­нындағы «Ықыбай» шаруа қожалығынан асыл тұқымды 37 бұқа әкелінген. «Нұрәлі» ша­­руа­шылығының базасында сүт фермасы салынып, келер күндері жұмысын бастамақ ниетте. Жанынан 1000 басқа арналған бордақылау алаңы бой көтерген.

Сонымен қатар ауыз су мә­се­­лесі де толық шешімін тап­қан­ға ұқсайды. Ауылдан бес ша­қырымдай жердегі Үшқұдық бастауынан шығып жатқан суға құбыр тартылып, су жинақтайтын орынға жеткізген.

Р.Ке­ме­шов ертеңгі күнге құ­ры­лып отыр­ған жоспарларымен де бөлісті.

– Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу үшін жер белгіленіп қойды. Келесі жылы 24 пәтерлі үйлердің бірін жөндеп, ауылға келген жас мамандарды, мұға­лімдерді баспанамен қамту ой­да бар. Сол көп қабатты үйді жөн­деп, ашсақ қалада пәтер жалдап жүрген жастар келеді деп ойлай­мын. Поштаның үш қабатты ғи­мараты аукцион арқылы сатып алынды. Келесі жылы жөнделіп, сауда орталығы ретінде ашылмақ. Даладағы дүңгіршектердің бар­лығын сонда жинақтаймыз. Ат­қарылып жатқан жұмыстардың барлығы биылмен шектелмей, алдағы уақыттарда жалғасын таба береді, – дейді округ әкімі.

Р.Кемешовтің сөзі­н­е сүйен­сек, халықтың басқа жақ­қа­ кө­шуі тоқтады. Керісінше ша­ғын ауылдарға көшіп келіп, шаруа­шылық ашып жатқандар бар. Шаруашылықтары шалқып жатса, нұр үстіне нұр, әрине. Бірақ осыдан бірнеше жыл бұрын Марқакөлде шұжық цехы мен сүт зауыты ашылып, өзін өзі ақтай алмаса керек, қайта жабылып қал­ған. Тұрғындардың пікірінше, цех, зауыт сынды жұмыс орындарын ашпайынша, түкпірдегі халықты ұстап қалу қиын. Оның үстіне отын-көмірдің бағасы да қымбат көрінеді. Ағаш отынның текше метрі 20 мың теңгеден бас­талса, Қаражырадан жеткізілетін көмірдің тоннасы – 25 мың теңге. Қысы қытымыр Марқа өңірі үшін бұл да – үлкен мәселе. Қорыта айт­қанда, шекара шебіндегі елге шынайы жанашырлық керек.