Білім • 20 Қараша, 2020

Балабақша – жаңартылған білімнің бастауы

1672 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл еліміздегі орта білім берудің мазмұны толығымен жаңар­тылды. Жаңартылған білім беру заман талабына сай ұр­пақ тәрбиелеудің алғышарты болып тұр. Ал осы бағыттағы атқа­рылған істер нәтижелі болу үшін жаңартылған білім мазмұнына сәйкес тәрбиелеу мен оқытуды балабақшадан бастау керек. Се­бебі мектепке дейінгі білім – барлық білім беру жүйесінің іргетасы.

Балабақша – жаңартылған білімнің бастауы

Жоғарыдағы сөзімізді тарқата кетейік, мектепке оқушыны да­йын­дайтын – әрине мектеп­ке дейінгі ұйым. Кейінгі кезде ата-аналардан бірінші сынып­қа баратын балаларының қат­ты қи­налатынын естіп жүрміз. Орта білім берудің мазмұны жаңар­тылғанда мектепке дейінгі білімде де жаңа бағытқа қарай өзгеріс болуы керек. Міне, біз қалалық білім басқармасымен бірлесіп, сондай-ақ балабақшамызда тәр­биеші-педагогтермен осы ба­ғытта жүйелі жұмыстарды жүр­гізіп келеміз. Негізінен осыдан үш жылдай бұрын Қызылорда қа­лалық білім бөлімінің тапсырмасы бойынша қаладағы мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың «№7 аймақ» деп аталатын тобы құрылды. Осы топ мектепке дейінгі ұйым қыз­меткерлерінің педагогикалық ба­ғытта өзара тәжірибе алмасуы­на көп септігін тигізді. Әсіресе жаңартылған білім мазмұнына қатысты әдістемелік күндер тұ­рақ­ты ұйымдастырылып отырды. Бұдан бөлек біз де тәрбие мен білім ұясында өзіміздің маман­дарға тәжірибелік, әдістемелік са­ғаттарды өткіземіз.

Сол тәжірибеме сүйеніп, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда жаңар­тылған білім мазмұнының ерекшеліктері жайындағы ма­ңызды ойларымды айта кеткім ке­леді. Жаңартылған білім мазмұнында баланы бағалаудың ерекше әдісі бар, мұнда әрбір әре­кетін, жетістігін, талпынысын көріп, соған сай баға беріп оты­ру қажет. Шын мәнінде ба­ғалау, мадақтау, ынталандыру әдіс­тері мектеп жасына дейінгі ба­лалар үшін, олардың дамып, жетілуі үшін үлкен маңызға ие. Сондықтан бұл әдістерді жаңар­тылған мазмұнда жаңғырта жүру мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен айналысатын кез келген педагогтің қолынан келеді.

Ал жаңартылған білім маз­мұ­нындағы 4 дағдыны (тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым) әлі әріп танып, дыбысты дұрыс айта алмайтын балаларда қалып­тастыру қиын-ақ. Десек те мектепке дайындалып жүрген бала­ның тыңдай алуы, түсінгенін, үй­ренгенін өзгеге айтып жеткізе алуы, сонымен қатар алдағы жа­зуға дайындалып шимайлай алуы және түрлі бейнелер мен формаларды, белгілерді ажыратып оқуға дайындалуы аса керек. Сол себепті осы төрт дағдыны ба­ланың бойында балабақшадан қалыптастыруға мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері көп көңіл бөлгені абзал. Бұл жан-жақ­ты қалыптасқан, мектеп табал­дырығын аттайтын оқушыға қа­жетті дағдыларды игерген, ең бастысы ата-анасының ықпа­лын­сыз, өз бетімен әрекет ете ала­тын баланы тәрбиелеуге едәуір үлкен септігін тигізеді.

Жаңартылған білім беру бағдар­ламасының тағы бір ерек­шелігі балаға берілетін тапсыр­малардың спиральді қағидатпен, яғни «шиыршық» әдісімен бері­луінде болып тұр. Бұл деге­німіз – оңайдан күрделіге қа­рай жү­ріп отыру деген сөз. Со­ны­мен қатар осы қағидатпен бе­ріл­ген­де жыл бойында өткен та­қы­рыптарды үнемі қайталап оты­руға да мүмкіндік береді. Мі­некей, осы қағидат – зейіні әлі тұрақ­талмаған, бір орында байыз тауып отыруды білмейтін, тез жалығып кететін мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуге, жаңа және қиындау нәрсені үйретуге таптырмайтын бағыт.

Жаңартылған білім мазмұ­ны­на көшу – жыл сайын емес, күн сайын өзгерістер орын алатын, дамып отырған техника мен тех­нологияның заманында ке­зек күттірмейтін шешім. Мұн­дай қызықты да жауапты жолда әріп­тестеріме табандылық тілей­мін!

 

Нұрқайым ЧИНХОДЖАЕВА,

№31 «Алтын кілт» бөбекжай-балабақшасының әдіскері

 

ҚЫЗЫЛОРДА