Қоғам • 20 Қараша, 2020

Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

566 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында дәрілік препараттардың қоры жеткілікті. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ринат Құбатаев мәлімдеді.

Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

Облыста жұмыс істеп тұрған 325 дәрі­ханаға департамент тарапынан уақ­тылы мониториг жұмыстары жүргі­зіліп тұрады. Тексеріс барысында осы жылдың мамыр-тамыз айлары аралығында көтер­ме сауда қоймаларына бактерияға қарсы препараттардың 1 761 217 қорабы келіп, оның 1 021 545-і сатылғаны анықталды.

Спикердің айтуынша, сатылған дәрінің барлығы – дәрігердің нұсқауымен ғана берілетін препараттар. Биыл жазда айларда пандемия өршіп, көбіне әлеуметтік желілерде, ғаламторда тара­ған түрлі әдістермен емделіп жүрді. Бұл – үлкен қателік. Осы орайда жуырда ғана облыстық әкімдікте дәріханаларда дәрігердің нұсқауынсыз дәрілік препараттарды сатпау туралы жиын өткен болатын.

– Бұдан былай дәріханаларда маман­дардың рецептісіз ешқандай препарат берілмейді. Басқаша болған жағ­дайда міндетті түрде департаментке хабар­ласу­ларыңыз қажет, – деді Р.Құбатаев.

Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығына сәйкес – 138 белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санат­тарының тегін медициналық көмек­тің кепіл­дік берілген көлемі шең­берінде және міндетті әлеуметтік меди­циналық сақ­тандыру жүйесінде дәрілік заттар мен ме­дициналық бұйымдар қамтамасыз етілуде. Оның ішінде COVID-19 инфекциясын емдеу үшін амбулаториялық жағ­дайда тегін берілетін дәрілік заттар бар.

– Вирус ешқашан антибиотикпен емделмейді. Қайта өзіңіздің ағзаңыздың вирусқа қарсы тұратын күшін төмендетіп, ауыр жағдайға шалдығудың қаупі өте жоғары болмақ, – деді Р.Құбатаев.

Денсаулық сақтау министрлігінің тапсыр­масына сәйкес Маңғыстау облы­сының көтерме қоймалары мен дәрі­ханаларында 41 атау бойынша дәрілік заттардың болуын қадағалайтын мониторинг жүргізіледі. Осы орайда мамандар медицина қызметкерiнiң арнайы заңнамада белгіленген, дәрiлiк заттарды өткiзу қағидаларын және рецептер жазып беру жөніндегі талаптарды бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылғанын ескертеді.

Жалпы, департаментке тіркелмеген дәрілік заттарды сату, сондай-ақ бөлшек сауда бағаларынан асып кету фактілері бойынша 179 өтініш түскен болса, оның ішінде әлеуметтік желілерден келіп түскен 95 шағым Маңғыстау облысы­ның полиция департаментіне жедел шара­лар қабылдау үшін жіберілді. Ал мем­лекеттік органдардан 71 шағым түсіп, аталған материалдар бойынша 33 хат­та­ма толтырылған және екі дәріхана соттың шешімімен 15-30 күнге қызметін уақытша тоқтатқан.

17 қарашадан бастап департамент ма­ман­дарының және Маңғыстау облы­сы әкімдігінің экономикалық және бюд­жеттік бөлімінің басқарма мамандарымен бірге тұрақтандыру қорына бөлінген 300 млн тенгеге сатып алынған дәрілік заттардың тізімге сәйкестігі және қалдығына мониторинг жүргізілуде. Маңғыстау облысында КВИ инфекциясын және салдарын емдеу мақсатында дәрілік заттардың тұрақтандыру қоры жасақталып жатыр. «Каспий» ӘКК мен «Ада-Фарм Актау» ЖШС, «ФАИЗ-2016» ЖШС және жеке кәсіпкер Ж.Искакова сияқты Маңғыстау облысының кәсіпкер­лері арасында 300 млн теңгеге келісім жасалды. Бүгінде «АДА-Фарм Ақтау» ЖШС 128 млн теңгеге дәрі-дәрмектер сатып алды. «ФАИЗ-2016» серіктестігі 100 млн тең­геге, жеке кәсіпкер Ж.Искакова 50 млн тең­геге антибиотиктер, дәрумендер, ви­рус­қа қарсы, қызу түсіретін, қан сұ­йыл­татын, гормондық дәрілік заттар алды.

Р.Құбатаевтың айтуынша, КВИ мен оның салдарын емдеуге арналған дәрі-дәрмектермен халықты қамтамасыз ету үшін бірыңғай дистрибьютор «СК –Фармацияға» 30 млн теңгеге қан сұйыл­татын, гормондық дәрі-дәрмектер, антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттар сатып алынды және қосымша 200 млн теңгеге сұраныс берілді. Сонымен қатар дәрі тапшылығын болдырмау мақсатында кәсіпкерлер дәрілік заттарды бір реттік енгізуге лицензия алып, өз қаражатына да әкелуде. Департамент дәрілік заттардың қалдықтарын, шекті бағадан аспауын, қорғаныс құралдарын көтерме және бөлшек сауда желісінде күнделікті телефон арқылы бақылауда.

Қазір Маңғыстау облысында көтерме саудада 659 мың медициналық бетперде, бөлшек саудада 469 мың медициналық бетперде, бөлшек және көтерме желілерде 35 243 жұп медициналық қолғап бар. Дәрілік заттардың қажеттілігі комиссия отырысында апта сайын талқыланады. Дәрілік заттар алуға қосымша 150 млн теңге қаржы бөлінбек.

– Қазір – күздің кезі, тұмаудың күше­йетін уақыты. Осы кезде жай тұмауға ма, әлде коронавирусқа шалдықтың ба, біл­мей қаласың. Сол себепті егер сал­қын тисе, бірден емханаға хабарла­сып, алдын алған жақсы. Өзіңіздің, отба­сы­ңыздың, жақындарыңыздың денсау­лығына мұқият болыңыз. Міндетті түрде оқшауланып, жиі-жиі бөлменің ауасын тазартып тұрыңыз, –деді Р. Құбатаев.

Сондай-ақ ол «Dari.kz» мобильдік қосымша іске қосулы тұрғанын, аталған қосымшада мемлекеттік тіркеуден өткен 7 мың дәрілік препараттардың тізімі мен бағасы да көрсетілгенін атап өтті.

Баспасөз конференциясында «PHARMA PLUS AKTAU» ЖШС директоры Гүлнар Мусина да қатысты. Оның мәліметінше, биыл жазда дәрілер де, қорғаныш заттары да жеткілікті болды. Алайда тұрғындар бір келгенде дәрілерді толтырып сатып алып жүрді. Осы себепті көптеген препараттың тапшылығы бай­қала бастады.

– Қазір дәріханаларда дәрі жеткі­лікті. Үйімізге толтырып аламыз деп әлек­тенбесеңіздер болады. Өйт­кені жер­гі­лікті фирмаларымызда да, қойма­лары­мызда да дәрілер толық. Ешқандай қорқыныш, уайым болмасын, – деді Г.Мусина.

Сонымен Маңғыстауда дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдары қоры жеткілікті делінеді. Бірақ індеттің қарқыны қалай боларын ешкім білмейді.

 

Маңғыстау облысы