Алтын күннің астында ортақ мүдде жолына ұйысып, қаймағы бұзылмаған қадірлі жұртымыз орда тіккен отыз жылды өткеріп, болашаққа батыл бет алып барады. Жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанып, кем-кетігіміз толысып, ұлттық құндылықтар ұлықталуда. Таныстырылымның тиек ағытар сөзі осылай басталды. Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба шара маңызына тоқталды: «Мемлекет басшысының ұлы Абайдың 175 жылдығын жоғары деңгейде мерекелеу туралы арнайы Жарлығы халқымыздың тарихи жады мен рухани өміріне соны серпіліс әкелген тарихи оқиға болды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан осы бағытта қолға алған шаруаның шоқтығы биігі – осы «Абай институты» ашық білім беру жобасы. Бұл шараның қайнар көзі «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан» бастау алады. Қазіргі таңда «Отандастар» қорымен бірлесіп, бес мемлекетте: Түркия, Иран, Ресей, Бельгия және АҚШ елдерінде қазақ тілін оқыту курстарын бастадық».
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Айдос Әбдіхалық портал туралы жан-жақты әңгімелеп берсе, жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай іске қосылып жатқан жобадан үлкен үміт күтетінін жасырмады.
«Біздің буын баланың ойыны деп санап келген ғаламтор бүгінде заман тілі ретінде танылып, тіпті мемлекеттердің саясатын айқындап беретін құрал деңгейіне көтерілді. Сондықтан қазақ тілін білгісі келетін шетелдіктерге бұл жоба үлкен көмек болады деп ойлаймын. Өз басым осындай еуропалықтарға куә болып, Қытай ғалымының Абай қарасөзінің аудармасына: «Мұны неғып бұрын білмегенмін», – деп таңғалғанын көрдім. Енді көркемдік деңгейін көтеріп, осы порталға жарияласа, қаншалықты көмек болар еді», деді ол.
Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігі диаспоралармен жұмыс жөніндегі басқарма басшысы Мұқтар Кәрібай, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Отандастар қоры» президентінің кеңесшісі Дидар Болат ақжолтай тілек білдірді.
Іске қосылып отырған www.abai.institute веб-порталының жұмысы туралы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының басшысы София Қажыақпарқызы жан-жақты түсінік берді, ал «Қазақ тілін оқытуда интернет ресурстарын пайдалану туралы» Иран Ислам Республикасындағы қазақ тілі оқытушысы Асқар Қазақ әңгімеледі.
Онлайн шараға шетелдердегі Қазақстан Республикасы Елшіліктерінің жауапты мамандары, Түркия, Иран, Ресей, Бельгия және АҚШ елдерінде қазақ тілін оқытып жатқан кураторлар мен Бразилия, Франция, Германия, Қытай, Өзбекстан, Моңғолияда тұрып жатқан бауырларымыз қатысты.
Ерлан ТӨСБАЙҰЛЫ