Аймақтар • 20 Қараша, 2020

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Ақтөбеге келді

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Ақтөбе облысына келген сапарында бірден  Хромтау ауданына барып, жұмысын «Ашық әкімдік» қызметін бақылаудан бастады  деп хабарлайды Egemen.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Ақтөбеге келді

«Ашық әкімдік» кеңсесінде ведомство басшысы  жеке сұрақтарымен келген тұрғындарды қабылдады. Сервистік әкімдікке  көшелерді жарықтандыру және  абаттандыру,  байланыс қызметін жақсарту, мүгедек баланың еміне көмек сұрау, жұмысқа орналастыру  бойынша сұрақтар көп түскен.

«Барлық өтініштер жергілікті атқарушы органдардың жеке бақылауына алынып, жауапты тұлғалар бекітілді. Аумақтық департаментке әрбір өтінішті зерделеп, оны егжей-тегжейлі қарап шығу туралы тапсырма берілді», - деді Алик Шпекбаев тұрғындармен кездесу  барысында. Кездесуге келген тұрғындар  «бір терезе» қағидаты бойынша азаматтарға жедел және кедергісіз қызмет көрсетуге бағытталған  Хромтау сервистік әкімдігінің жұмысын оң бағалады.

“Еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі- сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын жүзеге асырудың бір амалы сыбайлас жемқорлықтың ықтималдығына жол бермеу. Облыс көлемінде тұрақты түрде іс-шаралар іске асырылуда”,- деді Оңдасын Оразалин.

Сервистік әкімдік жанындағы азаматтарды жеке қабылдауға арналған  «Open Space»  бөлмесінде «Адал көмек» жобасының жетекшісі Айман Омарова Хромтау ауданының тұрғындарына заң кеңесін өткізді.

Хромтау ауданының «Ашық әкімдігіне» осы жыл ішінде  600-ден астам өтінім хат, 500-ден астам өтініш, сауалдар  келіп түсті.  Жыл басынан бері 8000-нан астам қызмет көрсетілген. Сондай-ақ электронды  өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары да қарастырылған.

«Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Агенттік азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды күшейтуде.

Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын арттырудың тиімді құралы – халық алдында қолжетімділік пен есеп беруді қамтамасыз ету. Сондықтан мемлекеттік аппарат халықпен мүмкіндігінше жиі кездесіп, оның мұң-мұқтажын тыңдап, азаматтардың мәселелерін жедел шешуі керек», - деді Агенттік төрағасы.

Қазіргі кезде   Ақтөбе облысының барлық аудандық және қалалық әкімдіктерінде «Open Space» үлгісінде 15 сервистік әкімдік және 65 кабинет жұмыс істейді.

Хромтау ауданының бірқатар мекемелерін аралаған Алик Шпекбаев аудан жұртшылығы өкілдерімен кездесуінде басшылардың  қол астындағылардың сыбайлас жемқорлығы үшін  дербес жауапкершілік алатыны,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізудің жаңа тетіктері туралы айтып берді.

Сондай-ақ, «Protecting business and investments» бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша жобаның іске асырылу барысымен танысу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы «Arm Wind» ЖШС жел электр станциясына, «Экоферма» ЖШС құлпынай өсіретін жылыжайға, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға және облыстың басқа да бірқатар кәсіпорындарына баруды жоспарлап отыр.