Аймақтар • 20 Қараша, 2020

Алматылық оқушылар өздерін тіл шеберлігіне баулып жүр

605 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемдегі күрделі ахуалға байланысты көптеген білім ошақтарындағы оқу процесі онлайн форматта өрбуде. Дәстүрлі оқу жүйесін алмастыра алмаса да, онлайн оқудың өзіне тән ерекшелігі бар. Ақылды технологиялар әлеуетін тиімді пайдаланып онлайн оқу жүйесін ойдағыдай жүзеге асырып жүрген білім ордаларының бірі Алматы қаласында орналасқан  Cүйінбай Аронұлы атындағы №143  мектеп-лицейі.

Алматылық оқушылар өздерін тіл шеберлігіне баулып жүр

Біз сөз етіп отырған білім ұясындағы дарынды оқушылардың бастамасымен жуырда «Сөз төркіні» деп аталған пікірсайыс клубы өз жұмысын бастады. Қазақ тілі мен әдебиетінің мәйегіне үңілуді мақсат тұтқан талапкерлердің алғашқы қадамы жаман емес. Белсенді шәкірттерді сөз өнеріне, ой еркіндігіне машықтандыратын жоба құрамына 20 оқушы еніпті. Мұнда жас зияткерлер өздерін тіл шеберлігіне баулып жүр.

– Бұл бастаманы шәкірттеріміздің ұсынысымен жүзеге асырып отырмыз. Оқушылардың көпшілік алдында ашық сәйлеу және сыни тұрғыда ойлау шеберлігін арттырудың маңызы зор. Қазіргі уақытта  zoom платформасын пайдалана отырып, алғашқы жұмысымызды бастап кеттік. Пікірсайыс клубының әрбір басқосуында түрлі салада жетістікке жеткен мамандармен сұхбаттасып, еркін әңгіме өрбітеміз. Көбіне-көп ақын-жазушылар, журналистер мен мәдениет саласы мамандарымен болған дидарласулар клуб мүшелеріне айрықша  әсерін тигізіп жүр. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, оларды көрген балалар әдеби кітаптар оқып, шешендік сөздер жаттап, қанаттанады. Ойын ашық айта алатын, сөз саптау қабілеті қалыптасқан ұрпақ қоғамнан  орнын тауып, болашақта  өз саласының көшбасшысы болуға дағдыланады, – дейді Cүйінбай Аронұлы атындағы №143  мектеп-лицейінің аға тәлімгері Назерке Жүнісбаева.

Пікірсайыс клубының көшбасшысы 10-сыныпта оқитын  Асхат Төлепберген. «Қай саланың шетінде жүрсе де, әрбір қазақ баласы өз ана тілін, әдебиеті мен тарихын терең білуі керек» деген ол болашақта журналист болуды армандайтынын айтады. Асхаттың сөзінше,  «Сөз төркіні» ұйымының мүшелері еліміз бен әлемде болып жатқан елеулі жаңалықтарды да өзара талқыға салып, ой-пікір білдіріп отырады. Алдағы уақытта топ мүшелері толыға түспек.