Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлім етті.
Бүгінгі таңда 311 мектепке дейінгі ұйымда 36 540 бала тіркелген. Штаттық режимде жұмыс істейтін балабақшаларда барлығы 2770 педагог және 3121 техникалық қызметкер жұмыс істейді.
-Балабақшаларда санитарлық-эпидемиологиялық, дезинфекциялық жұмыстар талапқа сай жүргізіледі. Бұл орайда, басқарма тарапынан барлық балабақшалардағы санитарлық талаптарды күшейту жөнінде тапсырмалар берілді,деді Асқар Сейдалиев.
Айта кетейік, бірінші тоқсанда 156 мектепте 158 673 оқушы (141 күндізгі мектепте 156655, 10 жекеменшік – 1378, 6 кешкі – 694), мектепалды даярлық сыныбында 9330 бала оқыды. Жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 18 601 бала қабылданды. Қарақия ауданы, Аққұдық орта мектебіндегі 27 оқушы штаттық режимде оқыды.
І тоқсанда 128 мектепте тек 1 сыныптар үшін кезекші сыныптар ашылып, онда 1 сынып оқушыларының жалпы контингентінің 83% оқыды (15 295 оқушы). Қалған оқушылар ата-аналарының қалауымен үй жағдайында қашықтықтан оқытылды.
Қашықтықтан оқитын 2-11 сынып оқушылары үшін mektep.edu.kz платформасы қолданылды және олар darynonline.kz, bilimland.kz, edupage.kz цифрлы білім беру ресурстарын контент-ресурс ретінде пайдаланды.
Оқу жылы басталғаннан бері коронавирус инфекциясымен облыс мектептерінің 8оқушысының және 1 мұғалімнің ауырғаны анықталды. Қазіргі кезде оларды оқшаулау шаралары алынды, отбасы мүшелері карантин режиміне көшірілді. Кезекші сыныптар оқитын білім беру мекемелеріне қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша жұмыстар күнделікті бақылауда.
Қазіргі кезде 1 сыныптардағы 15295 (83%) оқушы әрбір сыныпта 15 баладан аспайтын кабинетте, ара қашықтықты сақтау және күнделікті термометрия жасау арқылы ұйымдастырылған 138 (128 мемлекеттік мектептің, 10 жекеменшік мектептің) кезекші сыныпта оқиды. Ал, қалған 2-11 сыныптардың оқушылары қашықтықтан оқытуды жалғастырады.
Қарақия ауданы Аққұдық орта мектебі (шағын жинақты мектеп) штаттық режимде оқытыла береді. Спикердің айтуынша, қашықтықтан оқытуды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 8100 компьютер, республикалық бюджеттен 22 541 компьютер сатып алынып, қажет оқушыларға таратылып берілді.
-Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары толықтай қашықтықтан оқытуды жалғастыруда. ТжКБ ұйымдары оқу процесінде kollege.edu.kz білім беру платформасын қолданады. Сонымен қатар, колледж студенттері мен оқытушылары ҚР БжҒМ қарасты «Кәсіпқор» холдингі ресми сайтының, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің Google DISK оқыту материалдарын және оқытушылардың авторлық бағдарламаларын пайдаланады, деді А. Сейдалиев.
Маңғыстау облысы