Қазақстан • 22 Қараша, 2020

"Nur Otan"-да Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды

118 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларды іске асыру барысы «Nur Otan»партиясының «Индустриялық-инновациялық даму бағыты» бойынша комиссиясы отырысында талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Nur Otan"-да Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды

Партиялық куратор, Мәжіліс депутаты Альберт Рау индустрияландыру картасын қайта жандандырудың жаңа тәсілдерін атады.

«Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мен Индустрияландыру картасының жобаларына кепілдік беруді, индустриялық инфрақұрылым жүргізу бойынша жақсартылған шарттарды, сондай-ақ осыған орай міндеттемелердің мониторингін қарастыру қажет. Бұдан басқа, қаржыландыруға байланысты даму институттары желісі бойынша бөлінетін қаражаттың 50%-ын карта жобаларына бағыттап, Премьер-Министр мен өңірлер әкімдері арасындағы Меморандумның индикаторларына тиісті жылға енгізілетін жобалардың санын қосу қажет», - деп мәлімдеді Альберт Рау.

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов еліміздің әрбір облысына қатысты толық есеп беріп, 2020 жылдың негізгі жобаларын атады. Олар: Алматыда «КМК Investment» ЖШС металлургиялық зауыты, елордада «ModeX Astana» ЖШС көлемді-блокты үй құрылысы зауыты, Қарағанды облысында «Qaz Carbon» ЖШС ферроқорытпа зауыты, Алматыда «Hyundai Trans Kazakhstan» жеңіл автокөліктер өндірісі, Сарань қаласында автобустар, карерлік және жол-құрылыс техникасын шығару өндірісі, Қарағанды облысында «QazTehna» ЖШС және Шығыс Қазақстан облысында «Үлбі-ТВС» ЖШС жылу бөлетін құрамалар өндірісі.

«Биыл 995,9 млрд.теңге инвестиция көлеміндегі 18,8 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген 206 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішіндегі 77 жоба (5,8 мың жұмыс орны) ауылдық жерлерге, 15 жоба (1 мыңнан астам жұмыс орны) моноқалаларға бағытталған. Барлық мәлімделген жобалар толыққанды жүзеге асқан жағдайда өндірілетін өнімнің жалпы күтілетін көлемі – 3 млрд АҚШ долларын, оның ішінде экспортқа шығарылатыны – 800 млн АҚШ долларына жуық қаражатты құрайды», - деп нақтылады Аманияз Ержанов.

Спикер атап өткендей, бүгінгі таңда жалпы сомасы 432 млрд теңгеден асатын 51 жоба пайдалануға берілді, 127 жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, 13 жобаны пайдалануға беру мерзімдерінің орындалмауы және 15 жобаны келесі жылға ауыстыру тәуекелі байқалады.

Өңірлер арасында инвестиция көлемі бойынша Қарағанды (203,1 млрд теңге), Ақтөбе (138,3 млрд теңге) және Алматы (104,1 млрд теңге) облыстары көш бастап тұр. Жобалар саны бойынша - Ақтөбе (23), Шымкент қ. (21), Ақмола және Павлодар облыстары (14) алда тұр.

Талқылау барысында Альберт Рау өңірлік партиялық кураторлар тарапынан индустриялық жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті

«Индустриялық жобаларды қазіргі қалыптан тыс дағдарыс жағдайында іске асыруды жалғастыру – біздің экономикамыздың әртараптандырылуы мен орнықтылығы үшін аса маңызды. Шектеу шараларына қарамастан, жобалардың басым бөлігі іске қосылатыны қуантады», - деп атап өтті партиялық куратор.

Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия Үкімет үшін бірқатар ұсынымдар қабылдады, олардың ішінде: іске қосуға дайын жобаларды іске қосу-реттеуді жүргізу үшін шетелдік мамандардың келуіне көмектесу; карта жобаларын іріктеуді, үйлестіруді және сапалы мониторинг жүргізуді, уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай Индустрияландыру картасының тәжірибесіне оралу бар.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Алматы қаласында жалғанбаған болат құбырларды өндіру кезінде тек қазақстандық болатты пайдалану; сондай-ақ Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесіп, жыл соңына дейін металлургия зауытын іске қосуды қамтамасыз ету ұсынылды.

Энергетика министрлігі «KEGOC» АҚ жанындағы бірыңғай есеп айырысу-қаржы орталығымен ЖЭК жөніндегі картаның іске асырылатын жобаларына шарттар жасасуды қамтамасыз етуі қажет.