Спорт • 22 Қараша, 2020

Алматыдағы кәсіпқой бокс кеші

448 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда «Nev Names» пен «Дарын» промоутерлік компанияларының ұйымдастыруымен кәсіпқой бокстан халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыдағы кәсіпқой бокс кеші

Бұл жарыста Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстаннан келген былғары қолғап шеберлері күш сынасты. 

Шаршы алаңға 12 жұп шықты. Солардың арасынан төрт жерлесіміздің өнері ерекше әсер қалдырды. Атап айтсақ, 66,6 кило салмақта өнер көрсеткен атыраулық Бекболат Құрамысов Алматы облысының өкілі Олжас Тұрсынбаймен кездесті. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушылар Дастан Сәдуақасов пен Сәрсенбай Торғаевтан тәлім-тәрбие алған айтулы боксшының студенттер арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін финалисі және Азия біріншілігінің қола жүлдегері деген атақтары бар. Кезінде Бекболат «Астана арландары» сапында жұдырықтасқаны да жадымызда. Осындай үлкен мектептен өткен сақа спортшыға кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін өткізген Олжасты ұту айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Құрамысов қарсыласын аса ауыр соққылардың астына алғаннан соң төреші жекпе-жекті үшінші раундта тоқтатты.

Улдв

63,5 кило салмақ дәрежесіндегі Бауыржан Бейілдиновтің де өнері жақсы әсер қалдырды. Алматы облысы Іле ауданының атынан шығып жүрген жас жігіттің жекпе-жегін бұған дейін де тамашалаған едік. Тұсаукесер кездесуінде ол қарсыласын екінші раунда есінен тандырған еді. Бауыржан бұл жолы да сол бағытынан жаңылған жоқ. Ол Жетісу өңірінің тағы бір түлегі Ақжол Нұрдунды бәсеке басталған бетте бүйірден ұрып сұлатып салды.  

Бір шоғыр саңлақтарды тәрбиелеген танымал бапкер Сағатбек Мұсахановтың да шәкірттері осы жарыстар жасындай жарқырады. Көптеген бокс кештерінде өнер көрсетіп, жанкүйерлер жүрегін жаулап үлгерген жеңіл салмақтағы Ескендір Харсаналты раундтық бәсекеде Ержан Жасұланды жеңді. Оның тактикалық та, техникалық тұрғыдан да қарсыласынан шеберлік деңгейі бір бас жоғары екені көзге анық ұрып тұрды. Орта салмақтағы Ғани Спатаев (79,7 кило) тәжікстандық Абувахит Рахматуллаевты айқын басымдықпен ұтты.