Әншейінде назар аудара бермейтін ешкі сүтіне деген сұраныс күннен-күнге көбейіп келеді. Әртүрлі ауру-сырқауға ем екені де ежелден белгілі. Оның үстіне ешкі – өсімтал түлік. Ілкідегі жұрттың «есің кетсе, ешкі жи» деген сөзі де бекер емес-ау. Облыс орталығында тұратын жеке кәсіпкер Юрий Ротэрмель табыстың осы көзін жандандыруға бел буып отыр. Сүті ғана емес, етіне де тұтынушылар тарапынан тәп-тәуір сұраныс бар.
Кәсіпкердің есіл-дерті ешкіге ауғаны да бекер емес екен. Бірер жыл бұрын ауыр дертке шалдығып, ұзақ уақыт сарытап болып төсек тартып жатып қалыпты. Тіпті шетелдің атақты емханаларында да емделген. Түптің түбінде дертіне дауаны өзінің айтуына қарағанда, ешкінің сүтінен тапқан.
– Қытайда емделгенімде сол жақтың білгір мамандары ешкінің сүтін ішіп көр деп ақыл айтты. Елге оралған соң ешкі сүтін ішіп, ауруымнан айықтым. Бұрын ішіп көрмеп едім, дәмі де тіл үйіретін тәп-тәтті екен. Кейін өзіме ғана емес, ел ішіндегі ауру-сырқау адамдарға шарапаты тисін деп ешкі өсіруге бел будым, – дейді Ю.Ротэрмель.
Түліктің басым бөлігін іргедегі Түменнен тасыпты. Қазір бағымында Алтай, Альпей, Зайна тұқымдары бар. Оның үстіне Моңғолиядан да бірер ешкіні арнайы тапсырыспен алдырыпты. Қазір қожалықтағы мал басы жүзден асқан. Ел құлақтанып, дүмеп келіп жатқан соң, ісінің алға басатынына сенген кәсіпкер алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтпек. Алдымен Германиядан ешкі саууға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алмақшы. Келісім де жасалып қойыпты. Жалғыз сүт қана емес, балаларға арнап йогурт та жасамақ.
Биыл кәсіпкер сауын аппаратын сатып алған. Тиімділігі көзге көрініп тұр. Бір мезетте 12 ешкіні қатар сауа алады екен. Өзінің бағамдауына қарағанда, тым қымбат та емес, 1 200 000 теңге. Ісі оңынан оңғарылса, шығыны аз уақыттың ішінде қайтып оралмақ. Қазір ешкі сүтін орталық базарларда сатып жүр. Таңсық тағамға алғашында тосырқай қараған халық бұл күнде кәсіпкер ешкі сүтін қашан әкеледі екен деп елеңдеп жүр.
Әуелі өзіне, сосын халыққа шарапаты тиіп тұрған шаруаның терістігі жоқ-ау. Ауылдағы ағайын да кәсіптің осы бір түрінен құлақтанып, қолға алып қарекет етсе, кәнеки!
Көкшетау