Экономика • 23 Қараша, 2020

Нобель-2020: Экономикаға орасан пайда әкеле ме?

235 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2020 жылы экономика саласы бойынша Нобель сыйлығы америкалық Пол Милгром мен Роберт Уилсонға бұйырды. Олардың аукцион теориясы мен аукциондардың жаңа форматын ойлап тапқаны үшін осы сыйлыққа лайық деп танылғанын әлемдік ақпарат құралдарының бәрі жарыса жазды.

Нобель-2020: Экономикаға орасан пайда әкеле ме?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

72 жастағы Милгром мен 83 жас­тағы Уилсон аукциондардың қалай жұ­мыс істейтінін зерделеп, өз идеялары негізінде дәстүрлі тәсілмен сатылымы қиынға соғатын радиожиілік секілді тауар мен қызметтерді сатуға арналған аукционның жаңа форматын жобалаған. Нәтижесінде олардың бұл табысы бүкіл әлемдегі саудагер, сатып алушы және салық төлеушілерге үлкен жеңілдік тудырады. Біздіңше, америкалық ғалымдардың еңбегіндегі жаңалық та осы фактор.

Әдетте аукцион десе біздің көз алды­мызға әлдебір мүлікті саудалап жатқан жалғыз адам мен бірнеше сатып алушы елестейді. Онда түрлі зат сатылуы мүмкін: тауар, құнды қағаз, өнер туындысы. Барлық аукционға тән ортақ ұстаным – әлеуетті сатып алушылар ара­сындағы бәсеке. Әдеттегідей кім артық ақша ұсынса, сол ұсынылған тауарға (мү­лік, туынды) иелік етеді. Ашық жә­не жабық деп бөлінетін аукционның да түр-түрі бар. Бірінде бір ғана сатушы, ал сатып алушы көп болса, енді бірінде сатып алушы жалғыз, ал сатушы көп болуы мүмкін. Милгром мен Уилсонның тапқырлығы сол – сауда-сат­тыққа қатысушыларға пайдасын мей­лінше арттыруға көмектесетін жаңа аукцион түрлерін ойлап тапқандығы. Экономистер жаңалығы туралы тарқат­пай тұрып, алдымен аукцион түрлеріне тоқтала кетейік.

Әлгінде аукционның түрі көп дедік. Кең таралғаны – ағылшын және голланд аукциондары. Негізінен картина, антик­вариат және өзге де құнды тауарлар саудаланатын ағылшын аукционында тауар бағасы минималды бағадан бас­талады. Қатысушылардың бірі тауарды сатып алуға дайын екенін хабарламайынша баға көтеріле береді. Ал голланд аукционында баға жоғары басталып, біртіндеп төмендей береді. Сондай-ақ қатысушылар ұсынған баға өзара жария етілмейтін аукцион түрлері де бар. Ондай аукциондарда үміткер өз бағасын конверт, сайт немесе арнайы бағдарлама арқылы жолдайды.

Кейінгі уақытта әлемдік аукцион бағ­дар­ламаларында қиындық туындады. Ғалымдар мен ұйымдастырушылар радиожиілік диапазондарының тиімді бөлінуін қамтамасыз ететін және салық төлеушілерге үлкен пайда әкелетін аукцион түрін қалай ойлап тапса болады деп бас қатыра бастаған. Алайда жиілік диапазонында жеке және ортақ компоненттер болғандықтан бұл күрмеуді тарқату өте қиын еді. Осы орайда Нобель сыйлығының ресми сайтында мынадай мысал келтіріледі:

«Белгілі бір аймақтағы жолақтың маңызы нақты бір операторға тиесілі жиілік жолағына тәуелді. Оператор ұлттық ұялы байланыс жүйесін тұрғыз­ғысы келді делік. Мәселен, швециялық қада­ға­лаушы орган солтүстіктегі Лап­лан­диядан бастап оңтүстіктегі Сконеге дейінгі аралықтағы жиілік жолақтарын бірінен соң бірін аукционға қояды. Енді Лап­ландиядағы лицензия құны опе­ратордың кейінгі кезеңдерде – Сконеге дейінгі аралықта лицензияны сатып алатынына және қандай бағада сатып алатынына тәуелді болмақ. Оператор болашақ аукцион нәтижесін білмейді, сондықтан лицензия үшін қанша төлеу керегін де білмейді. Сонымен қатар алып­сатарлар да жиілік жолағын сатып алып, екінші нарықта қымбат баға­мен сатуды көздейді. Нақтылық болмағаннан кейін оператор төменгі шекті мөлшерді ұстайды немесе аукцион­нан бас тарта тұрады. Бұл проблема басқа елдерге де тән. Осы проблеманы шешу үшін Милгром мен Уилсон көп айналымды аукцион түрін енгізді. Бұл аукцион барлық ны­сан­дарды (әртүрлі географиялық ай­мақтағы радиожиілік диапазондарын) бір уақытта ұсынады. Аукцион төмен бағалар­дан басталып, қайта өтінімдерге мүм­кіндік беріп, сенімсіздік пен қиын­дықтарды төмендетеді» делінген Швед академиясының ресми сайтында.

Роберт Уилсон алдын ала құны бел­­гіленбеген, бірақ түбінде бәрі үшін бірдей құнға ие аукцион теориясын жасады. Мысал ретінде, радио­жиі­ліктің болашақтағы құнын немесе белгілі бір өңірдегі пайдалы қазбалар көлемін алуға болады. Уилсон саудаға қатысушылардың мүліктің жалпы құнынан төмен баға ұсынатынын көр­сетті: олар тым көп төлеп, ақырында ұтылып қалудан қорыққан. Пол Мил­гром болса жалпы құндылықтарға ғана емес, қатысушыдан қатысушыға дейінгі аралықта құбылып тұратын жеке құндылықтарға ие жалпы аукцион теориясын қалыптастырған. Ол бірнеше танымал аукцион форматтарындағы сауда-саттық стратегияларын талдап, сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық кезінде бір-бірінің бағалау құны туралы көбірек білгенде, аталған формат сату­шыға жоғары күтілетін кіріс әкеле­тінін көрсетті.

Милгром мен Уилсон ұсынған механизм бойынша аукцион бірнеше раунд­қа созылады, әр раунд сайын ақ­ша мөлшері артып отырады. Раунд жабылғаннан кейін ұсынылған бағалар қатысушыларға жария болады. Раунд арасындағы үзіліс кезінде қатысушылар бәсекелестердің ұсыныстарын зерттеп, өз стратегияларын жөндеп-түзейді. Раунд саны шектеусіз. Жаңа сома ұсы­ныл­маған кезде ғана раунд легі аяқ­талады. Осылайша, тауар иесі тауары үшін мак­сималды баға алады. Қазір бұл тәжірибе тиімділігін көрсетті.

20 жыл ішінде АҚШ-та жиілікке берілетін лицензия сатылымы 120 млрд доллар табыс әкелген. Милгром мен Уилсон аукционға қатысты зерттеулерін 1990 жылдардан бері жүргізіп, араға 30 жыл салып еңбектері халықаралық дәре­жеде еленіп, жаңалықтары қолда­нысқа енбек.

Біздің елімізде де мемлекеттік сатып алу жүйесі аукцион арқылы жүзеге асады. Осыдан аз уақыт бұрын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин радиожиілік мәселесіне тоқталып «Кіші операторлар радиожиіліктерді алып, оларды қызмет көрсету үшін пайдаланып жатқан жоқ. Радиожиілік ресурс­тарын тиімді қолданудың маңызы зор екені белгілі. Біз арнайы аудит жасап, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруды жоспарлап отырмыз. Бірақ ол үшін тиісті стандарт пен заң­намаға өзгеріс енуі керек» деген болатын.

Оған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ауылшаруашылық жерлерін латифундистерден алу туралы тапсырма беріп, тапсырмасын орындамаған үкіметті қатаң сынға да алған. Мемлекет бас­шысы латифундизм мәселесін Бағ­дат Мусинді жеке қабылдау кезінде де ес­керткен. Осыншама қордаланған мәселе еліміздегі радиожиілікті сату, интер­нет тарту мәселесі бойынша кешенді шешімдер қажет екенін аңғартады. Бәл­кім, еліміз Милгром мен Уилсон тәжіри­бесімен жұмыс істей бастаса, бұл біздің елдегі мемлекеттік сатып алу жүйесіне үлкен нәтиже алып келер ме еді.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ