Спорт • 23 Қараша, 2020

Өзтүріктің шәкірті

1656 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ол алақандай ауылдан алып Алматыға аттанды. Суретші болу үшін. Бірақ таңдаған бағытының басқа арнаға бұрылатынын білген жоқ. Тағдыр оны Мұстафа Өзтүрікпен жолықтырған болатын.

Өзтүріктің шәкірті

Мұстафа Өзтүрік пен шәкірттерінің Түркиядағы жарыстан олжалы оралған сәті. Оң жақтан артқы қатарда екінші тұрған Исатай Қабеков.

Ол деп отырғанымыз – әйгілі Мұстафа Өзтүріктің шәкірті, таэквондодан ардагерлер арасында әлемнің үш дүркін чемпионы, таэквондодан қара белбеудің 6-шы дан иегері, Алматы қаласындағы «Иса­тай» кәсіби спорт клубының прези­денті, Қазақстан Ұлттық жекпе-жек феде­ра­ция­сының вице-президенті Исатай Қабеков.

Исатай Шотанұлы 1967 жылы Пав­ло­дар облысы Ақтоғай ауданы Шұға ауы­лында туған. Осындағы орта мектепті тә­мамдап, Павлодар қаласының іргесіндегі Кенжекөл техникумында оқыған. Оны аяқтаған соң, «суретші боламын» деген асқақ арман Исатайды Алматыға жетелеп әкелді. Сөйтіп, мұндағы көркемсурет училищесіне қабылданды. Бұл 1988 жыл болатын.

Ауылдастары Исатайдан үлкен өнер иесі шығарына сенімді еді. Ұстаздары оның бойындағы талантты да ерте аңғарған болатын. Исатайдың қолынан туған дүниелер кенеп бетінде әлі де сақтаулы. Алайда оның қылқалам шебері емес, саңлақ спортшы болып шығатынын ешкім күткен жоқ-ты. Әкесі Шотан ақсақал да: «Үш ұйықтасам түсіме кірмепті», дейді.

Студент Исатай бос уақытында өзі қатарлас жігіттермен бірге спорт секция­ларына барады. Кунг-фу, каратэ секілді шығыс жекпе-жектерін меңгереді. Көзі тірі болғанда 23 қарашада 66 жасқа толатын марғасқа Мұстафамен де кездеседі.

– 1990 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақ­станға алғаш рет келді. Алматыдағы цирк алаңында даңқты спортшымен кездесу болды. Ол дүйім жұрттың алдында өнер көрсетті. Тамсанбаған адам жоқ. Ағаның қолын алып, дидарласуды армандадық. Сәті түспеді бірақ. Көп уақыт өтпей музыка училищесінде Мұстафаның таэквондо клубы ашылды. Училище ғимараты біз оқитын жерге жақын еді. Көптен қалмай біз де жаттығуға жазылдық. Мұстафа мектебінің алғашқы директоры Асқар Әбдірахманов қабылдап алды. Ол алғаш келгендерді бөлек жаттықтырады да, деңгейі жоғары жеті-сегіз жігітті жеке дайындайды екен. Орайы келгенде Асқар ағаға «Мыналардың біреуімен жекпе-жекке шығуға бола ма?» дедім оңаша жаттығып жүргендерді нұсқап. Ол қиын болатынын айтты. Бұған дейін каратэмен, кунг-фумен айналысқанмын. Бұлардың бәрі бір-біріне ұқсайды. Бапкердің бізге үйреткелі жатқан әдіс-тәсілдерін де әлдеқашан меңгеріп алған едік. «Рұқсат беріңіз» деп тұрып алдым. Альберт есімді еңгезердей неміс жігітін (қазір Германияда тұрады) шақырып алып, «Мынаумен біраз жұмыс істе. Қолыңды батырма», деді бапкер. Ортада арбасып жүрдік те, Альбертті сұлатып түсірдім. Сол күні үш жігітпен жекпе-жекке шықтым. Асқар аға оңашада қайдан келгенімді, қайда оқитынымды сұрады. Ол мені Алматы қаласындағы қазіргі оқушылар сарайындағы Мұстафа бастаған таэквондошылардың үлкен залына шақырды, – дейді Исатай Қабеков.

Осылайша, оның батылдығы мен өжеттігі Мұстафа Өзтүрікпен жақын таны­суға түрткі болды. 1990 жылдың 4 желтоқсанында Алматыдағы Ахмет Байтұр­сынов атындағы орта мектепте Мұстафа­ның таэквондо клубы ашылды. Иса­тай Шотанұлы осы үйірмеге жаттық­тырушы болып келді. Ал 1992 жылы Қазақстанда алғаш рет таэквондо сыныбы өз жұмысын бастады. Оның жетекшісі болу да Исатайға бұйырған екен.

1991 жылы Павлодар қаласында И.Қабековтің ұйытқы болуымен алғаш рет таэквондодан республикалық семинар өтті. Оған Мұстафа Өзтүріктің өзі келіп қатысты. Айтпақшы, Мұстафаның алматылық шәкірттерінің ішінен алғашқы қара белбеуді де дәл осы Исатай мен Ақан Диқаев алған.

– Мұстафа аға шәкірттерін жақсы көрді. Қайда барса да, бізді қасынан тас­тамайтын. Мені Исатай емес, Исахан дейтін. Ол Алматыға келген сайын «Жетісу» қонақүйіне түседі. Үнемі бір ғана бөлмеге жатады. Әлі есімде, оның бөлмесіндегі телефонның нөмірі 392-264 болатын. 392 – «Жетісу» қонақүйінің телефоны осы сандармен басталады, 2 – екінші қабат, 64 – люкс бөлменің нөмірі. Қонақүйге келгенде жігіттерді түгел жинап алады. Оны көруге көп адам келеді. Біз бөлменің сыртында тұрып, келген адамдарды кезекпен ішке өткіземіз. «Жетісудан» бөлек, «Дәулет» қонақүйіне де жиі аялдайтын, – дейді Исатай Шотанұлы.

1992 жылы Исатай мен Жеңіскүлдің шаңырағында ұл бала дүниеге келді. Баланың есімін Мұстафа Өзтүріктің өзі қойды. Әбдірахман деп. Әбдірахман – Мұстафаның ұлы атасының есімі.

– Таэквондоның отаны – Оңтүстік Корея. Бірақ мен көріп жүрген мықты деген спортшылар Мұстафаның деңгейіне жетпейді. Жаратушы Ие оны ерекше етіп жаратқан. Ол бізді рухани тұрғыдан да тәрбиеледі. Мұстафамен әңгімелескенде ерекше рухтанатынбыз. Отанды сүю, ананы құрметтеу, дінді қастерлеу туралы әңгімесін ұйып тыңдаймыз. Аға жүргізген екі-үш сағаттық жаттығу он минуттық шаруадай әсер қалдыратын. Жаттығуды тоқтатпаса екен деп тілейтін едік. Ол әрдайым «Жаттығуды қазақша жүргізіңдер. Алдыңда басқа ұлт өкілі тұрса да, қазақша жүргіз. Себебі сендер – қазақсыңдар!» дейтін. Осы күнге дейін жаттығу залында өзге тілде сөйлеп көрген емеспіз. Бірде Мұстафа аға менің залыма келді. «Шелек ауданының 60 жылдық мерей­тойы өткелі жатыр. Жігіттеріңді дайын­да. Өнер көрсетесіңдер. Ұятқа қал­дырма», деді. Сосын жаттығуды бақылады. Бір кезде «Исахан, мұның жарамайды. Өзің бәрін жетік білгенмен, шәкірт­теріңнің әрекеті олпы-солпы. Бәрі бірдей дұрыс істемейінше, жатты­ғуды тоқтатпа», деп ескерту жасады. Мұс­тафаның өзі 200-ден астам адамға жаттығу жүргізеді. Ол залға кіріп келгенде шыбынның ызыңы ғана естілетін. Жаттығу барысында ашулы арыстандай еді ғой, – дейді Исатай.

И.Қабеков Мұстафа Өзтүрікпен өткіз­ген күндерді өмірінің сәулелі шақтары санайды. Әр сәтті сағынышпен еске алатыны да сондықтан.

– Бір күні Мұстафа аға шақырды. Айтқан жерге уақытында жиналдық. Ол бізді ғимараттың төбесіне алып шық­ты. «Ал, Исахан, көрсет өнеріңді», деді. Білгенімді жасап жатыр едім, «Тоқ­та!» деді. Қарасам, қолында қара таяғы бар, маған қарсы келе жатыр. «Ұра­тын шығар» деп ойладым ішімнен. Сөйт­сем, қолындағысы темір лом екен. Таэк­вон­до­да жаттығуды қай жерден бастасаң, мін­детті түрде сол жерде аяқтау керек. Ол лом­мен төбені сызды да «Енді осының ішінде жаса» деді. Бар ынтамды салдым. «Жарайсың, Исахан!» деп арқамнан қақты. Ағадан алғыс есту үлкен мәртебе еді ғой, – дейді ол.

Исатай Мұстафа Өзтүріктің жетек­шілігімен халықаралық жарыстарға барған шақтарды да ерекше толқыныспен еске алды.

– 1992 жылы Мұстафа аға мені Түр­кияға жарысқа апаратын болды. Бірақ федерация басшылығы жібергісі келмеді. Сонда Мұстафа аға: «Жігіттер, Исахан ертең менімен бірге Түркияға ұшатын болсын», деді. Мәселе әп-сәтте шешілді. Түркияға келдік. Халықаралық додада қола жүлдегер атандым. Жарыс аяқталды. Күн жұма болатын. Мұстафа жігіттерді жинап, мешітке алып барды. «Жұма намазына қатысамыз», деді. Жайшылықта «Мұсылманбыз» деп жүргенмен, қатты састық. Дәрет алуды да білмейді екенбіз. Өзгенің істегенін қайталап, әуреге түстік. Әйтеуір, ниет етіп, намазға тұрдық. Сөйтіп, ағаның арқасында Жұма намазын оқып шыққанбыз, – дейді Исатай.

«Біз одан Брюс Ли туралы көп сұрай­мыз, – дейді Исатай Шотанұлы. – Сонда Мұстафа аға: «Брюс Лиді жақсы танимын. Асып бара жатқан өнері жоқ. Тек оның бет пішіні киноға түсуге лайық­ты болды. Әйтпесе, оны екі орайтын жі­гіттер бар еді. Мен Брюс Лиді бір қасиеті үшін ғана сыйлаймын. Ол жүрген-тұрған жерінде «Мен – Қытайдың ұлымын!» деп мақтанатын», деді. Дәл осы қасиетті біздің де бойымызға сіңіруге тырысты».

Мұстафаның өлімі әлі күнге дейін жұмбақ. «Ол қандай жағдайда қаза бол­ды?» деген сауал көпшілікті әлі толған­дырып келеді. «Жұмбақ болып қалғаны жақсы ғой», дейді Исатай.

– 1995 жылдың 1 наурызы. Мұстафа Өзтүрікті соңғы рет көрген күнім. Дәл осы күні ол Германияға ұшып кетті. Мен Павлодарды бетке алдым. 12 нау­рыз­да ма, әлде 13 нау­рызда ма Мұстафа аға Гер­мания сапарынан Алматыға оралды. Келе ауруханаға түсті. Бірнеше күн жансақ­тау бөлімінде жатты. 15 наурыз күні көз жұмды. Мен сол күні Алматыға оралдым. Бірақ ұстазымның қайтыс болғанын естімеген едім. Халифа Алтай, Талғат Теменов ағалар Мұстафаның қазасын естіртті. Сенбедім. Мұстафаның мәйітін қаладан әуежайға дейін көтеріп апардық. Сөйтіп, оны туған-туыстары, жора-жолдастары Түркияға алып кетті. Ұшақ қозғала бастағанда ғана одан шын айырылғанымды ұқтым. Оны Қазақстанда да жерлеуге болатын еді. Бірақ анасы Рәзия қарсы болды. Кейін Рәзия анамыз Қазақстанға оралды. Қолымда бір жылдай тұрды. Ол кісінің бақилық болғанына да біршама жыл болды. Мұстафа Нұрилә жеңгемізбен 1980 жылы шаңырақ көтеріп, екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Балалары Германияда тұрады. Ұлының есімі – Нәзірбек. Үлкен қызы – Несли, кішісі – Аслы. Әрдайым хат-хабар алмасып тұрамыз. Жыл са­йын Түркияға – Мұстафа ағаның қабіріне барып, дұға бағыштаймын. Алматыда оның атында дәстүрлі турнир өткіземін. Ұстазымның есімін ұлықтау – менің міндетім, – дейді Исатай Қабеков.

Кейіпкеріміз Исатай Алматы қала­сында тұрып жатыр. Кезінде Мұстафа Өз­тү­ріктің өзі ашып берген клубты басқа­рады. Шәкірт тәрбиелейді. Қоғам­дық жұмыстардан да тыс қалған емес. Кезін­де өнердің өкілі, суретші болуды армандаған Исатай өнерден алыстағаным жоқ дейді. Өйткені түсіне білген адамға таэквондо да ерекше өнер.