Аймақтар • 23 Қараша, 2020

IX Азаматтық форум басталды

109 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қоғам және мемлекет: #Birgemiz әріптестік пен дамудың 30 жылы» атты IX Азаматтық форум жұмысын бастады. Бес күн ішінде форум алаңдарында қатысушылар ең өзекті мәселелерді талқылайды, - деп хабарлайды Egemen.kz

IX Азаматтық форум басталды

Форумның бірінші күнінің жұмысы аймақтық форумдарға шолу көрсетілімінен басталады. Бұдан кейін ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен «Ресурстық орталықтар - азаматтық бастамаларды тарту орталықтары» тақырыбында подкаст өтеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық қоғам» сараптама алаңында форум қатысушылары парақорлықпен күресудің тиімді әдістерін және қоғамда осы әлеуметтік зұлымдыққа төзбеушілікті қалыптастыру тәсілдерін талқылай алады. Сондай-ақ «Қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыру тәжірибесі мен практикасы», «Пікір көшбасшыларының аудитория алдындағы азаматтық жауапкершілігі» тақырыптарында пікірталастар өтеді.

LIVE режимінде «Азаматтық қоғам. Мәселелер мен алдыңғы көрініс» атты сараптама алаңы жұмыс істейді. Мұнда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиеваның кездесу-талқылауы өтеді. Бұл қызықты спикерлермен әңгімелесудің және оларға тікелей сұрақтар қоюдың бірегей мүмкіндігі.

Сонымен қатар, Азаматтық форумның бірінші күні министрлердің үкіметтік емес сектор өкілдерімен кездесулері өтеді. ҮЕҰ кездесулерді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров өткізеді.

Азаматтық форумға қатысушылар онлайн режимінде барлық спикерлерге сұрақтар қойып, қорытынды шығарып, алдағы жұмыс жоспарларын талқылай алады. Бірінші күннің соңында «ҮЕҰ және бизнес, екіжаққа тиімді әріптестікті қалай орнатуға болады» атты екі сағаттық тренинг өтеді.

Әр түрлі форматтағы алаңдар: тренингтер, пікірталастар, бейне подкасттар, зум-кездесулер Фейсбуктегі https://www.facebook.com/azamattyqforum  парақшасында, инстамграмдағы https://www.instagram.com/azamattyqforum , https://www.youtube.com/channel/UCFGPjS9AIdVgqzxj_2aydfQ  ютуб-арнасында көрсетілетін болады. Форум бағдарламасы мен делегаттарды тіркеу www.azamattyqforum.kz  сайтында қолжетімді.

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы Азаматтық форум 2003 жылдың 14 қазанында өтті. Осы уақыттан бастап еліміздің үшінші секторын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Қазір Қазақстанда 22 000-нан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген.