Әлем • 23 Қараша, 2020

Қазақстан мен Израиль агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастық жайын талқылады

151 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Израильдегі Елшілігі еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбековтың және Израильдің іскер топтарының  қатысуымен онлайн-кездесу ұйымдастырды.

Қазақстан мен Израиль агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастық жайын талқылады

Елші Сатыбалды Бұршақов өз сөзінде екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары туралы хабарлап, Израильдің бизнес қауымдастығын инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды.

Өз кезегінде, Н. Дайырбеков еліміздегі аграрлық өнеркәсіптің басым бағыттарымен таныстырып, саланы мемлекет тарапынан қолдау шаралары мен оның инвестициялық тартымдылығы туралы айтып берді.

Израильдің технологиялық және ғылыми мол тәжірибесін ескере отырып, вице-министр осы елдің компаниялары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарын ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және зерттеулер жүргізу үшін тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Сонымен қатар, бейнеконференция барысында «Израиль-Қазақстан» сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдері  Михаэль Роэ мен Моше Мазинтер, LR Group бас директоры Ами Люстиг және Terra Verde компаниясының президенті Джонатан Спенсер сөз сөйледі.

Іс-шара нәтижесінде аладғы желтоқсан айында Қазақстанға Израильдің бизнес-миссиясын ұйымдастыруды жоспарлау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.