Технология • 24 Қараша, 2020

Ластанған жерді дронмен табады

237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық экология департаменті өндіріс орындары аума­ғын­да­ғы 12 түрлі ластаушы көздерді анықтайтын дрон сатып алуда. Жеті ша­қырым радиуста үш жарым шақырым биікке ұшатын дрондар видеоға және фотоға түсіреді.

Ластанған жерді дронмен табады

Келер жылдан бастап қолданысқа енетін құрылғыларды сату-сатып алу процесі жүріп жатыр. Дрондар көбіне өнеркәсіп кәсіпорындарының аумағында, зауыттардың, кен орын­да­рының төңірегінде пайдаланылады, ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарда қолданылмайды. Себебі ерек­ше қорғалатын аймақтардағы сирек кездесетін аң-құсты үркітіп алуы мүмкін екені де назарға алынып отыр.

Қоршаған орта, табиғат ортақ құн­дылық болса да көзді ала беріп бүлдірушілер аз емес. Биыл Маңғыстау облысы бойынша кәсіпорындарға қоршаған ортаға келтірген зияны үшін 2,8 млрд теңге айыппұл салынып, оның 90% -ы өндірілген.

Жалпы, Маңғыстау өңіріндегі экологиялық мәселелерді шешу бойынша бекітілген Жол картасы бұл бағыт­тағы жұмыстарды қолға алған.

– Жол картасы жеті тарау­дан, отыз алты бөлімнен тұра­ды. Шыға­рын­дыларды азайту, көгал­дан­дыру, қалдықтарды басқару, тарихи ластану орындарын реттеу, био­алуа­нтүрлілікті қорғау және тағы да басқа экологиялық мәселелердің бәрі осы құжатқа енгі­зіл­ген. Министрдің тапсырмасы бо­йынша, біз тоқсан сайын жергілікті халықпен кездесіп, атқарылған жұмыс бойынша есеп беріп отырамыз. Онда шешілген мәселелерді, шешімін таппаған дүниелерді баяндап, себебін де түсіндіреміз, – деді Маңғыстау облысы Экология департаменті басшысы Руслан Төкенов.

Жа­қ­ында Қазақстанның Қызыл кіта­бының сирек кездесетін және жойы­лып кету қаупі бар жануарлар тізіміне енгізілген Каспий итбалығының ахуалы да өзекті.

– Каспий жағалауынан кейде өлі итбалықтардың табылып жататыны жасырын емес. Көп жағдайда бұған итбалықтың браконьерлік ауға оратылып қалуы себеп болады. Биыл әкімдіктің қатысуымен теңіздегі біраз жер заңсыз аудан тазартылды. Егер бұл жұмыс жалғасса, оң нәтиже болатыны сөзсіз. Ал итбалықтардың «Қызыл кітапқа» енуі бізге жаңадан ерекше қорғалатын аймақтар құруға мүмкіндік береді, – дейді департамент басшысы.

Өңірдегі қоқыс проблемасы туралы айтылғанда соңғы уақытта жұртшылық талқысына түсіп жатқа Бозжыра шатқа­лы­ның тазалығы да назардан тыс қалмады.

– Есеп бойынша биыл Бозжыраға 2000 адам барған. Оның әрқайсысында өздерімен бір бөтелке су болды десек, жартысы саналы түрде бос бөтелкесін алып кетеді. Қалған мыңынан қалдық су жерде қалады. Алдағы жылы шат­­қалға он мың турист келеді деп кү­ті­лу­де. Яғни біз қоқыс мәселесін қазірден реттеп, оны тастайтын орындарды дайындап, қонақ үй салатын инвесторға міндет жүктеуіміз қажет. Жалпы, қонақүй Бозжыра шатқалынан алыс орналасса, экологиялық талаптар орындалса, жоба дайын болғанда халыққа таныстырылса, сонымен қатар айналада киелі орындар болғандықтан түнгі мезгілде тыныштық режімі сақ­тал­са, жобаны қолдайтын табылады деп ойлаймын, – дейді департамент басшысы.

Маңғыстау экологиясы дегенде 105 млн тонна радиациялық қалдық төгілген Қошқар ата қалдық қоймасы, Шет­пе маңындағы карьерлер алдымен ауызға ілігеді. Өлкедегі өзекті мәселелерге тоқталған Р.Төкенов экологиялық мәдениет, жаңа Экологиялық кодекстің жергілікті жердегі ахуалды жақсартуға тигізетін септігі және тағы да басқа қордаланған проблемалар туралы сөз қозғады.

 

Маңғыстау облысы