Экономика • 24 Қараша, 2020

Он бір ауылға газ жетті

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облы­сы­ның Ақжайық ауданына қарасты 11 елді мекен та­би­ғи газ желісіне жал­ған­ды.

Он бір ауылға газ жетті

Биыл Батыс Қазақстан облысында 24 ауылға газ құбырын тарту жоспарланған болатын. Осының нәтижесінде өңір тұрғындарының 98,6%-ы от жағып, күл шығару бейнетін ұмытады. Міне, жақында ғана Ақжайық ауданындағы Алғабас ауылдық округіне қарасты Жаңажол, Тегісжол, Қарағай, Тоған ауылдарына және Жамбыл ауылдық округіндегі Жамбыл, Үштөбе, Бітік елді мекендеріне газ тартылды. Шағын ғана Жаңажол ауылына тартылған табиғи газ желісінің ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев арнайы келді.

«Біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі – ауылдық елді мекендерді газдандыру. Өздеріңіз жақсы білесіздер, тоқсаныншы жыл­дарға дейін ауылдарда газ болмады. Елбасының бастамасымен Қарашығанақ кен орнына шетелдік инвесторлар тартылып, инвестициялардың арқасында көптеген ауыл-аймақ газбен қамтылып отыр. Соңғы он-он екі жылдың ішінде шамамен 200-дей елді мекенге газ тартылды. Осы жұмыстарға 30 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Биылдың өзінде облыс бойынша 1 млрд 300 млн теңге қаражат қарастырылып, 164 шақырым газ құбыры тартылды. Облыс бойынша 21 ауылға газ жеткізілсе, сіздің ауданда 11 елді мекен көгілдір отынның игі­лі­гін көруге мүмкіндік алды. Газ бар жерде бизнес те өркен­дей­ді. Кәсіппен айналысамын деген жастарымыз ауылда тұ­рақ­тап, осы игіліктің жемісін көр­сін деп тілейміз. Бүгінгі қуа­ныш құтты болсын, ел-жұрт аман болып, жақсылықтарымыз есе­лене берсін» деді облыс бас­шысы Жаңажол ауылына тұрғындарына көгілдір отын­ның алауын тұтатып тұрып.