БҰҰ (ЮНИСЕФ) Балалар Қорының Қазақстандағы Өкілінің орынбасары Вероника Ващенко: «1994 жылы Қазақстан балаларға мейірімді қоғам құрудың құралына айналған Бала құқықтары туралы конвенцияны қабылдады. Дәл сол кезде ЮНИСЕФ Қазақстанда өз кеңсесін ашқан еді. Конвенция ратификацияланған сәттен бастап Қазақстан елдегі балалардың жағдайын жақсарту барысында едәуір ілгерілеу танытып, өңірлік және халықаралық деңгейде бала құқықтарын қорғау бойынша көшбасшыларының біріне айналды», деді.
ЮНИСЕФ өкілінің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды күшейтуге баса назар аударғаны – соның айғағы. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігінің де үйлестіруші және бейінді ведомство ретінде балалардың құқықтарын қорғау бойынша кешенді шараларды белсенді түрде жүргізіп отырғаны сөз болды.
Министрліктің мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап барлық өңірде «Балалар құқықтары жөніндегі жергілікті уәкіл» қызметі енгізілді. Бұл институт өз тиімділігін дәлелдеді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша орталықтың аймақтарымен өзара әрекеттестігін күшейткен.
Ал аталған министрлік жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 11 айдың ішінде BALA QORǴAÝ телеграмм-чаты арқылы келіп түскен 2 мыңнан аса өтінішті қарастырды. Telegram мессенджерінде BALA QORǴAÝ телеграмм-чаты кәмелетке толмағандарға қатысты балалардың құқығын бұзу, зорлық-зомбылық немесе қатыгез қарым-қатынас фактілерін жедел анықтау мақсатында 2019 жылдан бастап жұмыс істейді.
Осы жайтқа қатысты Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова: «Әрбір жағдай барлық мән-жай анықталып, мәселе толық шешілгенге дейін біздің бақылауымызда болады. Енді қазақстандықтар қажет болып тұрған көмек туралы шұғыл хабарлап, балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мамандардың кеңесін алу мүмкіндігіне ие», деп атап өтті.
Осылайша, министрліктің мамандары, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік департаменттер басшылары, облыстық білім басқармалары, қалалық және аудандық білім бөлімдері басшылары, психологтер мен әлеуметтік педагогтер бірлесе отырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен олардың отбасыларының өтініштерін тәулік бойы қабылдайды.
Аталған чатқа қосылу үшін Telegram қосымшасының ішінде bala_qorgau сөзін теру немесе https://t.me/bala_qorgau сілтемесі бойынша өту қажет.