Оқиға • 24 Қараша, 2020

Фашизмді айыптау фрагменттері

161 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Нюрн­берг сабақтары: ұмы­тыл­­мас үшін» көрмесі ашыл­ды. Атал­ған шараны Қа­зақстандағы Ресей ын­ты­­мақтастық өкілдігі, Ре­сей тарихи қоғамы, Ұлы Отан соғысының Ор­та­лық музейі (Мәскеу) және Қазақ­­стан­дағы Ресей Феде­ра­ция­сы елшілігі бірлесе отырып ұйым­­дас­тырды.

Фашизмді айыптау фрагменттері

Көрменің ашылуында сөз ал­ған Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Ұлт­тық музей тарихи оқиғаларды зерттеуде бір ғана ежелгі немесе ортағасырлар кезеңімен шектеліп қалмайды. Біз үшін жаңа заман­да орын алған оқиғалар да өте маңызды. Бұған фашистік Гер­манияның іс-әрекетін айып­та­ған Нюрнберг процесінің бас­талуының 75 жылдығына орай ұйым­дастырылып отырған бүгінгі көр­меміз дәлел болады», деді.

Шара барысында Ресей тари­хи қоғамы басқармасының төр­­­ағасы, «История Отечества» қоры­­­ның ат­­қарушы директоры Кон­стан­тин Могилевский, Қа­зақ­стандағы Ресей ынты­мақтастық өкілдігінің басшысы Алексей Коропченко, Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты ди­ректорының орын­басары, тарих ғылымдарының док­торы Бүркітбай Аяған сөз сөй­леп, Нюрнберг про­це­сінің тарихи маңызын ашып көр­сетті.

Көрме гитлерлік фашизмнің қыл­мысын айыптаған және Екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесін қой­ған әлемдік тарихтағы алғашқы Ха­лықаралық әскери трибунал туралы сыр шертеді. Түрлі тарихи де­рек­тер­мен қатар көрмеде Нюрн­берг процесінің тікелей қаты­сушысы, киевтік Арсений Кудряв­цевтің жеке мұрағатынан алын­ған ерекше фотосуреттер мен құжаттар экс­позицияланды.