Аймақтар • 24 Қараша, 2020

Ең негізгі басымдық – халықтың тұрақты табысы

273 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Орталық коммуникциялар қызметінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауының жүзеге асырылуы және өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баспасөз мәслихатын өткізіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Ең негізгі басымдық – халықтың тұрақты табысы

 

Өңір басшысы алдымен облыс­тың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш­теріне тоқталды. Биыл әлемді шарпыған пандемия қалыпты тіршілікке өзгеріс енгізгені анық. Дегенмен дер кезінде қа­был­данған шешімдер арқасында негіз­гі басымдыққа ие салалардағы көр­сет­кіш­тердің төмендеуіне жол берілген жоқ. Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндіру осы жылдың 9 айында 3,5%-ға көтеріл­се, ауыл шаруашылығы саласында бұл көр­сеткіш 3,1%-ға артқан. Жұмыс істеп тұр­ған шағын және орта бизнес субъек­тілерінің саны 5,4%-ға ұлғайды.

Жыл басынан бері облыста 485 мың шаршы метрден аса тұрғын үй пайда­ла­нуға беріліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кез­еңімен салыстырғанда 0,4%-ға көп. Көр­сеткіштер арасында инвестиция көлемі­нің біраз төмендегені байқалады. Мұ­ның мынадай себептері бар: былтыр бір­неше ірі жобаларды іске асыру аяқ­талды, олардың үлесіне жылдық инвес­ти­ц­иялар көлемінің шамамен 30%-ы тие­сілі болды. Биыл шектеулерге байланыс­ты жалпы экономикаға инвестиция көлемі қысқарды, бұл әсіресе құрылыс жұмыс­тарының көлеміне қатты әсер етіп отыр.

– Кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемі жыл са­йын төмендеп келеді, бұл өнеркәсіптегі өнім өндірісінің көрсеткішіне әсер етуде. Тоғыз айда 750 мың тоннадан аса өнім­ді кем өндірдік, жер қойнауын пай­­да­ланушылар болжамынша жыл со­ң­ына дейін бұл көлем 1 млн тоннадан асады. Осы себепті де Шу-Сарысу шөгінді бассейнінің жер қойнауын зерттеу бойынша жұмысты бастадық, – деді Г.Әбдіқалықова.

Шикізатқа тәуелді болмаудың басты амалы – өңір экономикасын әртарап­тандыру. Осы бағытта индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында құны 554 млрд теңге болатын 26 жоба бойынша жұмыс басталып кетті. Арал ауданында тауарлы балықты терең өңдейтін цех пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы осындай бір зауыт пен кен байыту комбинатын іске қосу жоспарлануда. Жалпы бағдарламаның үшінші бесжылдығы аясындағы бастамалар толық жүзеге асқанда жаңадан 7 мыңға жуық жұмыс орны құрылады.

Келер жылы 7 жоба жұмысын бас­тайды. Оның ішінде құрылысы ұзақ жылдарға созылған шыны зауыты бар. Гүлшара Наушақызы осы зауыт айналасында 8 ілеспе өндіріс орнын құру мәселесі пысықталып отырғанын атап өтті. Қазірдің өзінде оның үшеуінің жобасы белгіленіп, құжаттары әзірленуде.

Ауылшаруашылық саласы – өңір эко­но­­ми­касының негізгі тірегі. Бұл бағыт­та да кө­ңіл тоғайтатын бастама көп. Соң­ғы 5 жыл­да жалпы өңірлік өнімдегі агро­сек­­тор­дың үлесі 4%-ға дейін өскені бай­қа­лады. Бұл инвестициялардың өсімі мен жаңа технологиялардың енгізі­луіне бай­ла­нысты болып отыр. Мы­са­лы, өт­кен жылы агроөнеркәсіптік кешен­нің негіз­гі капиталына 6,7 млрд теңге ин­вес­тиция­ланса, биылғы 9 айда көрсет­кіш 8 млрд теңгеден асты. Бұл ретте ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің экспорты ша­ма­мен 12%-ға өскені де сала маман­дары­ның ертеңгі күнге деген сенімін нықтап отыр.

– Биыл Ресейге мұздатылған көкөніс пен жаңа піскен қызанақ жеткізуді бас­та­дық, Германияға 420 тонна қамыс жі­беріл­ді. Жалпы, осы жылы әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды. Күрішшілер 550 мың тон­надан аса өнім жинап, кезекті рет жо­ғары нәтижеге қол жеткізді, – деді облыс әкімі.

Осы жылы аймақ диқандары су тап­шы­­лы­ғының зардабын жылдағыдан қат­ты­рақ сезінгені рас. Жыл сайын дария дең­­­гей­і­не алаңдап отыратын егіншінің ала­­ңын азайту үшін өңірде жалпы көлемі 2,3 млрд текше метр су жинайтын 6 қой­ма салу жос­пар­ланып отыр. Өңірде су тап­­шы­­лы­­ғына қарсы бұдан да басқа қа­нат­қақ­­ты жо­ба­лар бар. Мысалы, биыл Жаңа­қор­­ған ауданында күздік бидай себілген 80 гек­­тар жерге аквагель қол­данылды. Жаңа тех­­но­логия жетістігі арқылы гектарынан орта есеппен 18 центнерден өнім жиналды.

Өңірде төрт түліктің өсімі жылдан-жылға артып келеді. Ендігі міндет – жайылымдық алқаптар аясын кеңейту. Осы мақсатта 452 су көзін жөндеу ойластырылып отыр. Мұнан бөлек мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу бағытында құны 10 млрд теңгеден аса 33 жоба жүзеге асырылуда.

Кіші Арал кемеріне толғаннан кейін аймақта балық шаруашылығы жандана түсті. Биыл осыған байланысты саланы дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы жасалды, оны іске асыруға 28 млрд теңгеден аса қаржы бөлінеді. Бұл тауарлық балық көлемін 34 есеге, ал балық өнімдерінің экспортын екі еседен аса ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жұмыссыздықты болдырмау да – маңызды міндеттердің бірі. Жыл басынан бері облыста 19 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылыпты, оның 14 мыңы – тұрақты. Өңірдің бизнес әлеуетін арттыру үшін 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасы әзірленді, оның шеңберінде жалпы сомасы 270 млрд теңгеге 265 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл 4 600-ден аса тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Гүлшара Наушақызы тұрақты табыс пен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту өңірдегі ең маңызды басым­дықтар екенін атап өтті. Биыл облыста 1 946 пәтерлік 98 көппәтерлі тұрғын үй салынуда, оның 969 пәтерлік 74-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Індеттің екінші толқынына дайындық күшейтілді. Қажеттілігіне қарай 21 ин­фек­­циялық стационарда 3 200 төсектік орын дайындауға мүмкіндік бар. Үй жағ­­дайында амбулаториялық қызмет көр­сететін 138 медициналық мобильді топ және санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын 24 мониторингтік топ жұмыс істейді. 3 600 медицина қызметкерінен кадрлық резерв қалыптастырылды.

 – Індетпен күресу үшін өкпені жасанды желдету аппаратын 244-ке жеткіздік. 9 ПТР, 60 рентген аппараты, 682 оттегі кон­­цент­раторы бар. Сонымен бірге дәрі-дәр­­мек­­тің екі айлық қорын жасақтадық. Тұ­­рақ­­тан­дыру қоры арқылы дәрілік зат­тар­ды алуға 488 млн теңге бөлінді. 200 төсек­­­тік жаңа модульдік инфекциялық ауру­­­ха­наның құрылысы аяқталады, көп­бе­йінд­і об­лыстық аурухана жанынан от­тегі стан­сасы салынған. Дәл осындай стан­са құ­ры­лысы Қазалы ауданаралық ауру­­ха­­на­сында да аяқталуда, – деді облыс әкімі.

Хабарламадан кейін облыс әкіміне журналистер сауал қойды. БАҚ өкіл­дері тарапынан облыс өндірісін әртарап­тан­дыру, дәрігерлер тапшылығын бол­дырмау, газ бағасы, жеке үйлер құры­лысы үшін жер телімін беру, облыс орта­лы­ғындағы әуежай ғимаратын жаңғырту жайлы қойылған сұрақтарға өңір басшысы жан-жақты жауап берді.

 

Қызылорда