Содан бері қараусыз қалған жер учаскелерінің орнына балалар ойын алаңдары мен қарияларға арналған демалатын орындар, жастарды саламатты өмір салтына үйрету үшін түрлі спорттық алаңшалар салынды.
Халықтық жоба негізінде аула тұрғындарымен бірлесе отырып іске асырылған 7 учаскеде айтарлықтай оң өзгеріс болды. Мысалы, 0,53 гектар аумақты алып жатқан Талқанбаев көшесін абаттандыру үшін көше бойы тегістеліп, тал егу жұмыстары жүргізілді. Қала тұрғындары мен қонақтар демалатын орындар жасалды. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 6 адам жұмыспен қамтылып, 50 дана жарық шам, 20 орындық пен 4 жерге шатырлы орындық орнатылды.
Ал Қызылорда тас жолы бойын абаттандыру үшін шығыс бөлігінің 1,62 гектар жерде көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ Майлин көшесіне 500 түп тал мен көпжылдық гүлдер егілді. Жергілікті халықтың қалауы мен қажеті ескеріле отырып, демалыс орындарының маңына ағаштар егілуде. Жасыл желекті күтіп-баптауға қала тұрғындары да ниет білдіріп отыр. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасымен жарты жылдан бері табысты жүзеге асып келе жатқан жоба ары қарай да жалғасын табатын болады.
Жалпы Түркістан қаласында жыл басынан бері абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Облыс орталығы 32 секторға бөлініп, оған аудан мен облыстық басқармалар жауапты болып бекітілген. Бұл орайда өз аудандарында табиғи төтенше жағдай орын алғанына қарамастан Арыс қаласы, Мақтаарал, Төлеби аудандары да бекітілген аумақты абаттандыру міндеттерін белсене атқаруда. Арыстықтар киелі шаһарды көгалдандыру мен абаттандыру үшін өздеріне бекітілген секторда жоспарланған 10000-нан астам көшеттің бүгінде 4500 түбін отырғызып үлгерген. Ал Төлеби ауданына берілген аумақта 11 көше бар. Аталған секторда жалпы 7354 ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Оның ішінде терек – 4682 дана, 576 үйеңкі, 2096 қарағаш егілді. Сондай-ақ егілген көшеттерді суғару үшін 12 119 метр тамшылатып суғару жүйесін жүргізу көзделген. Көшеттерді күтіп-баптау үшін Сарыағаш қаласының тұқымбағынан кәсіби маманның қадағалауымен 3 түрлі ағаш көшеттері (терек, қарағаш, үйеңкі) қазылып алынып, Төлеби ауданынан 30 адам еңбекке жұмылдырылған. Секторда 48 121 шаршы метр жерді тегістеу жұмыстары он бір көшеге жүргізілген. Бұдан өзге, 5 ұңғыма қазып, 4 трансформатор орнату жұмыстары атқарылатын болады. Бүгінде аталған жұмыстарға қажетті техникалар жұмылдырылып отыр.
«Түркістан қаласын көркейту бойынша Ордабасы ауданына 13 көше бекітілген. Көшелердің жалпы ұзындығы – 7,9 шақырым. Қазіргі таңда көше жиектеріне 11 320 дана ағаш және көпжылдық гүл көшеттері отырғызылды. Шым егу үшін көше жиектері тегістеліп, топырақ төселді. 25 қарашаға дейін егу жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда», дейді аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков. Сондай-ақ, қаладағы Дастанов көшесінің екі жақ бетіндегі 740 метр аумаққа тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген. Бұл жұмыс қалған 12 көшеде жалғасуда. Тамшылатып суғару жүйесі үшін қажетті 5 ұңғыма және 3 трансформатордың орны тиісті мамандармен нақтылануда. Ал Сайрам ауданының секторында 8,48 шақырым болатын 9 көшеде 7655 көшет отырғызылған. Ауданға бекітілген секторда тұрақты түрде сенбілік ұйымдастырылып, жерді тегістеу, шұңқыр қазу, көшет егу жұмыстары жүргізілді. Қазылған ұяшықтарға топырақ салынып, көшет тамырын ылғалдандыратын гидрогель және топырақты қопсыту үшін биогумус себілуде. Сонымен қатар көшеттерді суғару жүйесі жүргізіліп, газон егіледі. Аудан әкімі Н.Байғұт бастаған түлкібастықтар да өзіне бекітілген секторда сенбілік ұйымдастырып, көшет отырғызу жұмыстарын іске асыруда. Сенбілік жұмыстары аясында жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын 9 көше тазаланып, 6800 түп көшет отырғызылған, 4500 шаршы метрге газон егілді. Жалпы алғанда, Түркістанды түлету ісіне өңірдегі барлық аудан-қаладан келген азаматтар айтарлықтай үлес қосуда.
Түркістан облысы