Қоғам • 24 Қараша, 2020

Бір жобаға екі рет тапсырыс берілді

103 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал әуежайының бұған дейінгі ғимараты сонау жетпісінші жылдардың аяқ кезінде сол кездегі облыс басшысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахим Ықсановтың тікелей қолдауымен салынған еді. Содан бері қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Егер дер кезінде оған күрделі жөндеу жүргізілсе, ескі әуежайдың әлеуеті мен мүмкіндігін әлі де пайдалана беруге болар ма еді. Алайда әуежайдың ұшу жолағы қайта төселгенімен, оның сыртқы және ішкі қабаттарын жаңғырту ісі ескерусіз қала берді.

Бір жобаға екі рет тапсырыс берілді

Ештен де кеш жақсы дегендей, былтыр шілде айында Орал әуежайын қалпына келтіру жұмыстары басталған кезде батысқазақстандық әуе көлігінің жанашырлары «е, басе!» деп бір серпіліп қалған еді. Бұл істі қолға алғандар әуежай ғимаратының негізгі қаңқасы мен іргетасын қалдырып, жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жөн көріпті. Ендігі кезекте жоба қалай жалғасын табар екен деп жүргенде оның бүгінгі геодезиялық талаптар мен нормативтерге мүлдем сәйкес келмейтіні анықталды. Бастапқы жұмыстарға тиісті тексерулер жүргізген арнайы мамандандырылған кәсіп­орын­ның сарапшы мамандары осын­дай қорытындыға келді. Соған сәйкес бұған дейінгі қал­пына келтіру жұмыстары шұғыл тоқтатылады. Сөз жоқ, осын­дай үстірт жұмыстың, салақтық­тың сал­дарынан біраз қаражат зая кетіп, желге ұшқанына шек келтіру қиын-ақ.

Сөйтіп, биылғы 2020 жыл­дың басында әуежай құрылы­сы­на қайтадан тапсырыс беру­ге тура келді. Мұнда ең алды­­мен ішкі логистикалық жүйе­лерді же­тіл­діруге баса назар ауда­рыл­ғанын айтты Батыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Ғали Есқалиев Президент жанындағы Орталық ком­муникациялар қызметі ала­ңында өткен брифингте БАҚ өкіл­дері сауалына орай қайтарған жауа­бында. Облыс басшысының ай­туынша жаңа жоба бойынша қол­ға алынған жолаушылардың ұшақ салонына дейін жетуіне мүм­кін­дік беретін телетрап қайта­дан тапсырыс берілген жобаның басты артықшылығы болмақ.

Сонымен бірге кейінгі жоба­ның 3000 шаршы метрге де­йін кеңейтіліп жасалғаны да оны халықаралық әуежайға қойы­ла­тын стандарттар мен критерийлерге біртабан жақындата түседі. Мұнда дизайн төңірегін­дегі мәселелер де мұқият ойлас­тырылғаны әуежайдың жаңа кейіпке енетініне кепілдік бере алады деуге болады.

Қазіргі күні бүгінгі әңгіме ар­қауына айналып отырған Орал әуе­жайын жасақтау жөніндегі жаңа жобаға тапсырыс беруші Батыс Қазақстан облыстық әкім­дігі тарапынан мемлекеттік сарап­тамаға жіберілген. Жергілікті атқару органдары жетекшілерінің мәлімдеуіне сүйенсек, оны құп­таған жауап жыл аяғына дейін келеді деп күтілуде.

Егер осы болжам нақты шын­дық­қа айналса әуежай құрылысын ал­дағы 2021 жылдың басында бас­­тап кетуге толық негіз бар деп тұ­жы­рым жасаудың жөні бар. Қал­пына келтіру жұмыстары бел­­гі­­ленген уақытта басталған жағ­­­дай­да оны 2021 жылдың жел­тоқ­сан айына дейін аяқтау көздел­ген. Ал әзірге оның тумаған ту сиыр­дың сары уызына ұқсап тұр­ға­ны­мен еріксіз келісуге тура келеді.

Ал бүгінгі кезде Оралдан ішкі рейстер бойынша ұшатын жолау­­шыларға уақытша терминалдар­да қызмет көрсету жолдары қарас­тырылған. Бұған қоса жолаушыларды қарсы алушылар мен шы­ғарып салушылар үшін арнайы вагон­дар қойылған.

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақ­стан облысына жасаған жұ­мыс сапарында алдағы уақытта қол­ға алынатын жобаның жай-күйі­не көңіл аударғанын да айта кет­кені­міз жөн. Вице-премьерге жер­гілікті билік өкілдері тарапынан төмендегідей деректер берілді. Құны 6,8 млрд теңгені құрайтын қазіргі жобаны «КПО бв» компаниясы қаржыландыратыны және жаңғырту жұмыстары нәти­жесінде терминалдың аумағы 4,5 тен 6,5 мың шаршы метрге дейін ұлғаятыны айтылды. Бұған қоса бір сағатта өтетін жолаушылар саны 200-ден 400-ге дейін артпақ. Сөз жоқ, мұның бәрі жөн әңгіме. Әйтсе де осы тұста көңіл­ді күпті қылып жүрген тағы бір басты мәселе жөнінде ой-пікір қозғаудың реті келіп тұр. Бұл әңгіме Орал әуежайының халықаралық деп айтылып жүр­ген атауынан туындайды. Әрине оны бұлайша асқақтата айтудың ешқандай айыбы жоқ, тек әрбір сөз өзінің аты мен затына сәйкес келгені жөн емес пе? Айталық соңғы жылдары Орал әуежайынан алыс шетелдерді былай қойған­да, таяу шетелдерге, яғни ТМД аумағындағы қалаларға, соның ішінде іргедегі Ресейдің астанасы Мәскеуге бірде-бір рейс ұшпаған болса, оны халықаралық деп дамытудың қандай қажеті бар?

Осы орайда халықаралық деп аталатын Ақтау және Ақтөбе әуежа­йында болғанымызда мұн­да сыртқы рейстердің соншама көп­тігіне әрі жиілігіне таң-тамаша қалғанымыз бар. Сон­дай-ақ осы өңірлердегі басшылар Air Astana ұлттық әуе­ком­­паниясымен өзара келісім-шарт жа­сасып, ұшақпен ұшқысы келе­­тін өңірдің қарапайым тұр­ғындарына қолжетімді бағамен билет ұсынып отырғаны да жылы әсер қалдырған еді.

Осындай үрдіс пен тәжірибені Батыс Қазақстан облысындағы атқаруы орган жетекшілері де іске асыратын болса, бұл жағымды жәйт өңір тұрғындары үшін жасал­ған әлеуметтік-тұрмыстық тұрғы­дағы қолдаудың тағы бір тұт­қасы болып шағар ма еді деген ой келеді. Қалай дегенде де алдағы уақытта Орал әуежа­йы құрылысы бой көтерген кезде оның халықаралық деп атал­ған атауы мен мәртебесі сақ­та­лып қала беретіні анық. Ен­деше жоғарыда айтылғандай оның соған сәйкес іс-қимыл таныт­қанына не жетсін? Бұл мәселені реттеудің басты жолы еліміздің батыстағы қақпасы іспеттес Орал әуежайынан халықаралық маңызы бар жаңа рейстер ашу екені талас туғызбайтын мәселе.

 

 

ОРАЛ