ІІІ кезеңнен тұратын тартысты додаға еліміздің барлық өңірінен 14 пен 29 жас аралығындағы 150-ден астам жас келіп, бас-аяғы 20 команда қатысты. Шара аясында олар киберқауіпсіздік, медиасауаттылық, IT, журналистика саласындағы жетекші сарапшылардан дәріс тыңдады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шара арқылы жастар мен мектеп оқушыларына ақпараттық қауіпсіздік, интернет этика, ақпаратпен жұмыс істеу және саралау сынды қазіргі қоғамдағы маңызды дағдыларды үйрету көзделеді. Жарысқа жиналған жастар алдымен дәріс тыңдап, кейін білім додасында ой жарыстырды.
Сайыстың I кезеңінде командалар 5-ке бөлініп, медиасауаттылық бойынша қойылған 8 сұрақтан тұратын 5 раунд ойын ойнады. II кезеңге 15 команда жолдама алып, шындық және жалған бойынша викториналық фото, видео сұрақтарға жауап берді.
Сайыстың финалдық кезеңіне қарсыластарынан озып шыққан 5 команда өтті. Бұл кезеңде қатысушылар қойылған сұрақтардың шындық не жалған екенін дәлелдер келтіріп жазбаша тапсырды. Қазылар алқасына өз болжамдарын қорғады.
Сайыс нәтижесінде Түркістан облысының намысын қорғап келген Amazing Turkistan командасы үздік деп танылды.