Таным • 24 Қараша, 2020

Ат әбзелдері

5501 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақтың ұлттық-жауынгерлік ойын-сайыс түрлерінің дені ат үстінде немесе жылқы түлігін пайдалану арқылы іске асады. Мысалы, ат жарысы немесе бәйге түрлері – аламан, жорға, тай, құнан, дөнен, бесті, айғыр жарыс, сондай-ақ жауынгерлік ойын-сайыс түрлері – аударыспақ, көкпар, қыз қуу, ат үстінде садақ (жамбы) ату, теңге ілу т.б. Яки осында айтылған ат спорты ойын-сайыс түрлерін орындау үшін сәйгүлікпен қатар жылқының жабдығы, яғни ат әбзелдерінің де алатын орны ерекше. Ат әбзелдері деп алдымен ер-тұрманды, оған қоса жылқыны жуасытуға немесе басқаруға ыңғайлы жүген-ноқта, тізгін-шылбыр, өмілдірік-құйысқан қатарлы жарақтарды айтамыз.

Ат әбзелдері

Ер-тұрман – атқа міну үшін қолда­нылатын жабдық. Оның түрі көп. Тұр­мыста қолдану мүмкіндігіне қарай: қа­рия ер, бәйбіше ер, жігіт ер, әйел ер, бала ер т.б. болып бөлінсе, жасаған мате­риалына байланысты: қайың ер, қара­ғай ер, құрама ер, темір ер т.б. Ал ерді әшекейлеп безендіруіне қарай: алтын ер, күміс ер, оюлы ер, құранды ер деп аталса, кескін-келбеті, яғни пошымына байланысты: қапталды ер, жайпақ ер, биік ер, сауырлы ер, қоқан ер, орыс ер т.б. атаулары бар.

Ердің қаңқасына тоқым, желдік, те­бінгі, айыл, құйысқан, өмілдірік, қан­жыға, үзеңгі, таралғы немесе үзеңгі бау, жүген, шылбыр, тізгінді қосып толық түрде ат әбзелдері деп атайды. Ұлт­тық мұрамыздың жанашыры, шебер ұста, марқұм Дәркембай Шоқпарұлының әдіп­­теп жазған жырына назар аударсақ:

Сүйегін сомдап шаптым

талды қиып,

Аласа артқы қасы, алды биік,

Атқа да, адамға да жайлы бұл ер,

Алсаңыз өкінбейсіз малды жиып.

 

Ер-тұрман, ат-әбзелін күмістеп ем,

Күрделі іс, көп-ақ мұнда

жұмыс деген,

Қақталған аппақ күміс

жалт-жұлт етіп,

 Япырмай, дегізгендей кім істеген.

 

Шаужайы, ауыздығы, сулығымен,

Кекілдік, сағалдырық, баулығымен,

Шылбыры, шығыршықты тізгінімен,

Сымбатты, салтанатты

құнды жүген.

 

Тартпасы, құйысқан мен өмілдірік,

Үзбелеп, әшекейлеп, төгілдіріп,

Дәркембай деген ұста даярлаған,

Көпке арнап көздің майын

төгіп жүріп.

 

Оқпанға бет тақасаң мұрын тимес,

Атыңа жалпақ өрген жырым тимес,

Жақсы ерді жасай алмас ешбір адам,

Қыры мен көкейіне сырын түймес.

 

Тоқымын қайып тіктім желдігімен,

Көз тартар кісілігі кеңдігімен,

Таралғы, үзеңгісі, қанжығасы,

Таралып түгенделді енді міне.

Жоғарыда ұста ағамыз айтқандай, ат әбзелдерін дайындау шеберлікті талап ететін жұмыс. Ертеде аталарымыз, ат үстінде, ер жастанып, толарсақтан саз кешіп жүріп, байтақ даласын қорғаған. Сондықтан да, ел аузында, «тұлпар ерді сақтайды, ер жерді сақтайды» деген тәмсіл бар.

1

Ердің алдыңғы және артқы қасы бо­лады. Ердің көпшігін басып, аттың жуан қарнын орай тартылған жуан белдікті пыстан деп атайды. Ердің қос қапталының астында орналасқан, аттың арқасын жауып тұратын жалпақ киізді тоқым дейді. Оның ұзындығы – 120-130 см, ені – 60 см көлемінде болады. Тоқым нығыз пісіріліп, жақсы иленген тірі жүннен жасалады. «Тірі жүн» деп, көктемде туған марқа қозының күзгі қырқымын айтамыз. Киіз тоқымды көбінде былғарымен қаптап, жиегін қымбат матамен сырып тігеді. Оны сырмалы былғары тоқым дейді. Бұдан басқа көмкерме тоқым деген де бар.

Тебінгі – ердің қос қапталындағы үзеңгі бауды басып тұратын жұқа жа­был­ғы. Оны жұмсақ теріден немесе был­ғарыдан жасайды. Ол тоқым мен үзеңгі бауды терден сақтайды. Жырау Ма­хамбет Өтемісұлының: «...тебінгі тер­ге шірімей, терлігі майдай ерімей...» не­месе «...тебінгі теріс тағынбай, темір қа­зық жастанбай, қу толағай бастанбай, ер­лердің ісі бітер ме?» деген тіркестер тебін­гінің мазмұнын ашып тұр.

Таралғы немесе үзеңгі бау – ердің қапталындағы ойыққа өткізіліп, үзеңгіге бекітілген қайыс бауды айтады. Бауды иленген қайыстан екі немесе үш елі етіп тіліп жасайды. Жайшылықта үзенгі бау бір қабат болса, жаугершілік кезінде сарбаздар үзеңгі бауды бірнеше қабаттай­тын болған. Ат үстінде тұрып садақ тарту немесе найзаласу кезінде негізгі күш үзең­гі бауға түседі. Сондықтан да, үзеңгі бау немесе таралғының сайыс кезінде ма­ңызы өте зор болған. Қазақтың ауыз­екі сөзіндегі «үзеңгі бауы сегіз қабат, ат үстінде шіреніп...» деген тіркесі тегін айтылмаса керек.

1

Үзеңгі – атқа мінуге, сол сияқты ердің үстінде екі аяқты тіреп, нық отыруға, тебінуге мүмкіндік беретін құрал. Үзеңгі негізінен темірден жасалады, әрі оның түрі көп. Қыздар мен әйелдің үзеңгісі жеңіл әрі оюлы әшекейімен көз тартса, ер адамдар үзеңгісі берік қалың темірден жасалады.

Жүген – аттың басына кигізілетін, міндеті – атты иесі ырқына бағындыруға көмектесетін әбзел. Жүгеннің құрылымы: желкелік, милық, кеңсірік, қасқалық, сағалдырық, сулық, ауыздық және тізгін-шылбырдан тұрады. Жүгеннің түрі көп. Атап айтқанда: күміс (кү­міс­телген) жү­ген, өрім жүген, шашақты жүген, қас­қа жүген, үкілі жүген, түй­мелі жүген т.б. Жүген аттың басына ауыр­лық кел­ті­­ретіндей болмауы керек. Сондай-ақ ертеде бәйбішелер міне­тін жуас жыл­қыларға жібек жүген қол­да­натын болған.

Құйысқан – аттың үстіндегі ертоқы­мы қия жерде мойнына қарай сырғып кет­пес үшін, аттың түп құйрығынан өт­­кі­зіп, ердің артқы қанжығалығына бе­­­кі­­­тетін қайыстан жасалатын құрал. Құ­­йыс­­қанның екі жақтауы және жаң­быр­­­лық-салпыншақ атты жылқының са­уы­­рын жапқан үзбелері болады. Құ­йыс­қан аттың тезек тастайтын тышпасына көлденең тұрғандықтан, кейбір кездерде жылқының тезегі құйысқанға қыстырылып қалып, аттың еркін қимы­лына кедергі келтіреді. Мұндайды біз­дің қазақ жақтырмай «құйысқанға қыс­тырылған боқ сияқты» деп айтады.

Өмілдірік – ер артқа қарай сырғып кет­пеу үшін, аттың омырауын орай тар­тылған құрал. Өмілдірік – төсбау және айылбас салпыншақтардан тұрады. Төс­баудың міндеті – омыраудағы өміл­дірік аттың бауыздауына қарай сырғып кетпеу үшін, бір ұшы төс айылға байланады. Өмілдірікті жұмсақ қайыстан сәндеп жасайды. Жасалу үлгісі мен пошымына қарай – өрмелі, шытыралы, түймелі, үзбелі, күмістелген т.б. түрлері бар.

Айыл – ат үстіндегі ер-тұрманды нық ұстап тұратын, жалпақтығы екі елі қайыс құрал. Айыл ердің қамшылар жағына бекітіліп, аттың бауырынан өткізіліп, жырымға қосылады. Айылды міндетіне қарай – төс айыл және шап айыл деп бөледі. Кейде алдыңғы айыл немесе арт­қы айыл деп те атай береді. Шап айыл төс айылға қарағанда ұзын болады. Әдетте төс айылды қатты тартып, шап айылды аттың қарнын қиып кетпеу үшін босаң тартады. Халық аузындағы, «Төс айылдың батқанын иесі білмес ат білер, Ағайынның қадірін жақыны білмес жат білер» деген мәтелдің болмысы біздің сөзімізді толықтырып тұрғандай. Айылдың жалпақ таспалы және өрмелі түрлері бар. Өрімшілердің шеберлігіне байланысты өрім түрі – астылы, үстілі, тесік, ойық, қырлы, жалды, өзекті, сайлы т.б. болып бөлінеді. Өрім 4 таспадан 12 таспаға дейін өріледі. Өру барысында, айылға шашақ, шоқ, көз, тіл салып әсемдейтін де кездері бар.

* * *

Сөзімізді түйіндер болсақ, қазақ хал­қы ат әбзелдерін – тұрмыстық, сәндік, жауынгерлік мақсатқа орай әртүрлі пай­даланған. Тұрмыстық мақсатқа: күн­делікті шаруаға қажет ат әбзелдері жатады. Оны сәндемейді және ұсақ түлік тай-тайыншаның терісін пайдаланады. Сәндік мақсат үшін жасалған әбзелдер қатарына – ұзатылған қыздың ат әбзелі, ас-тойға немесе салтанатты жиынға баратын ел ағаларының ат әбзелдері және әулеттік-отбасылық мұра үшін арнайы сәндеп жасатқан құралдар жатады. Ал жауынгерлік әбзелдің ерекшелігі – өте берік болады, нағыз атан өгіздің тері­сінен жасалады. Оны сәндеп жатпайды, бірақ көшпенділер шайқас кезінде ат әбзелдеріне ритуалдық таңбаларын шаптайтын дәстүр болған.