Саясат • 29 Қараша, 2013

Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің негізін салушы

531 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақтың арғы-бергі тарихын қарап отырсақ, ел бастаған ханы мен оны қостаған халқының сан тарау жолдарды басынан өткергендігі жөнінде мол мағлұматтар ала аламыз. Осы жолда ұлттық құн­ды­лық­тарымызды ұлықтап, жеке шаңырақ көтеріп, қазақ деген ха­лықты сақтап қалу тек сырттан төніп келген жауға найзаның ұшымен, білектің күшімен ойсырата соққы берген білімі мен білігі, жауына бас имес қайтпас қайсар қасиеті, саясаткерлігі өте жоғары болған, дана басшылардың ғана қолынан келгені сөзсіз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін сол ауыр жүк Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының иығына түсті. Президентіміз Қарулы Күш­тердің мемлекет өміріндегі рөлі мен маңы­зын терең түсініп, тәуел­сіз ел­дің қорғаныс саласының қа­лып­­тасуы мен дамуына күнбе-күн көңіл бөліп, тікелей басшылық жасап келеді.

Елбасымыз «Ғасырлар тоғы­сын­да» атты кітабында: «Менің әске­ри мәселелерге тоқталуым те­гін емес. Бәрінен бұрын осы әс­ке­ри-техникалық және әскери-стратегиялық салада қоғамның, мемлекеттің, экономиканың, тіпті, тұтас қоғамдық-саяси жүйелердің шын қауқары анық көрінеді», деп жазған болатын.

 

Қазақтың арғы-бергі тарихын қарап отырсақ, ел бастаған ханы мен оны қостаған халқының сан тарау жолдарды басынан өткергендігі жөнінде мол мағлұматтар ала аламыз. Осы жолда ұлттық құн­ды­лық­тарымызды ұлықтап, жеке шаңырақ көтеріп, қазақ деген ха­лықты сақтап қалу тек сырттан төніп келген жауға найзаның ұшымен, білектің күшімен ойсырата соққы берген білімі мен білігі, жауына бас имес қайтпас қайсар қасиеті, саясаткерлігі өте жоғары болған, дана басшылардың ғана қолынан келгені сөзсіз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін сол ауыр жүк Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының иығына түсті. Президентіміз Қарулы Күш­тердің мемлекет өміріндегі рөлі мен маңы­зын терең түсініп, тәуел­сіз ел­дің қорғаныс саласының қа­лып­­тасуы мен дамуына күнбе-күн көңіл бөліп, тікелей басшылық жасап келеді.

Елбасымыз «Ғасырлар тоғы­сын­да» атты кітабында: «Менің әске­ри мәселелерге тоқталуым те­гін емес. Бәрінен бұрын осы әс­ке­ри-техникалық және әскери-стратегиялық салада қоғамның, мемлекеттің, экономиканың, тіпті, тұтас қоғамдық-саяси жүйелердің шын қауқары анық көрінеді», деп жазған болатын.

Иә, жас мемлекеттің Қарулы Күштерінің қалыптасуы барша­мыз­дың көз алдымызда өтіп жатыр. Мәселен, 1991 жылғы 10 жел­тоқсанда Қазақ Кеңестік Социа­листік Республикасын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы Заңға қол қойылса, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін барша әлемге жария етті. Міне, сол күндерден бастап Тұңғыш Президентіміз елдің Қарулы Күштерінің қалыптасуына белсене араласып, оны замана талаптарына сай жоғары сапада жетілдіру мәселесін қолға алды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан Қарулы Күштерінің жағдайы тым төмендеп кеткен еді. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген елдің өзінің егемендігі мен аумақ­тық тұтастығын қорғайтын қуат­ты қорғаны – Қарулы Күштері болуы өмірлік маңызды міндет еді. Жаңа үлгідегі армия құ­ру үшін ең алдымен әскери құры­лыс­тың заңнамалық негізін, тұжы­рым­дамасы мен тетігін жасау қажет болды. 1991 жылғы 25 қазан­да Қа­зақ­стан Президенті осы игі мақ­сат жолындағы ең алғаш­қы қада­мын жасады, сөйтіп, бұл күні Мем­лекеттік қорғаныс коми­те­тін құру туралы Жарлыққа қол қой­ды. Қа­зақ КСР Мемлекеттік қор­ға­ныс комитетінің төрағасы болып тәуел­сіз Қазақстан Қарулы Күш­тері­нің құрылуы мен дамуында ерек­ше орын алатын тұлғалардың бірі, менің ұстазым таяу­да ға­на ара­мыз­дан кеткен Сағадат Нұрма­ғам­бетов тағайындалды. Аз уақыт ішінде комитеттің негізгі лауазымдары тәжірибелі офицерлерден жа­сақ­талып, жұмыс қызу жүріп жатты.

Бұл кезде ел аумағындағы әс­кери құрылымдардың көпшілігі Ор­талыққа бағынатын Түркістан әскери округіне қарайтын. Сон­дық­тан олардың басшылығымен тиісті байланыс орнату да Мемлекеттік қорғаныс комитетіне оңайға түскен жоқ.

1992 жылғы 7 мамырда Пре­зи­дентіміз тәуелсіз елдің әскери қауіпсіздік жүйесін құрудағы келесі шешуші құқықтық акт – «Қазақстан Республикасының Қа­ру­лы Күш­терін құру туралы» Жар­лыққа қол қойды. Осы маңызды құ­жат Қазақстан аумағында орна­лас­қан Қарулы Күштер мен оның бүкіл мүлкі республиканың құзы­ретіне көшетінін анықтап берді. Осы күні Мемлекет басшысы жас мемлекеттің қорғаныс саласындағы тағдыры үшін өте маңызды «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қор­ғаныс комитетін Қазақстан Рес­публикасы Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Тәуелсіз елдің алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Қ.Нұр­мағамбетов тағайындалды.

Осы кезең туралы Халық Қаһар­маны С.Нұрмағамбетов кезінде былай деп жазған еді: «Елбасының Қа­рулы Күштерді құру туралы Жарлығы шыққаннан кейін ұйым­дасып, қажырлы еңбектену қажет болды. Біз әскерлер арасында үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл жұмысты Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың өзі басқарды. Ол уақытының аздығына қарамастан барлық үлкен гарнизондарда болып, әскери бөлімдер басшыларымен, жеке құраммен және олардың отбасыларымен кездесті, сондай-ақ, олардың оқу-жаттығуларына да қатысты. Мемлекет басшысы жас мемлекеттің қорғаныс саласының тағдырына қатысты: «Ешкім сендерге тимейді. Сендер басқарып отырған орындарыңда боласыңдар. Қаржыландыруды біз қамтамасыз етеміз. Ескертемін, бірақ бірде-бір «ине» жоғалмайтын болсын», – деді. Еліміздің Қарулы Күштерін құра отырып, біз әскерді одан әрі қарай дамытуды да ойладық».

Президент Жарлықтары мен Өкімдері негізінде Қорғаныс ми­нистрлігінің басқарушы құрамы жасақталды. Министрдің бірінші орынбасары болып Сейілбек Ал­тын­беков тағайындалды, кейіннен, оның Республикалық ұланға қол­бас­шылыққа ауыстырылуына бай­ланысты бұл лауазым Әлібек Қасы­мовқа жүктелді. Әр жылдары Анатолий Рябцев, Тоқтар Әубә­кіров те бұл жоғары лауазымды ат­қарды. Министрдің орынбасары болған әрі Қарулы Күштер түрлерін басқарған Мұхтар Алтынбаев (Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің қолбасшысы), Алий Волков (Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы), министрліктің бас­ты бағыттардағы жұмысын бас­қарған Айтқали Исенғұлов, Сабыр Темірбеков, Валерий Сапсай секілді офицерлер де жүктелген міндет­терді абыроймен атқарып, тәуелсіз мемлекеттің қорғаныс ісінің қалып­тасып, аяғынан тік тұ­рып кетуіне үлесін қосты.

Әрине, Қазақстанның кең-бай­тақ жерінде көптеген әскери бөлімдер, базалар, ғарышты зерттеу және әуе шабуылына қарсы қорғаныспен де айналысатын түрлі әскери-зерттеу нысандары мен полигондары орналасқан болатын. Кеңес Одағының Қазақстанда қал­ған әскери «мұрасында» мем­ле­кеттік тәуелсіздік пен аумақтық тұтас­тық­ты қамтамасыз етуші әс­кери құ­ры­лысты қалыптастыру мен жан-жақ­ты дамыту үшін не қа­жеттің бәрі бар еді.

Алдымен Қазақстан армиясы Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-теңіз күштері секілді дәстүрлі төрт түрінен тұрды.

Елбасы өз еңбектерінде Қа­зақ­стан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде еліміз бастан кешкен қиындықтарды еске алып отырады. Әрине, жас мемлекеттің ал­ғаш­қы қалыптасу жылдарында түр­лі қиындықтар болмай қал­ған жоқ. Сондайда кейбір сарапшылар буыны әлі қатаймаған елде күрделі әлеуметтік-саяси, ұлт­ара­лық кикілжіңдер болуы мүм­кін деген қауіптің де шетін шыға­рып жүрді. Расында да, бұл кездері бұрынғы Кеңес Одағының көптеген аймақтарында ұлтаралық қақтығыстар бой көрсете бастаған еді. Осындай күрделі жағдайларда қазақстандықтар өздері рия­сыз сенген көшбасшысымен бір­ге еліміздегі тұрақтылық пен ұлт­ара­лық бейбітшілікті сақтап қа­ла алды. Оған қоса 1993 жылы 11 ақпанда Президентіміз бекіт­кен алғашқы Әскери доктрина Қазақстанның соғыс пен бейбіт­­шілік мәселелеріне, басқа мемле­кет­тердің мүдделері мен қауіп­сіздігін ескере отырып, өзінің әске­ри қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген жаңа көзқарастарын, бағыт-бағдарын анықтап берді. Алғашқы Доктринада: «Президент Жоғарғы Бас қолбасшы болып табылады, ол елдің қорғанысы мен Қарулы Күштеріне жалпы басшылық жасайды», – деп атап көрсетілді.

Әскери доктринаны жүзеге асыру үшін бірқатар әскери заңдар қабылдау қажет болды. Соған байланысты қысқа мерзімде әскери мәселеге қатысты бірнеше заң қабылданды. 1993 жылғы 9 сәуірде Президент мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, басқа да көптеген құжаттарды әзірлеуге негіз болған «Қазақстан Рес­публикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңға қол қойды. Қарулы Күштердің құрамы: Әскери басқару органдарынан, Құрлық әскерлерінен, Әскери-әуе күштерінен, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінен, Әскери-теңіз күштерінен, Тылдан тұратын болып бекітілді. Ал соғыс болған жағдайда Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­тетінің Шекара әскерлері, Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскер­лері, Республикалық ұлан және Азаматтық қорғаныс басқармасы мен бөлімдері де Қарулы Күштер қатарына кіретіні айқындалды.

Қарулы Күштер құрылған күннен бастап Елбасы қорғаныс жүйесі басшылығындағы лауазым иелеріне тәуелсіздігімізді қырағы қорғау қажет екенін үнемі еске салып келеді. 1992 жылы 8 желтоқсандағы Қарулы Күштер басшылық құрамының командирлік жиынына қатысушылар алдында алғаш рет Қазақстан Рес­пуб­ликасының Жоғарғы Бас Қол­басшысы ретінде сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Ішкі және сыртқы саясаттың құрылымындағы негізгі іргетас – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан бізге ел егемендігін қорғау мүддесі үшін кез келген қатерге төтеп беретін, саны аз болғанмен, сапасы биік заманауи әскер қажет», – деді. Міне, сол кезден бастап күні бүгінге дейін Мемлекет басшысы Қарулы Күш­тер, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардың қалыптасу үде­рі­сіне белсене қатысып, әскері­міздің даму бағыттарын айқын­дайды, ұлттық қауіпсіздіктің жаңа тетіктерін белгілейді, жас мем­лекеттің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған істердің сапасын ұдайы арттыруды ведомство басшыларынан талап етіп, осы мақсатта олардың алдына нақты міндеттер қойып келеді.

Үнемі уақыт талабына сай оң­тай­лы шешім қабылдайтын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1997 жылғы 17 қарашада Қарулы Күштер құрылымына елеулі өз­ге­рістер енгізген Жарлыққа қол қойды. Әуе­лі Қорғаныс минис­тр­лігі мен Бас штабтың қыз­мет ау­қымы ажыратылды. Қорға­ныс министрлігіне әскери-саяси бас­шы­лық жасау, елдегі қорғаныс құ­ры­лысын ұйымдастыру және Қа­рулы Күштердің түрлерін бас­қару жүктелді. Бас штабқа Қа­ру­лы Күштерді шұғыл-стра­тегия­лық қолданушы орган қызметі тап­­сырылды. Сондай-ақ, Қарулы Күш­тер үш түрлі құрамнан: Жалпы мақ­саттағы күштер, Әуе қорғанысы күштері, Мемлекеттік шекараны қорғау күштерінен тұратын болып бекітілді.

Осы өзгерістердің барлығы: «Басқа мемлекеттер сияқты Қазақ­стан да өзінің қорғанысқа қабілет­тілігін нығайтуды бүкілхалықтық іс және мемлекеттің ең басты мұрат­тарының бірі деп санайды. Біз­дің басты мақсатымыз – Қазақ­станның егемендігі мен аумақ­тық тұтастығын қорғау», – деген Пре­зидентіміз Н.Ә.Назар­баевтың жіті қадағалауында болды.

Мемлекет басшысы елдің әс­кери қауіпсіздігінің сыртқы және ішкі қатерлерін ескеретін жаңа Әскери доктринаның қажеттігін терең сезінді. Өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдарының соңында қабылданған бірінші әскери док­­три­наның көптеген бағыт-бағ­дары Қазақстанның геосаяси жағ­дайында болып жатқан өзге­ріс­терге, оның эко­номикалық мүм­кін­діктері мен елі­міздің ұлт­тық қауіпсіздігіне төн­ген жаңа қатерлерге сай болмай қалды.

Әскери саланың басты құжатына сәйкес Қазақстан әскерінің құры­лы­мында күрделі өзгерістер жүзе­ге асты. Президентіміздің 2000 жыл­ғы 6 шілдедегі Жарлығы негі­зінде Қа­зақстан Қарулы Күштері екі түр­лі құрылымға оралды (Жал­пы мақ­сат­тағы күштер және Әуе қор­ғаны­сы күштері). Жал­пы мақсат­та­ғы күштер құрамы Зымы­ран­дық әс­кер­лер мен артилле­рия және Әуе шабуылына қар­сы қорғаныс әскер­лері болып ажы­ра­тылды. Қару­лы Күштер әскерле­рі­нің дербес Аэро­ұтқыр әскерлері құрылды. Жаңа әс­ке­ри-аумақтық құры­лымға өту іске асырылды, әске­ри округтер құ­ры­лып, әскерлердің құрамы бекітілді.

2000-2002 жылдар аралығында Оңтүстік, Шығыс, Батыс, Орталық әскери округтері құрылды. 2001 жылғы 7 мамырда Оңтүстік, Шы­ғыс, Батыс округтерінің қолбас­шы­лары және Астанада жаңа­дан құрылған Ұтқыр күштер өкі­лі салтанатты жағдайда өз әскер­лері­нің Жауынгерлік туларын Пре­зиденттің қолынан қабылдап алды.

Қазақстан халқына Жол­дау­ында да Президентіміз жаңа мың­жыл­дықта тәуелсіз Қазақстан армия­сының қандай болатынына тоқ­талып, жеке құрамның даярлы­ғына қойылатын талаптарын жет­кізді. Онда Қазақстанның ХХI ға­сырдағы жауынгерінің Отанына адал, жан-жақты білімді, денсаулығы мықты, келбеті келіскен бейнесін сомдауды бүгіннен бастауы­мыз қажет екендігін айтты. Соған сай Елбасы Қазақстан тәуелсіздігін алған күннен бастап бүгінге дейін Қарулы Күштердің, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардың замана талабына сай екпінді дамуына, әлемнің озық елдері деңгейіне жете алуына қолдау көрсетіп, жан-жақты жағдай жасауда.

Бұл орайда, Елбасымыз мемлекет өмірінің басқа салалары секілді қорғаныс саласындағы сұрақтар мен мәсе­лелерге де терең бойлап, жан-жақ­ты сарапқа салуымен ерек­шеленеді. Ол егемен Қазақстан армия­сының даму үдерісінен үнемі хабар­дар және елдің әскери күш-қуаты­ның арту барысының басты куәгері.

Мемлекет басшысы әс­кер түр­­лерінің дамуына асқан іскер­­­лік­­­пен мән береді, олар­дың жеке құ­ра­мымен жиі-жиі кез­десіп, маңыз­ды әскери жатты­ғу­ларға қатысады. Ел Пре­зи­ден­ті­нің әртүрлі деңгейдегі әске­ри жаттығуларға қатысуы, бөлім­ше­лер­дің жауынгерлік даяр­лық деңгейін бағалауы жауын­гер­лерді жаңа жетістіктерге жетелейді, олар­дың санасында патриотизм, Отан алдындағы борыш сезім­дерін бекітіп, Қазақстан мемле­кеті мен оның әскерінің жарқын болашағына деген сенімін нығай­тады. Мәселен, Мемлекет басшы­сы – Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.На­зар­баевтың өзі 2013 жылғы 9 ма­мырдағы әскери шеруге қаты­сып, Жамбыл облысындағы Гвар­дейский кентінде болуы, әске­ри саладағы соңғы техникалар ашық алаңқайда сыналған кезде, оған жақсы баға беруі еліміздің қорғаныс саласына деген шынайы қамқорлығының көрінісі.

Президент жаңа қатерлер мен сынаққа толы, мына аумалы-төк­пелі замана ағымына сай әскери­лердің жедел әрекет ете алуына мән беру қажеттігін баса айтты. Өйт­кені, бүгінгі күні жаһандағы және ай­ма­қ­тағы ахуал тұрақты емес, сон­дықтан дер кезінде қамданып, тиісті шара қолданудың, тосын жай­ларға әркез дайын болудың маңызы зор.

Егемен Қазақстанның Қарулы Күш­тері кез келген жағдайда Жо­­ғар­ғы Бас қолбасшы қойған міндет­­терді мүлтіксіз орындауға қабі­­летті. Бүгінгі әскеріміз мемле­кет­өтің әскери қауіпсіздігіне сенімді кепіл бола алады. Шетелдік сарап­шы­лардың бағалауынша, Қазақ­стан­ның Қарулы Күштері кеңестен кейін­гі кеңістіктегі озық үштіктің қата­рында, ал Орталық Азия айма­ғында біздің армия ең үздік деп танылды.

Тәуелсіздігіміздің арқасында Алтай мен Атырау арасын, кең байтақ Сарыарқаны мекен еткен Қазақстан – бүгінде Еуразияның жүрегінде орналасқан, тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемле­кетке айналды. Татулық пен бір­лікті ту еткен Елбасымыз ұлы көш­ті сенімді бастап келеді.

Мен Елбасы Нұр­сұлтан Назар­баев­тың Қазақстан Қарулы Күш­терінің қалыптасуы мен еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтудағы рөлі туралы баяндайтын «Жоғарғы Бас қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі» деп аталатын еңбегімді жастарға пат­риоттық тәрбие беру мақсатында жазып ұсындым. Аз да болса осы еңбегім арқылы өс­ке­лең жас ұрпақ Қазақстан Қару­лы Күштерінің бір күнде құрыл­ма­ғанын, оның өзіндік тарихы бар екенін біле жүрсін деген ниеттен туындаған еді.

Абай ТАСБОЛАТОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің

депутаты, Халықаралық істер қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

Соңғы жаңалықтар