Саясат • 24 Қараша, 2020

Ашықтық жемқорлықтың жолын кеседі

183 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жетілдіріле түсіп, қоғам дамуын кері тартатын құбылыспен күрестің жаңа кезеңі басталды. Бұл бағытта Қызылорда облысында да жүйелі жұмыс бар. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Antikor Live» жобасы аясында «Әкімдіктердің ашықтығы, есептілігі және қолжетімділігі» тақырыбында тікелей эфирде сұхбат беріп, жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан шаралар туралы айтып өтті.

Ашықтық жемқорлықтың жолын кеседі

 

Тікелей эфирге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша депар­таментінің басшысы Ардақ Ер­сейітов пен сала қызметкерлері қа­тысты. Өңір басшысына облыс тұрғындарының әлеуметтік желіде жинақталған сауалдары қойыл­ды.

– Құқықтық-статистикалық мәліметтерге жүгінсек, биылғы 10 айда сыбайлас жемқорлық сипа­тында 81 қылмыс тірке­ліп, былтырғы жылдың осы ке­зе­ңімен салыстырғанда 26,4% төмендегені байқалады. Респуб­ликадағы 17 өңірдің арасында тергеу өндірісінде болған сыбай­лас жемқорлық сипатындағы қыл­мыстық істер бойынша біз­дің облыс 16-шы позицияға ор­наласқан. Осы көрсеткіштің өзі бұл саладағы жұмыстардың оң нәтижесі деп білемін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс әкімі азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін қам­­тамасыз ету мақсатында мем­лекеттік органдар тарапынан қа­был­данып жатқан іс-шараларға тоқ­талып, ашықтық принципі жем­қорлықты болдырмайтын бір­ден-бір жол екендігін атап өтті.

Қазір облыстық әкімдіктің рес­ми интернет-ресурсы арқылы кез келген азамат мемлекеттік ор­гандар жұмыстары туралы ақ­паратты еш кедергісіз ала алады. Салалық басқармалардың жұ­­мысы туралы мәлімет, кон­курс­тық хабарландырулар, нор­ма­тивтік-құқықтық актілер, өңір жаңалықтары күн сайын жаңар­тылып тұрады.

Ашықтық принципі қаржы саласына да аса қажет. Осыған байланысты әкімдіктердің ашық бюджеттеріне арналған интерак­тивті карта әзірленді. Онда бар­лық салалардың шығысы туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік бар.

«Электронды үкімет», «Ашық диалог» egov.kz порталында об­лыс әкімінің қатысуымен тұрақ­ты түрде онлайн режімде түрлі та­қырыптарда интернет-конференциялар өткізіліп тұрады. Биыл 12 интернет-конференция жос­парланып, соның сегізі өтті. Түс­кен сұрақтардың барлығына онлайн режімде жауап берілді.

Сонымен қатар арнайы сайтта мем­лекет тапсырысы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандары туралы толық ақпарат орналастырып, халыққа қолжетімді ету мақсатында құрылыс саласында «Халық мониторинг» электронды жүйесі іске қосылған.

Тікелей эфирде облыс әкімі кәсіп­керлік субъектілердің заң­ды мүдделерінің қорғалуын қам­та­масыз ету бойынша да сауал­дарға жауап берді.

– Өңірде бизнес алдындағы әкім­шілік кедергілерді және сыбайлас жемқорлық көріністерін жойып, кәсіпкердің заңды құқы­ғы аяққа тапталмауы үшін «Биз­несті және инвесторларды қор­ғау» жобасы іске асыры­луда. Оның аясында жыл басынан бе­рі облыстағы инвесторлар мен кәсіпкерлерді демеу үшін 6 шетелдік және 15 отандық жобамен келісімшарт жасалды. Одан бөлек пандемия кезінде 51 мыңнан астам кәсіпкерге са­лықтық жеңілдіктер беріліп, 4 мың­­нан астам бизнесмен міндетті әлеу­меттік-медициналық сақ­тандыру төлемінен босатылды, – деді өңір басшысы.

Облыста пандемия кезінде 9 мың сауда алаңы жалпы сомасы шамамен 700 млн теңгеге жуық жалдық төлемді өтеуден босатылған. Елдегі бизнес өкіл­деріне тиімділігі ескеріліп, ауыл кәсіпкерлерін жеңілдікпен не­сие­лендіруге бағытталған «Қызыл­орда» өңірлік инвестициялық орталығының қызметі 2025 жыл­ға дейін ұзартылып отыр.

Цифрлы технология дамыған сайын жемқорлықтың да қа­дамы қысқара беретіні даусыз. Құ­жатыңды қолтықтап, оны тіркету үшін біреудің алдына барып жағдай айтуды қойған сәтте жең ұшынан жалғасудың да «дәурені» бітеді. Өңірде осы жылы цифр­лы технологияға байланысты 7 бағыт бойынша 13 жоба іске асу­да. Оның ішінде білім беру сала­сында «Қауіпсіз мектеп» пен денсаулық сақтау бағытындағы «DICOM бейнелерін жіберу және мұрағаттау үшін PACS жүйесін енгізу» және «Медициналық куәландырудың электронды жүйесі» жобалары бар.

Тікелей эфирде аймақ басшысы мемлекеттік қызмет көр­сету, эпидемиялық ахуалға бай­ланысты бөлінген бюджет қара­жатының мақсатқа сай игері­луін бақылау бағытындағы жұ­мыстарға да тоқталып өтті.

 

ҚЫЗЫЛОРДА