Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде Ақтау қаласы бойынша барлығы 7 емхана бар, оның ішінде екеуі мемлекеттік болса, қалғаны – жекеменшік. Бұрын тұрғындар қаланың шет жағындағы облыстық стоматологиялық орталыққа тіс дәрігеріне баратын болса, енді тіс дәрігерінің қызметі №2 емханада да қолжетімді болмақ.
Емхананың екінші қабатында орналасқан стоматологиялық кабинет кресломен жабдықталған және арнайы стоматологиялық қондырғысы бар. Науқастарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында, яғни екі пакет негізінде сапалы көмек алуына болады. Науқастарды тіс дәрігері және медбике қабылдайды, олар кез келген жедел көмек көрсете алады. Аталған емханада стоматолог кабинетінің ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да пациенттер санының артуы байқалады.
Кабинетке тіс дәрігері ретінде жұмысқа жоғары санатты дәрігер Шәміл Надир шақырылды. Ол алдымен 2002 жылы Ақтау «Мейірбике» медициналық колледжін «Тіс технигі» мамандығы бойынша бітіріп, 2007 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде жоғары білім алған. Еңбек жолын Қарақия аудандық емханасында тіс дәрігері ретінде бастаған Шәміл 12 жылдан бері тісі ауырғандардың жанынан табылып келеді. Емделушілердің ықылас-сенімі де төмен емес, тісі ауырғанда алдына қиналып келгендер, көп ұзамай алғысын айтып күліп кетіп жатады.
– Біз ғана емес, науқастар да сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін Ақтау қалалық №2 емханасының базасында стоматологиялық кабинеттің өз жұмысын бастағанына қуанып жатқанын айтады. Біз өз алдымызға ең алдымен сапалы қызмет көрсетуді міндет етіп қойдық. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қолдау бар, жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған, – дейді Ш.Надир.
Күніне 30-ға жуық адам тіс дәрігеріне келіп, сапалы қызмет алуына болады. Науқастарға тіс ауруының диагнозы қойылып, біреулер тісін жұлдырса, енді біреулер медициналық тексеруден өтіп жатады. Кабинетте тегін стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгілерге, жүкті әйелдерге және халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетіледі. Емханада мамандар әрбір адам тіс және пародонт ауруларының алдын алу үшін жылына 2 рет тіс дәрігерінің қарауынан өтуі тиіс екенін айтады. Сондай-ақ шұғыл стоматологиялық көмек мемлекет есебінен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетіледі. Екінші дүнижүзілік соғыс қатысушылары, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» медалімен марапатталған көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастарға тегін көмек алуына кедергі жоқ.
Өздеріне жүктелген заңды талаптар мен міндеттерді басшылыққа алған кабинет тісі ауырғандардың тікелей келіп, мазалаған тісті «тәртіпке салатын» орнына айналуда.
Маңғыстау облысы