Аймақтар • 24 Қараша, 2020

Мақтааралда әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Су басқан Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының тұрғындары қоныстанған Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданда әлеуметтік нысандардың құрылысы қысқы ауа-райына қарамастан қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мақтааралда әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде

Атап айтқанда, заман талабына сай мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория және полиция пунктінің құрылыс жұмыстарына жүздеген жұмысшы тартылған.

1200 орындық білім беру нысанын тұрғызу үшін 1,8 миллиард теңге және  280 орындық балабақшаның құрылысын жүргізу үшін 692,1 миллион теңге қаржы қаралған. Қос нысанның құрылысы 2021 жылы аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда екеуінде де қыш қалау жұмыстары жүргізілуде.

1 ауысымда 25 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның сметалық құны 229,5 миллион теңге. Ал полициялық пунктің сметалық құны 30,3 миллион теңге. Нысандарды ағымдағы жылдың желтоқсан айында тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңда екі нысанда да ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Айта кетейік, мамыр айында апат орын алған Өргебас және Фердауси ауылдарында да әлеуметтік нысандар бой көтеруде.