Жиында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті тұрғындармен бірге өзекті мәселелерді және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын талқылады.
– Биыл көптеген әлеуметтік мәселелер шешілді. Ауылдар газбен, сумен, интернетпен қамтамасыз етілуде. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынуда. Бейбітшілік пен келісім болмаса, мұның бәріне қол жеткізу мүмкін еместігін тұрғындар жақсы түсінеді. Аға буын өз тарапынан ұлтаралық келісім мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп, жастарды халықтық дәстүрлер мен сыйластық негізінде тәрбиелеудеміз, – деді Қордай аудандық «Қоғамдық келісім» қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов.
– Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде тұратын көптеген этностар арасындағы бейбіт және үйлесімді қарым-қатынасты нығайтуға көмектесті. Осы бірегей модельсіз елдің тұрақты дамуы мүмкін емес еді. Өскелең ұрпаққа осы құндылықтарды сақтау және жеткізу – әрбір адамның міндеті. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қордай ауданын дамытуға биыл 35 млрд теңге бөлінді. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін, өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыру мақсатында жасалуда. Біздің арман-тілегіміз ортақ, бәріміз бейбітшілікте өмір сүруді қалаймыз, –деді Е.Тоғжанов.
Сортөбе ауылындағы кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауданда жүзеге асырылған «Бейбітшілік пен келісім» жобасының нәтижелері сараланды. Бейбітшілік пен келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған жоба аясында қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізіліп, жергілікті тұрғындарды мазалайтын мәселелер анықталып, шешімін тапқан. Жұмыс топтары мыңнан астам кездесу өткізіп, онда 30 мыңға жуық тұрғын қамтылған. Өңірге сапары барысында Ералы Тоғжанов Масанчи ауылындағы ағымдағы жылдың ақпан айында орын алған тәртіпсіздіктерден кейін қайта қалпына келтірілген бірқатар коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлерді аралады. Ауыл тұрғындары көрсеткен қолдауы үшін Мемлекет басшысына алғыстарын жеткізді.
Делегация Қордай ауданының Гвардейский ауылындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының жанындағы отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылысын барып көрді. Аталған зауыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес салынуда. Вице-премьерге зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстарының биыл аяқталатындығы, қазір барлық инженерлік коммуникациялар жүргізілгені баяндалды. Зауыт өз жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бастайды деп жоспарлануда. Мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирус инфекциясына, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығарылатын болады. Жыл сайын биопрепараттардың 30-60 миллион дозасын өндіру жоспарланған. Үкімет басшысының орынбасары институт қызметкерлерімен кездесіп, олармен әңгімелесті.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аталған ірі зауыттың салынуы аймақ экономикасының дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті. Бұдан соң Е.Тоғжанов институт қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлік үйдің құрылыс барысымен танысты. Нысан келесі жылдың басында пайдалануға беріледі. Тағы екі тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда. Институт жұмысымен танысқан соң делегация Қордай ауданының дамуы, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институтының өзекті мәселелерін шешу жөнінде кеңес өткізді.
Сонымен қатар, Е.Тоғжанов облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Венера Балқыбековаға жедел жәрдем көліктерінің кілтін табыс етті.
– Жамбыл облысына жұмыс сапарымды Қордай ауданынан бастадым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бейбітшілік және келісім жобасы аясындағы күн тәртібінде тұрған мәселелер онда жүз пайыз орындалғанын көрдім. Жергілікті халықпен, әрбір этнос өкілдерімен кездесіп, пікірлестім. Коронавирустың әсерінен медицина саласында көптеген қиындықтар туындағанын білесіздер. Ол кезеңді бірліктің арқасында бүкіл ел болып бірге еңсердік. Ондай қиындық енді болмасын деп тілейік. Міне, бүгін өңірдің денсаулық саласын ілгерілететіндей материалдық-техникалық базасы жарақтандырылып отыр. Әлемді жайлаған осы індеттің алдын алу шараларына байланысты нақты тапсырмалар да берілді. Соның біразы жүзеге асырылған. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры толықтай қамтамасыз етілген. Сонымен қатар әрбір облыста арнайы тұрақтылық қорлары құрылған болатын. Жамбыл облысы да бұл істі стандартқа сай орындап отыр, – деді вице-премьер.
Үкіметтік делегация аймақтың коронавирус індетіне ықтимал жаңа толқынына дайындығын тексеріп, Тараз қалалық 200 төсектік көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөлігіне барды. Бұл ретте Е.Тоғжанов медицина қызметкерлеріне науқасқа өкпені жасанды желдету қажет болатын асқынулардың алдын алу және болдырмау қажеттігін тапсырды.
Өңірге сапары барысында Е.Тоғжанов Жамбыл ауданына да барды.Ол өндіріс желісін, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қоймасын аралап, серіктестіктің жұмысын жоғары бағалады. Сонымен қатар дәрігерлерге ерен еңбегі үшін алғыс айтып, Мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы іс-қимыл бойынша Үкімет пен дәрігерлердің алдына нақты міндеттер қойғанын атап өтті.
– Біздің міндетіміз – осы тапсырмалардың барлығын орындау. Бұл үшін дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры қалыптасты, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Жамбыл облысының шалғай елді мекендерін сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін сегіз мобильді кешен алынды. Жедел жәрдем стансасының автопаркі жаңартылуда. Мұның бәрі көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді, – вице-премьер. Бұдан кейін облыстық әкімдікте бейне-байланыс арқылы үкіметтік делегацияның өңірге жұмыс сапарының қорытындысы сараланды.
Жамбыл облысы