Аймақтар • 24 Қараша, 2020

Карантинге қарамастан көкпар ұйымдастырғандар жауапқа тартылды

205 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының полицейлері карантинге қарамастан “көкпар” өткізген тұрғынды жауапқа тартты, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Карантинге қарамастан көкпар ұйымдастырғандар жауапқа тартылды

Түркістан облысында карантин талаптарының сақталуы тиісті органдардың қатаң бақылауында. Оның ішінде Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері арнайы құрылған мобильдік топтармен жүйелі түрде жұмыстар жүргізуде. Мәселен, Отырар ауданының полицейлері карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзып, көкпар ұйымдастырған тұрғынды анықтады.

Нақтырақ айтсақ, Қарғалы ауылдық округіне қарасты Қанттоғай аумағында жергілікті тұрғын “Бата көкпар” жасаған. Мобильдік топ бірден шоғырланған адамдар тобын тарқатты. Тәртіп сақшылары іс-шараға қатысушыларға карантин талаптарына жол бермеу туралы түсіндіру әңгімелерін өткізді.

Сондай-ақ шектеу шараларын бұза отырып, 60-тан астам адамды жинаған “көкпар” ұйымдастырушысын жауапқа тартты. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Жиналған материалдар тиісті заңды шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес Түркістан облысының аумағында халық арасында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алуға және жолын кесуге бағытталған карантиндік режим енгізілген.