Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті республикалық жастар форумын Тұңғыш Президент күніне арнап 2013 жылдан бері өткізіп келеді. Биыл шара сәуір айынан бастау алып әлемдік пандемияға байланысты оның барлық кезеңдері онлайн режімде өтті. Дәстүрлі форумға қатысушылар биыл "Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын" тақырыбында үздік эссе, "Еліміздің инновациялық дамуына қосқан нақты үлесім" атты үздік инновациялық жоба, "Мен жастарға сенемін!" азаматтық-патриоттық бағыттағы поэзиялық шығарма және "Мәңгілік ел мұратым!" авторлық патриоттық әндер, "Sanaly urpaq" парасаттылық принциптерін насихаттайтын үздік жоба аталымдары бойынша бақ сынады.
Ел студенттері асыға күтетін форум номинацияларының тізімі жыл сайын жаңарып келеді. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Еріктілер жылында байқауды «Qaiyrymdy qoǵam» студенттік жобасы толықтыра түсті. Сонымен қатар, форумның мен_jastarga_senemin_kaznu инстаграм-аккаунтының оқырмандары мен көрермендер анықтайтын «Көрермендер көзайымы сыйлығы» номинациясы тағайындалды. Форумға қатысу үшін еліміздің барлық аймақтарынан бес мыңға жуық студент тіркелген. Шығармашылық жобалар мен бейне презентацияларды беделді сарапшылар – қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, мәдениет және өнер қайраткерлері мен ғалымдардан жиналған тәуелсіз қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде 300 үздік жоба соңғы турдың финалына өтті. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов форумның финалистерін құттықтап, жас зияткерлер тәуелсіз Қазақстанның болашағы екенін атап өтті.
– Нақ осы жас ұрпақтың алдында жасампаз істер эстафетасын жалғастыру және елдің өркендеуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Мұндай миссияны тек патриотты, дені сау және адамгершілік тұрғыда бәсекеге қабілетті және әлеуметтік жауапты жастар ғана жүзеге асыра алады. Сондықтан әрбіріңіз ең алдымен, өз отбасыңыздың және ең бастысы, өз Отаныңыздың алдындағы үлкен жауапкершілікті дұрыс ұғынып, түсініп, сезінулеріңіз керек! Форум сіздер үшін жаңа жетістіктерге бастау болады деп үміттенемін, – деді академик Ғ.Мұтанов.
Байқауда дара шыққан дарынды шәкірттер бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ жүзден жүйрік деп танылған жеңімпаздар ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантына ие болды. Үздік студенттік инновациялық жоба байқауында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден келген Павел Ивачев жеңіске жетті. Қазылар алқасы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінен келіп бақ сынаған Қуандық Серіковтың жұмысын үздік эссе деп таныды, ал поэтикалық шығармалар бойынша Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Нұржол Жақсылықтың туындысы суырылып алға шықты. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің өкілі Николай Ярошенко авторлық патриоттық ән байқауында көш бастаса, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Дидар Жарқын «Sanaly urpaq» парасаттылық қағидаттарын ілгерілету жобасымен үздік деп танылды. «Qaiyrymdy qoǵam» студенттік қайырымдылық жобалар байқауында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Диляра Надырханова жеңіске жетті. Талантты жас композитор Рахат-Би Әбдісағин ұлы ойшыл әл-Фарабидің мерейтойына арнап фортепиано мен симфониялық оркестрге жазған «Qubylys» атты симфониялық поэмасы үшін форумның арнайы дипломымен марапатталды.
Республикалық форумды ұйымдастырушы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ номинация лауреаттары мен байқаулардың алғашқы үш орын иегерлеріне келесі жылы университетте өтетін жазғы көшбасшылық мектебіне қатысуға мүмкіндік берді. «Мен жастарға сенемін!» VIII республикалық жастар форумының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімінің трансляциясын AlFarabiTV YouTube арнасынан көруге болады.