29 Қараша, 2013

Әуе компаниясының жұмысы сараланды

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше елордада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры Нұржан Байдәулетов «Эйр Астана» АҚ қызметіне қатысты брифинг өткізді. Аталған басқосуда әуе компаниясының қызметі мен оның алдағы жылдағы жоспарлары жайы сөз болды.

Кеше елордада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры Нұржан Байдәулетов «Эйр Астана» АҚ қызметіне қатысты брифинг өткізді. Аталған басқосуда әуе компаниясының қызметі мен оның алдағы жылдағы жоспарлары жайы сөз болды.

«Эйр Астана» АҚ-тың биылғы жылғы кірісі 143,8 млрд. теңге болып, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда он пайызға өсті», деді Н.Байдәулетов. Сондай-ақ, ол компанияның әуе кемелер пар­кі ұлғайғанын да назардан тыс қал­дыр­мады. 2002 жылы үш ұшақ бол­са, 2013 жылы мұның саны жиыр­ма тоғызға жеткенін және 2020 жылы бұл көрсеткіш қы­рыққа дейін жетіп, оның жар­тысы компания меншігінде бола­тындығын айтты.

Брифинг барысында Н.Бай­дәулетов «Эйр Астана» АҚ қыз­мет са­пасын, оның ішінде рейстердің кешігуі туралы жолаушы­ларды уақытында хабардар ету жүйесін жақсарту мәселелеріне де тоқ­тал­ды. «Әлемдік деңгейдегі авиа­ция­лардың өзінде кешігу болып тұрады. Бұл жағдай көбінесе халық­аралық талаптарға сай, жолау­шылар қауіпсіздігін қамта­масыз етуге байланысты туындайды. Қауіпсіздік мәселесі «Эйр Астана» үшін де өте маңызды. Сонымен қатар, ауа райы жағдайын, ұшуға дайындық кезінде кейбір жолаушылардың тәртіпсіздігін, жердегі инфрақұрылымдардың күрделі жұмысын да есепке алу керек. Осы жайттарға қарамастан, «Эйр Астана» көрсеткіштері әлемдік деңгейге жақын тұр», деген ол әуе компаниясы жұмысына әсер ететін барлық факторларға түсіністікпен қарай отырып, «Самұрық-Қазына» қоры осы мәселеде «Эйр Астана» компания­сынан үлкен жауапкершілікті талап ететінін, себебі, көп жағдайда ұшақтарды сағаттап күту жо­лаушылардың наразылығын тудырып жататындығын да тілге тиек етті. Сонымен бірге, ол елімізде «Эйр Астанаға» білікті кадрлар дайындау мәселесі төңірегінде жасалып жатқан жұмыстар жайынан да хабар берді.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар