Елбасы • 26 Қараша, 2020

Дәуірден озған дара тұлға

674 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Уақыт өткен сайын дәуірден озатын дара тұлғалар, заман жаңарған сайын жаңғыра түсетін жасампаз істер болады. Көреген көшбасшы, саңлақ саясаткер, білікті реформатор, тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы айтқанда осындай ой санаңа еріксіз оралады.

Қазақстан өзінің тұтас бір жаңа дәуірін Елбасы есімімен байланыстырды. Бұл ретте заман иығына артқан тарихи миссияны Тұңғыш Президенттің зор мәртебе, үлкен абыроймен атқарғанын бүгінгі күннің өзі-ақ айқындап отыр. «Жолды іздемеу керек, жолды салу керек» деген тәмсіл расында Елбасыдай қай­сар қайраткерге, жігерлі жолбас­шыға қарата айтылса керек. Ғасыр тоғысар тұста экономи­ка тұралап, халық тарығып, тоқы­рау дендеген сын сағатта көре­ген көшбасшы елдің етек-же­ңін жинап, еңсесін тіктеп, ірге­сін бекітіп, мемлекеттілікті қалып­тастыруды жедел қолға алды.

Ол кезде мен Алматыдағы бұрынғы Ленин, кейінгі Жетісу ауданын басқардым. Елге жал­ақы мен зейнетақының өзін уа­­қы­тында төлеу мұң бол­ған шақ еді. Сол кездерде Елбасы күн-түн демей келелі кеңес­тер өткізіп, тығырықтан шығу­дың, тұрмыс қажытқан халық­тың жағдайын түзеудің жолдарын іздеп, реформаларға батыл кірісті. Халықпен арнайы жүзбе-жүз кездесіп, қиын­дық­тардың уақытша екеніне, сәл шыдамдылық танытсақ бақуат­ты күндерге де жететінімізге сендіріп, басалқы айтып, көптің көңіліне үміт ұялатқаны күні бүгінгідей есімде. Сол уәде ақи­қатқа айналды және ол ақиқатқа бір-ақ күнде айнала қалған жоқ, төгілген маңдай термен, өл­шеусіз еңбекпен келді. Сол жыл­дарда Нұрсұлтан Әбішұлы Алматы қаласы аудандарының әкімдерін жұмыс кабинетінде қабылдап, халықтың жағдайын, кәсіп­орындардың аяқ алысын сұрап білетін. 8 мың жұмыс­шысы бар Киров зауыты мен бас­шылық еткен Ленин ауданын­да орналасқан. Президент сол кәсіп­орынның хал-ахуалын ерек­ше назарға алып, барынша қолдау көрсетті. Сол шақта мен қатарлас біраз әріптестерім аудан басшылығында істеді. Елбасы бізді жас деп қорашсынбай, ой-пікірімізді сұрап, келелі мәселе­лерді бірге талқылап, бізге үл­кен жауапкершілік жүктеді. Тап­сырманы тыңғылықты орындаған әкімдердің ісін кейінгі бір жиындарда тілге тиек етіп, алғыс айтатын. Біз Мемлекет басшысы үшін істің ұсақ-түйегі болмайтынын, берілген әр тапсырманың үнемі назарда екенін сәт сайын ұғынатынбыз.

Елбасы Қазақстанның ұзақ мерзімдік даму жоспарын асқан дәл­дікпен айқындап, елдің бар­лық әлеуетін стратегиялық мақ­сат­тарға жұмылдырды. Нұр­сұл­тан Әбішұлының жаңа­шыл ойы, батыл бастамалары, жа­сам­­паз ісі жас тәуелсіз мем­ле­кет­тің әлеуметтік-эконо­микалық ірге­тасын нығайтуға, елдегі демо­кратиялық үдеріс­тер­ді дамы­туға, халықтың тұр­мыс жағ­да­йын жақсартуға бағыт­талды. Эко­но­микалық, сая­си, әкім­ші­лік ре­фор­малар қар­қынды және тиім­ді жүргізіліп, қоғам­ның жа­­ңа сатыға аяқ басуына үлкен не­гіз болды. Қазақстан сырт­қы сая­сатта жан-жағымен жарас­ты­ғын, ішкі мәселелерде бірлік­тің бе­кем­дігін танытты. Со­ның нә­ти­же­сін­де жас мемлекет өзге ел­дер сана­сатын, әлемдік қауым­дас­тықта өз орны бар көшелі елге айналды.

Ежелгі дәуір философы Демокрит «Мемлекет басқару – өнер атаулының төресі» десе, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз қоғамның ізгі, мемлекеттің ба­қытты болуының басты кілті бірінші басшының қолында деген екен. Ғасырға татитын отыз жылдық межеде Елбасы өзі­нің ел мүддесі жолындағы арма­ны асыл, мақсаты заңғар, бас­та­малары баянды екенін көр­сетті. Ер халқына арқа сүйе­ді. Халық та Еріне сенді. Сол сенім көптің мерейін асырып, ерлікке, еңбекке бастады, елдікке жеткізді. Қазақстанның қуатты болуы үшін өңірлердің әлеуетті болуы керектігін көреген көш­бас­шы үнемі назарда ұстады. Ай­мақ­тарға тапсырма беріп қана қоймай, оның орындалуына жан-жақты көмек көрсетіп, қолдап отырды.

Алматы облысы – Елбасының туған жері, кіші Отаны. Бұл – облысты басқарып отырған мен үшін, біріншіден, зор мақ­таныш болса, екіншіден, үлкен жауапкершілік.

Елдің бүтіндігі, халықтың тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен мақсаткер тұлға кездес­кен сайын үнемі сөзін ауылдағы жұрттың жағдайын, шаруаның жайын білуден бастайды. 2014 жылы Алматы облысына келген сапарында «Амандық, бұл облыс­та халықтың басым бөлігі ауылда тұрады, өзі үлкен өңір, аграрлы аймақ. Сен құрылысшысың. Ауыл шаруашылығына көп көңіл бөл», – деді. Облыстың жан-жақты дамуына, әсіресе аймақтың төл дақылына айналған қант қызылшасын өсіру мен кешегі Головацкийлер даңқын асырған жүгеріні жайқалту керектігіне ерекше екпін түсірді. Кеңестік кезеңде жүгері өсіру жағынан сол кездегі Югославия көш бас­тап тұратын. Елбасы бізге қажет болса барып, сол елдің жүгері өсірудегі озық тәжірибесін зерттеп қайтуға да болатынын айтты. «Үлкен-үлкен зауыттар салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды назарыңнан шығарма», – дегені де есімде.

Алғашында осы ауқымды жұмыстың бәрін орындай аламын ба деген бойымда қорқыныш болғаны рас. Бірақ «Көз қорқақ, қол батыр» демей ме. Елбасының берген барлық тапсырмаларын негізге ала отырып, өзіме 16 позициядан тұратын бағдарлама-жоспар жасадым, сол бойынша жұмыс істей бастадық. Ауыл шаруашылығын атакәсібі санайтын аймақта Елбасының берген бағыт-бағдары мен қолдауының арқасында аграрлық саланың тасы өрге домалады. Тұралап қалған зауыттардың тамырына қан жүгіріп, шаруалар қол үзіп қалған кәсіптеріне қайта кірісті. Шағын және орта кәсіпкерлік өріс алып, инвестиция тартылып, кәсіпорындар қатары артты.

Талдықорғанның облыс ор­­та­лығы ретінде өсіп-өр­­кен­деуіне, ондағы құры­лыс­­тың қарқынды жүруіне де Тұңғыш Президентіміздің зор қолдауының арқасында қол жеткіздік. Елбасы ел астанасын Арқаға көшіріп, Қазақстанның жаңа елордасының бас сәулет­шісі атанса, 2001 жылы Алма­ты облысының орталығын Талды­қорғанға ауыстырғаны да ерекше тарихи шешімдерінің бірі болды. Сол игі бастаманың арқа­сында бүгінде Алматы облысы Талдықорғанды тірек етіп, гүлденіп дамып келеді.

Өз басым Елбасының үш ерек қасиетіне тәнті болдым. Бірін­шісі, ол кез келген мәселеге кең ауқым­да, кеңістік көкжиегінен қарай алады. Екіншісі, кез келген тақырыптың тереңіне бойлап, мәселені жан-жақты зерттеп барып, шешім қабылдайтыны. Ал үшіншісі, алысты көре алатын, келешекті болжай білетін көре­гендік қасиеті. Мұндай ай­рықша қабілеттердің бір адам­ның бойында тоғысуы өте сирек құбылыс, ол тек феномен тұл­ғаларға ғана тән деп ойлаймын. Елбасының осы асыл қа­сиет­терін жастарға үнемі айтып, үлгі етіп отырамын.

Тарихтың таңдауы түскен, халықтың қалауы болған ерен ер Нұрсұлтан Әбішұлымен бір дәуірде өмір сүріп, Елбасының бағыттауымен елге қызмет ете алғанымды бақыт деп санаймын. Жолыққан бір сәтте: «Елдің батасына ие болып жатырсың. Осы қалпыңнан тайма» деген еді. Алматы облысының барлық жетістіктері мен жеңістері, дамуы мен өркендеуі ең алдымен Елбасының тікелей қолдауының арқасында және соны сезінген көп­тің берекелі еңбегімен кел­ге­нін мен үнемі естен шығар­маймын.

Тұңғыш Президент мемле­кет­ті басқару міндетін тапсыр­ғанымен, ел мүддесі жолындағы жауапкершілік жүгін әлі де қайыспай көтеріп келеді. Кемең­гер тұлғаның салған сара жолын, дара даңғылын жалғас­ты­ру, са­ли­қалы саясатын ер­теңі­мізге бағ­дар ету бізді жарқын бола­шаққа бастайтын шамшырақ іспетті.

Күллі қазақ даласы сияқты айбынды азаматын талбесік болып тербеткен Жетісу өлкесі де өз ұлына анасындай тілектес, ата­сындай батагөй, пейілі ерек, ықы­ласы бөлек. Біздің де тілегіміз ел тілегі­мен бір! Абыз адам, Аңыз адам ел бағы үшін аман болсын. Тәуелсіз елдің ырысы мен ынтымағы арта берсін!

 

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі