
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ жерін мекендеген өзге ұлт өкілдерінің бірқатар бөлігі өздерінің тарихи отандары Ресей мен Украинаға және Германияға қоныс аударды. Сонымен бірге, өтпелі кезең деп аталған алмағайып шақта жабайы урбанизация үдерісінің де белең алғаны жасырын емес. Осындай ағыммен елдің шалғай аудандарындағы тұрғындар облыс орталықтары мен өндірістік қалаларға қарай бет бұрды. Бір кезде орын алған мұндай көріністі Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс жақ бетінде орналасқан Шыңғырлау ауданына қатысты айтуға да әбден болады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ жерін мекендеген өзге ұлт өкілдерінің бірқатар бөлігі өздерінің тарихи отандары Ресей мен Украинаға және Германияға қоныс аударды. Сонымен бірге, өтпелі кезең деп аталған алмағайып шақта жабайы урбанизация үдерісінің де белең алғаны жасырын емес. Осындай ағыммен елдің шалғай аудандарындағы тұрғындар облыс орталықтары мен өндірістік қалаларға қарай бет бұрды. Бір кезде орын алған мұндай көріністі Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс жақ бетінде орналасқан Шыңғырлау ауданына қатысты айтуға да әбден болады.

Тіпті, дәл осы өңірдей өтпелі шақта өз тұрғындарының тең жартысына жуығын жоғалтып алған ауданды Орал өңірін айтпағанда, тұтастай республика ішінен табу қиынға соғады. Амал қанша, мәселенің мәнісі, оның шындығы мен ақиқаты осындай. Нақтырақ айтқанда, тоқсаныншы жылдарға дейін Шыңғырлауды мекендеген отыз мыңға тарта тұрғынның тең жартысы өзге жаққа көшіп кеткен. Журналистік іссапар барысында осы үрдістің күрт тоқтағанына тек екі жыл ғана болғанын білдік.
«Арқада жыл жақсы болса, арқар ауып несі бар» дегендей мұндай қуанта қоймайтын құбылыс пен ішкі көші-қонның өзіндік себептері бар екенін де анықтадық. Соның ең бастысы мұндағы тұрғындардың ойдағыдай өмір сүріп, тұрмыс кешулеріне қажетті – жол, ауызсу, көгілдір отын проблемаларының ұзақ уақытқа дейін түбегейлі шешілмей келгені деуге болады. Оның үстіне осы аралықта мұнда аудан басшылары жиі ауысып отырған. Олардың аймақтағы қызмет жасау мерзімі екі-үш жылдан аса бермейді. Сөйтіп, Шыңғырлау жеріне келген басшылар өздерін бейнебір уақытша адам ретінде сезінген сыңайлы.
Жергілікті атқарушы орган қызметінде орнықтылық пен сабақтастық, байыптылық пен тұрақтылық, іскерлік ахуал жетіспеген жағдайда кезегін күтіп тұрған істер де шешімін таба алмайтыны табиғи жайт. Тіпті, мұндай көрініс тұрғындардың әкімдік басқару институты өкілдеріне деген сенімдеріне селкеу түсіруі де әбден мүмкін. Қалай дегенде де, Шыңғырлау өңірінде тәуелсіздік жылдары осыған ұқсас жағдайлар кездескені жасырын емес.
Әйтсе де, соңғы екі жылда мұнда өрелі өзгерістер жасалғаны үлкен қанағат сезімін туғызады. Атап айтқанда, Ресеймен шекаралас ауданда ұзақ жылдарға созылып келген ауызсу проблемасы шешімін тауыпты. Бұған қоса әр үйдің ауласына техникалық су құбыры да тұмсығын тіреп тұр. Оны тұрғындар бау-бақша өсіруге, тұрмысқа қажетті басқа да сұраныстарын өтеуге пайдаланады екен. Сондай-ақ, мұнда асфальт зауыты салынып, аудан орталығындағы көшелерге қара жабынды жол төселіпті. Бұл іс қараша айының ортасына дейін түнгі уақытта да екінші ауысымда жүріп жатқанына куә болдық. Көшелерге асфальт төсеу алдағы жылы одан әрі жалғасады екен. Сондай-ақ, өңірде ауылдық аумақтарды газдандыруды толық аяқтау жұмыстары алдағы 2015 жылға белгіленген.
Шыңғырлауда соңғы екі жылда өз шешімін тапқан шырайлы істер оған барып танысқан кез келген жанды селқос қалдыра алмайды. Мәреге жеткен жобалар бірінен-бірі әсем. Мұның сыры неде? Журналистік іссапар кезінде бұл сауалдың да төркіні белгілі болды. Мәселенің мәнісі мұнда елге қажетті әлеуметтік мән мен маңызы терең жобалардың уақытынан бұрын алдын ала ойластырылып, тап-тұйнақтай жасалып қойылғанында болып шықты. Осындай ретпен тағы да 21 жоба әзірленген. Бұлар алдағы үш жылда жүзеге аспақ.
Қалай дегенде де, алдымен сапалы жоба болмаса сәулетті құрылыс та, алыстан көз тартатын әлеуметтік-тұрмыстық нысандар да болмақ емес. Мұндағы қазіргі атқарушы орган басшылары осы мәселеге баса көңіл бөлулері арқылы, қазақшалап айтқанда, екі жеп биге шығып отыр деуге де болады. Әдетте, жобалау-сметалық құжаттарды жасау үшін ырғалып-жырғалып, уақытын босқа кетіріп алатындар аз емес. Ал әзір жобаны сол сәтте қаржыландыру да қиын шаруа қатарына кірмейді. Осындай ілкімді де үздіксіз істің нәтижесінде Шыңғырлау ауданына республикалық транштың бірінші кезеңінде Батыс Қазақстан облысына бөлінген барлық қаражаттың табаны күректей жиырма бес пайызы тиіпті. Оның көлемі 385 миллион теңге. Ал осы транштың екінші кезеңінде Шыңғырлаудың үлесіне тиген Орал өңіріне бөлінген қаражаттың 33,5 пайызын құрайды.
Ауданда жоғары оқу орындарын аяқтаған жас мамандарды тұрақтандыруға жан-жақты жағдайлар туғызылған. Оларға соңғы екі жылдың ішінде отыз сегіз үй салынып берілген. Сондай-ақ, аудан әкімдігі елді мекендерде асар әдісімен үйлер тұрғызылуына бастамашы болып келеді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының ауқымы бойынша шыңғырлаулықтар Орал және Ақсай қалаларынан кейінгі орынды иеленген болса, мұндай табыстардың арғы астарында іске жаңаша көзқарас тұрғысынан қарай білу, кәсіби машық пен дағдылар шоғырының үйлесімі және бастаған істі аяғына дейін жеткізу үрдісі бар деп білеміз.
Жоғарыда айтылғандай, жобалардың ерте жасақталуы аудан орталығындағы қос қабатты үйлердің қысқа уақыт аралығында күрделі жөндеуден өтуіне септігін тигізген. Бұған республикалық бюджеттен 108 миллион теңге қаражат бөлінген. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жүйесіндегі нысандарды жаңғырту – Елбасы назарында тұрған өзекті мәселелердің бірі. Шыңғырлау өңірінде оның ойдағыдай жүзеге асқаны – үлкен мерей. Жергілікті билік өкілдері бізге әңгімелеп бергендей мұнда алғашқы әзірде тұрғындар тарапынан кейбір түсініспеушіліктер де кездесіпті. Алайда, олар бүгінгі күні бұл істің нәтижелі, мәнді де сәнді түрде аяқталғанына дән риза екеніне де көз жеткізіп оралдық. Расында да, қайтадан жаңғырған отызға тарта қос қабатты үйлер аудан орталығының ажарын аша түскені қандай жақсы. Ең бастысы, тындырылған істің сапасы мен тиімділігіне ешкім өкпе айта алмайды.
Сондай-ақ, бұл тамаша көрініс тек облыс орталығы мен өзге республика қалаларын ғана емес, сонымен бірге, ауылдық жерде де тұрғын-үй коммуналдық жүйесіндегі жаңғырту жұмыстарын табысты жүргізуге болатынын айқын көрсетеді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев шыңғырлаулықтардың дәл осы мемлекеттік бағдарламаға орай тындырған бастамаларын өзге өңірлерге үлгі-өнеге етіп ұсынды.
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әртүрлі деңгейдегі әкімдерге бүгінгі күнге қойып отырған басты талаптарының бірі кәсіпкерлік пен шағын және орташа бизнесті дамытуға ықпал жасауы болып отыр. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы да дәл осы мақсатты көздейді. Іссапар барысында Шыңғырлауда аталған жайтқа орай Елбасы тапсырмалары ойдағыдай орындалып, келе жатқанын көрдік. Ішкі инвестициялық қаражаттар көлемі мұнда соңғы екі жылда он алты есе ұлғайыпты. Бұл арада ішкі инвестиция ұғымы – ауыл тұрғындары екінші деңгейдегі банктер арқылы алған несиелік қаражаттар ұғымын беретінін айта кеткен жөн.
Соның нәтижесінде аудан экономикасын әртараптандыру жөнінде лайықты қадамдар жасалып, ауыл кәсіпкерлері мал мен егін шаруашылығына қоса құс өсіруге, соның ішінде бөдене өсіруді кәсіптік негізге қоюға, шағын ағаш өңдеу және сүт өнімдерін өңдеу цехтарын ашуға, наубайхана, жылыжай, монша нысандарын тұрғызуға, жол жанындағы сервиске, құрама жем шығаруға, тамшылатып суару арқылы бау-бақша егуге, тұрғындарға көлік қатынас қызметтерін көрсетуге және қыз жиһазын жасауға бір кісідей жұмылып жүр екен. Олардың қатарында өзіміз кездесіп ой-пікір алмасқан Гүлжаз Махметова, Айжан Айсиева, Әсел Сұлтанғалиева, Юрий Әбубәкіров, Александр Рудь және Мадияр Байжанов секілді ерен еңбектерімен көзге түсіп жүрген шағын және орташа бизнес иелерін ілтипатпен атай аламыз.
Аудандағы ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері де Шыңғырлау ауданының әкімі Алдияр Халеловтің ұдайы назарында жүргені сүйсіндіреді. Әрине, оның бәрін бір мезгілде қамтып, бір уақытта қаржыландыру еш мүмкін емес. Сондықтан да бұл мәселеге біртіндеп, кезекпен, сатылап келу тәсілі таңдалған. Соған сәйкес биылғы жыл Шыңғырлау ауданында Белагор ауылы жылы деп белгіленіпті. Осы тәртіппен мұндағы Мәдениет үйі мен балабақшаға күрделі жөндеулер жүргізілген. Әрі ауылдағы өзге де түйткілді мәселелерді шешу жолдары қарастырылған. Ауданның құрметті азаматы атағы да осы ауылдағы абзал жан Клим Бексейітовке берілген. Осындай ретпен алдағы жылдары аудандағы өзге ауылдар да қамқорлыққа алынбақ.
Міне, еліміздегі шалғай аудандардың бірі Шыңғырлауда соңғы екі жылда шешімін тапқан істердің бір шоғыры осындай.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Шыңғырлау ауданы.