Экономика • 27 Қараша, 2020

Машина жасау – индустриялық қуаттың негізі

601 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әуелден машина жасау саласы индустрияландырудың негізі болып саналады. Себебі бұл салада ашылған бір жұмыс орны өңдеуші сала, жеңіл өнеркәсіп, мұнай-химиясы сынды басқа салаларда 100 жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді. Аталған саланың дамуы немесе тұралауы басқа салаларға да бірден әсер ететіні соған байланысты. Олай болса, биыл қаһарына мінген пандемия машина жасау саласына қалай әсер етті?

Машина жасау – индустриялық қуаттың негізі

 

Жеңіл көлік алдыңғы қатарда

Қазақстан Автобизнес қауымдастығынан алынған деректерге сүйенсек, қаңтар-қыркүйек аралығында елімізде шығарылған барлық көлік түрлерінің жалпы саны 49 мыңнан асады. Яғни былтырғы 33 524 деген меже 47 пайыз­ға асыра орындалды деген сөз.

Шығарылған көлік түрлерінің басым бөлігі жеңіл автомобильдер – 42 498 автокөлік. Бұдан бөлек 5 273 жүк көлігі мен 1 401 автобус шығарылды. 1 272 тіркеме мен жартылай тіркеме, 2 12 арнайы техника ауылшаруашылық саласы мен өнеркәсіп саласына берілді.

Автокөлік өндірісінде республика бойынша «СарыарқаАвтоПром» көш бастап тұр, елімізде шығарылатын автокөліктердің жартысына жуығы осы зауыттың өнімі. Қостанайдағы кәсіпорын биыл бас-аяғы 26 мың бірлік жеңіл, жүк автомобильдері мен автобустарға дейін арттырды.

Өскемендегі «Азия Авто» тоғыз айда 18 996 автокөлік өндіріп, екінші орынға жайғасты. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытының ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ, соған қарамастан нарыққа 3 мыңнан астам көлік шығарды. СемАЗ жүк көлігі, өнеркәсіпке керек ауыр машина сынды барлығы 2 мыңға тарта коммерциялық техника өндіріпті. Көкшетаудағы «КАМАЗ Инжиниринг» 779 жүк көлігін, Daewoo Bus Kazakhstan 343 автобус құрастырды.

Отандық автоөндіріске инвестиция салуға құлшыныс білдіріп отырғандардың қатары аз емес. Биылғы наурызда Қостанайда Chevrolet автомобильдері құрастырыла бастаған болатын, арада бірнеше ай өтпей жатып аталған бренд ел нарығындағы ең көп сатылған үш марканың санатына қосылды. Chevrolet көліктері Ресейге де экспортталады екен.

Машина жасаушылар одағының хабарлауынша, жыл соңына дейін Қарағанды облысындағы Саран қаласында Youtong автобустарын құрастыратын зауыт ашылуға тиіс. Жылына 1 200 автобус шығаратын зауытқа 16 млрд теңгеден астам инвестиция салынғанын айта кету керек. Алматыдағы Hyundai зауытына да 28 млрд теңге инвестиция тартылды.

 

Аграрлық сектордың тірегі

Ел экономикасының драйверіне айналуға тиіс делінген аграрлық сектор­дың да алға басуы ауылшаруашылық машиналарының дамуымен тікелей байланысты. Ауылшаруашылық машиналарын жасау комбайн, трактор, тіркеме тағы басқаларын шығарумен шектелмейді. Ауыл шаруашылығындағы өңдеуші техникалардың барлығы қамтылуға тиіс.

 Заман талабына сай мал шаруашылығы түгелдей автоматтандыруға көшіруді талап етеді. Яғни бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті міндеттердің маңызды бір бөлігі машина жасау саласымен тікелей байланысты деуге болады.

Биыл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ауылшаруашылық техникаларын шығарумен айналысатын германиялық CLAAS компаниясының арасында өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасалды. CLAAS ауыл­шаруашылық техникаларын шығару бойынша әлемдегі ең ірі компаниялардың бірегейі саналады. Мұндай компанияның Қазақстан нарығына енгені отандық аграршылар үшін үлкен жаңалық деуге әбден болады. Енді екіжақты келісім аясында Солтүстік Қазақстан облысында TUCANO комбайнын құрастыру жолға қойылуға тиіс. Техникалық персонал да жергілікті жұмысшылар арасынан іріктеліп, арнайы дайындалмақ.

Бұл жоба CLAAS-тың Қазақстан­дағы ресми өкілі «Ст-Агро» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Экономикаға салынған инвестиция көлемі 3,4 млрд теңгеден асады, қаржыландыру германиялық компанияның есебінен. Жобаның алғашқы кезеңінде 200 жаңа жұмыс орны ашылып, кейін бұл көрсеткіш ұлғая түседі деп жоспарланған.

Кәсіпорын жыл сайын комбайн, трактор, тұқым себу кешендері сынды 200 бірлік техника шығаратын болады. Бұл еліміздің машина-трактор паркін жаңартуға да септігін тигізуге тиіс.

 

Мұнай-газ машиналарын жасау

Былтыр сәуір айында мұнай-газ машиналарын жасауды дамыту жөніндегі арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Энергетика министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және «PSA» ЖШС-нің, Машина жасаушылар одағының ірі операторлары енген болатын. Жұмыс тобы отандық кәсіп­орындарға қажет тауарларды анықтау мақсатында арнайы сараптама жүргізді. Соның нәтижесінде Қазақстан «Петролеум Оперейтинг» 2020-2021 жылдары 13 түрлі тауарды шығару өндірісін шығаратын отандық компаниялармен 5 келісімшарт жасасатын болды. 9 зауыт «Теңізшевройл» компаниясына тауар жеткізіп, түрлі қызмет түрлерін ұсынуды қолға алды. Сонымен қатар 2019-2025 жылдары мұнай-газ машина жасау секторын дамыту жөніндегі шаралардың жоспары жасалды.

Жалпы, аталған секторға қажетті тауарлар негізінен Өскемен арматура зауыты, Карлскрона, Бемер Арматура, Петропавл ауыр машина жасау зауыты, Мұнаймаш, Белкамит, Атыраунефтемаш сынды зауыттарда шығарылады.

Машина жасаушылар одағының хабарлауынша, жыл басынан бергі 9 айда саладағы өсім 17 пайызды құрады. Атап айтқанда, автомобиль, тіркеме және жартылай тіркеме өндіру, электр құрылғыларын өндіру, басқа да көлік құралдарын шығару сынды сала секторларының бәрінде жоғары өсім бар. Коронавирус инфекциясының таралуы тек машиналар мен құрылғыларды жөндеу және орнатуда,  сондай-ақ компьютер мен оптикалық өнім шығару секторында ғана өсімнің төмендеуіне әсер етті.

Соңғы жаңалықтар