Қоғам • 27 Қараша, 2020

"Жедел жәрдем" базасындағы байланыс орталығы 7 мыңға жуық елордалықтарға кеңес берді

101 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халыққа COVID-19 туралы ақпарат тарату мақсатында маусым айында қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының базасында байланыс орталығы ұйымдастырылды. Маусым айынан бастап, қазіргі уақытқа дейін байланыс орталығының мамандары 6 981 адамға консультативті кеңес берген, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Жедел жәрдем" базасындағы байланыс орталығы 7 мыңға жуық елордалықтарға кеңес берді

Мұндай көмекті қалалық емханалардың мамандары көрсетті.

"Қоңыраулардың дені ПТР тестінің құны мен тапсыру орны туралы болды. Көбінесе аурудың жеңіл түрімен науқастанған адамдар үйде қалай емделуге болатындығы, қандай дәрумендерді қолдану керек екендігін сұраған. Қаладан шығуға рұқсатты қалай алуға болатындығы да қызықтырды",-дейді Нұр-Сұлтан ҚЖМЖС диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Бота Сәдетхан.

Пандемия кезінде 8-10 маман консультативті көмек көрсетті, қазір 2-3 пост жұмыс істейді. Егер жазда кеңес беру бойынша шақырулар саны 100-150-ге жетсе, қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бұл көрсеткіш күніне 20-30-ға дейін төмендеді.

"Аталған орталықты құру "103" желісін жеңілдетуге, сондай-ақ COVID-19 бойынша қолжетімді ақпарат беруге мүмкіндік жасады. Көптеген азаматтар ауру клиникасы пайда болған кезде қайда бару керектігін білмеді. Байланыс орталығы бұл мәселеде көмекші құралға айналды", - деп атап өтті ҚДСБ басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Сондай-ақ, "103" базасында @ns103 чат-бот арқылы қоңырауларды қабылдау ұйымдастырылған. КВИ жұқтырғандар көбейген кезде барлығы 2 200-ге жуық өтініш қабылданды, орташа есеппен тәулік сайын 90-ға жуық өтініш өңделді.