«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деген екен қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев. Иә, мұғалімге қандай құрмет көрсетсек те лайық. Әрине, ұстаздың да ұстазы бар... Ал қазақтың хан апасы атанған – Қанипа Бітібаеваның қалдырған ізі мәңгілік. Оның есімі сонау Одақ кезінде саусақпен ғана санарлық педагогтардың қатарында тұрды. Әріптестері Алтынсариннің ізбасары деп бағалады. Өйткені, ол әдебиетті оқытудың тың үлгісін қалыптастырып, жаңашылдығымен көзге түскен.
Қазаққа Қанипа Бітібаеваның кім екенін тәппіштеп түсіндіріп жатудың өзі артық шығар. Дейтұрғанмен, кешегі Кеңестер Одағы тұсындағы Қазақстанның тұңғыш әрі соңғы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған ұлағатты ұстазы – Қанипа Бітібаеваны Өскемен қалалық мәслихатында отырған кейбір депутаттар білмейтін көрінеді. Білсе қоғамның ұсынысына құлақ асса керек еді ғой. Сол үшін де сәл шегініс жасап, ұстаздың өмір жолына қысқаша ғана шолу жасап өтейік.
Қанипа Омарғалиқызы 1945 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Комсомол ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. 1963 жылы, сол кездегі аудан орталығы Ақжар ауылында Абай атындағы орта мектепті тәмамдаған. Мектепті бітіре сала, оқуға баруға ақша жинау үшін бір жылдай механизатор болып жұмыс та істеген екен. Содан кейін барып, Семейдегі педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түскен. Оны үздік дипломмен бітіріп, 1968 жылы туған ауылына мұғалім болып барады. Ол мектепте мұғалім, директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
1976 жылы облыстық директорлар семинарында атақты ұстаз Құмаш Нұрғалиев жас мұғалімнің сабағына қатысып, еңбегіне жоғары баға беріпті. Баға бергенде де сөз жүзінде емес, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» атағына ұсынған. 1977 жылдардан бастап, мектеп ұжымын Мәскеудегі атақты академик Ю.Бабанскийдің «оқу-тәрбие жұмысын оңтайландыру» жүйесімен жұмыс істеуге жұмылдырады. Өзі академикпен кездесіп, хат жазысып, ақыл-кеңесін алып отырған. Сөйтіп табанды еңбек ете жүріп, ауданда тұңғыш рет «әдістемелік кабинет» ашады. Шалғай ауылдағы жас мұғалімнің еңбегі облысқа тарап, республикаға жеткен. 1980 жылы Қанипа Бітібаеваның қабілет-қарымын байқаған басшылар Өскемендегі Жамбыл атындағы білім ордасына жұмысқа шақырған. Мұнда ол өмірінің соңғы күніне дейін қызмет еткен.
Еңбегі еленіп, КСРО оқу ісінің үздігі, Шығыс Қазақстандағы тұңғыш бүкілодақтық Крупская медалінің иегері атанған. 1990 жылы елімізде алғаш болып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреатын алған да осы хан апамыз.
Қанипа Омарғалиқызы шәкірт тәрбиелеп қана қойған жоқ, Республика ұстаздарына дәріс оқыған. Өзінің кәсіби іс-тәжірибесімен шетелдік әріптестерімен де бөліскен. 1991жылы іссапармен Американың Аризона штаты, Тусон қаласында 15 күндей болып қайтқан екен. Сонда кәсіби тәжірибесіне Тусон мұғалімдері қызыға қарап, таспаға түсіріп алыпты. Қ.Бітібаеваның іс-тәжірибесімен Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей қазақтары да таныс.
Көзі тірісінде аты аңызға айналған ұстаз туралы бірнеше кітап жарық көрді. Өзі де көптеген еңбектің авторы. Абайды оқыту туралы үш кітап, Әуезовті оқыту туралы үш кітап жазып, республикада тұңғыш іргелі зерттеулер жасаған.
Қанипа Омарғалиқызы өмірінің соңғы жылдарында жазған «Егіз өрім» атты кітабында 45 жылдық ұстаздық ғұмырын «Таңымды «мектеп» деп атырып, түнімді «мектеп» деп батырып жүргенімде 45 жылдың қалай өткенін білмей де қалдым. 45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешіппін... 45 минут мені дәулет, байлық биігіне көтермесе де, рухани байлық сыйлады, есімімді елге аңыз етіп таратты. Осы 45 жылда мен хал-қымның қазір өмірде жоқ асыл сөз иелерін тірілтуге, тірісін ұлықтауға тер төктім» деп көрсеткен екен. Төккен терін оқушылары ақтап жүр. Жүздеген шәкірт тәрбиеледі?! Олардың қаншамасы ғылым жолына түсті?!
Міне, бұл жазғанымыз ұлағатты ұстаз еңбегінің бір парасы ғана. Ғұмырын білім жолына сарп еткен елге елеулі апасындай мұғалімнің атын өзі тұрған Виноградов немесе Амурский көшесіне бере салса, ешкім қыңқ дей қоймас. Дәл осы Виноградов Өскемен үшін Қанипа Бітібаевадай еңбек сіңіре қойған жоқ. Оның үстіне идеологиялық тұрғыда ескіріп кеткен атау. Ал Амурскийдің біздің жаққа қандай қатысы бары белгісіз. Әйтеуір қаланың сол маңында Амурский, Грузинский, Якутский сынды көшелер көп. Тек Қанипа Бітібаеваның атына бір көшенің бұйырмай тұрғаны.
– Қанекең дүниеден озғалы 6 жылдан асты. Ол кемеңгеріміздің есімін мәңгіліктеу мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовке, қала әкіміне Жазушылар Одағының облыстағы филиалы, «Алтай асу» ҚБ-і, қаладағы зиялылардың, ұсатаздың шәкірттері атынан бірнеше мәрте сұраныс-хаттарын жаздық. Ол талап-тілектердің мазмұны жалқы: Бітібаеваға өзі ғұмыр бойы қызмет еткен Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның атын, өзі тұрған көшенің атауын беру. Жолданған хаттардың кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ, – дейді Жазушылар Одағының Шығыс Қазақстан облысындағы филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев.
Қазақтың осынау қадірлі қызын қалай әспеттесек те артықтық етпейді. Жазушы Әлібек Қаңтарбаевтың айтуынша, Жамбыл Жабаевтың қазаққа, оның үстіне Өскеменнің қазақтарына өкпесі жоқ. Орталық бақ, оның ортасындағы ескерткіш, тағы да көше атауы бар. Ал, Бітібаева кім еді дегендерге: Бітібаева – қазақтың ХХ ғасырдағы Алтынсарині! Әрі қарай бәрі түсінікті шығар.
Ұстаз есімін көше мен өзінің маңдай тері сіңген гимназияға беру жөніндегі ұсынысты бір топ шәкірттері Қанипа Омарғалиқызы өмірден өте сала көтеріп келеді. Заң бойынша адам қайтыс болған соң бес жылсыз аты берілмейтін болғандықтан, төрт жыл өткен соң көше атын сұраған хатты облыстық онамастика бөлімінің алдына тастаған болатын. Бірақ олар кейін мораторий десті. Одан сыныққа сылтау дегендей, қалада карантин, шектеулер басталған.
– Биыл ақпанның басында шәкірттері атынан Қанипа Бітібаеваның есімін Амурский немесе Виоградов көшесіне беру жөнінде қала әкімінің атына хат жолдадық. Жауапта хаттағы ұсыныс Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес қаралатынын жеткізген. Шәкірттері бірлесіп мәселені назарымызда ұстап жүрдік. Жиналыс болса, шақырыңыздар дегенмін. Жуықта қалалық ішкі саясат бөлімінде жиналыс болатынын айтып хабарласты. Қатысамын дедім. Бірақ карантинге байланысты болмайтын болды. Біз ұстазымыздың қоғамда лайықты бағасын алғанын қалаймыз, – дейді шәкірттері атынан филология ғылымдарының докторы, абайтанушы ғалым, профессор Айжан Картаева.
Өзге десе өбек қағып, қоғаммен ақылдасар-ақылдаспастан Қазыбек би даңғылының бойына Пушкинге ескерткіш қоймақ болып жүрген басшылар қазақтың Қанипасындай ұстазды ардақ тұтса ғой, шіркін. Жалпы, есімдері ұлықталмай жүрген тұлғалар аз емес. Өскеменде Шәкәрімнен басқа Алаш қайраткерлерінің атымен аталатын бірде-бір көше таппайсыз. Есесіне, ескірген, тәрбиелік мәні жоқ Карбышев, Добролюбов, Беспалов, Космический, Буров сынды көше көп. Жарайды, бұл өз алдына бөлек тақырып. Бүгінгі сұрағымыз; қашан Қанипа Бітібаеваның атындағы көшемен кетіп бара жатамыз?
Шығыс Қазақстан облысы